Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің студенттері Әбіш Кекілбаевтың жұбайымен

Жұбанов университетінің студенттері Әбіш Кекілбаевтың жұбайымен

Бүгін Жұбанов университетінде Қазақстанның көрнекті жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Әбіш Кекілбаевтың жары — Клара Жұмабаева студенттермен кездесті. Сонымен қатар кездесуге жазушының ұлы Дәулет Кекілбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева қатысты.

Кездесу Ақтөбе қаласындағы Әбіш Кекілбаев атындағы жаңа мектептің және бас оқу ғимаратындағы жаңартылған аудиторияның ашылуына орайластырылып ұйымдастырылды.

Шара «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті Самғар Орынбайдың орындауындағы Әбіш Кекілбаевтың сөзіне жазылған тамаша әнімен басталды.

Клара Жұмабаева аудиторияның жаңа жобасын жоғары бағалап, университет басшылығына ризашылығын жеткізді. «Жаңа технологияларды пайдаланып қана қоймай кітап оқуға да көп көңіл бөліңіздер. Кітап оқу ешқашан кері әсерін тигізбейді» — деді ол студенттерге.

Студенттердің сұрақтарына жауап берген Клара Жұмабаева, кездесу соңында жастарға ақ тілегін арнап, батасын берді.

Айта кетейік, ҚР Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Ақтөбе қаласында белгілі қоғам және саясат қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев атындағы жаңа мектептің ашылу болды. Бұл мектеп – Батыс Қазақстандағы заманауи технологияларды тереңдетіп оқытатын алғашқы мектеп-лицейі.

Әбіш Кекілбаев — Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы, Парламент Сенатының депутаты, Президент кеңесшісі. Ол Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алуы жолында қазақ тілі, ономастика, ұлттық тарих, әлеуметтік-мәдени мәселелер және халықаралық қатынас саласындағы сұрақтар төңірегінде белсенді жұмыс атқарған.

Аудармашы Ажаргүл Кунарова