Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Жұбанов университетіне келді  

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Жұбанов университетіне келді  

 Бүгін Ақтөбе облысындағы жұмыс сапары барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Жұбанов университетіне келді.

Сонымен қатар, іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов және Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Сания Қалдығұлова қатысты.

Олар жоғары оқу орнындағы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, танысты. Нысандардың алғашқысы – Ситуациялық орталығы, оған 302 бейнекамера қосылып тұр. Бейнекамералардың көмегімен 4 студенттік жатақхана мен білім ордасының оқу ғимараттары және оның аумақтары бақыланады. Орталық университетке қатысты барлық жағдайларды бақылауға және мәліметтерді жинауға мүмкіндік беретін, коммуникациялық және интерактивтік ақпарат ұсына алатын құралдармен қамтылған. Құралдар адамдардың бет-жүзін танып білуге, қараусыз қалдырылған және күдік тудыратын заттарды жедел анықтайтын функцияларға ие.

Сонымен қатар, университетте жақында ашылған Адалдық дүкеніне барды. Ерекше дүкенде сатушы жоқ. Дүкен сөрелеріндегі қалаған затты алып, төлемді кассалық жәшікке салуға болады. Оқу орнында сатушысыз дүкеннің болуы студент жастарды адалдыққа, адамгершілік қасиеттеріне тәрбиелеуде септігі мол.

Қонақтарды қабылдаған тағы бір әлеуметтік жоба — «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы (СҚКО) білім алушыларға, ПО құрамына, қызметкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша әкімшілік, оқу-ағартушылық және кеңес беру қызметтерін көрсетіп келеді.  Ол 2017 жылдың 26 қыркүйегінде ашылып, сол уақыттан бері студенттер және ПО құрамы қажетті құжаттарын бір жерден алу мүмкіндігіне ие болды. Орталық арқылы 17 қызмет түрлерін пайдалануға болады, соның ішіндегі ең сұранысқа ие болғандары: транскрипт және университетте оқитындығы (немесе жұмыс жасайтыны) жөніндегі анықтама. СҚКО-да қабылдау электронды кезек арқылы жүзеге асады. Қызмет көрсету уақытының ең қысқа мерзімі — 5-10 минут.

Қызмет көрсету орталығынан соң қонақтар «Саналы ұрпақ» жобасының кеңсесіне келді. Кеңсе облыс орталығындағы 4 жоғары оқу орны мен 37 колледж студенттерінің басын біріктірген. Мұнда астаналық қонаққа кеңсенің естелік кітабында өз қолтаңбасын қалдыру мүмкіндігі берілді.

«Жемқорлықсыз жол ғана жарқын болашаққа жетелейтін басты жол» қағидасын ұстанған бұл жастар ұйымы осы күзде Жұбанов университеті базасында ашылған-ды. Ақтөбе студенттерінің жемқорлыққа қарсы ортақ кеңсесі таза қоғам идеясын қалыптастыруда жастардың белсенділігін арттыруға ықпал етпек.

Алик Шпекбаев «Мансап» студенттердің мемлекеттік қызмет мектебінің жұмысының барысына да назар аударды. Бұл —  жастарға қолдау көрсетуге бағытталған университеттегі ірі әлеуметтік жобаның бірі. Екі жылға жуық қызмет атқарып келе жатқан «Мансап» мектебінде мемлекеттік қызмет дағдыларына үйретеді. Тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлер сабақ беріп, 3-4 курс студенттерін екі айлық бағдарлама бойынша тегін оқытады. Оқытудың аяғында арнайы сертификаттар беріледі. Екі жыл жұмысының нәтижесінде білім алған 58 студенттің 80% мемлекетік қызметке орналасқан (51).

Сапар барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы университет ұжымының жұмысына табыстар тіледі.

Өңір басшылары мен агенттік төрағасы университеттің әлеуметтік нысандарын аралағаннан кейін Халықаралық жемқорлыққа қарсы күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін Қ.Жұбанов ат. АӨМУ Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарлығаш Сатыбалдинаны Алғыс хатпен марапаттады.