Четверг, Февраль 22, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғалым-тарихшы мерейлі жасқа толды

Ғалым-тарихшы мерейлі жасқа толды

Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінің Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан педагогикалық ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі Әбенова Бибігүл Сейілқызының 60 жасқа толуына орай университеттің Ғылыми Кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті.

DSC_5533

Оған мерей жас иесінің туып-өскен жері Байғанин ауданы әкімшілігі өкілі, облыстағы жоғары оқу орындары мен орта оқу орындарының басшылары, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер өкілдері және әріптестері, шәкірттері қатысты.

Салтанатты шарада Бибігүл Сейілқызының «Білім және ғылым жолындағы белестері» тақырыбында осы күнге дейін жүріп өткен өмір жолын қамтитын бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.

Кіріспе сөз алған университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков: «Университеттегі ең үлкен салалардың бірі – оқу-әдістемелік жұмыс. Оқу бағдарламаларының өзгеруі, кафедра меңгерушілерімен жұмыс жасаудың өзі көзге көрінбейтін жұмыс, сол жұмыстардың бәрін реттеп отырған білікті маман деп Бибігүл Сейілқызын айтар едім.

Бибігүл Сейілқызы – университетте қаншама жыл еңбек етіп келе жатқан білікті маман және университеттің білікті басшылар ретінде қызмет жасап жатыр. Бибігүлдің адамгершілігін ерекше атап өтуге болады, ұстамды, өз ісінің іскері»,- деп, ғалымның тарих саласындағы ерен еңбектеріне тоқталып, шығармашылық табыс, деніне саулық тіледі. Университет проректорының иығына ерекше құрметпен ұлттық камзол жауып, мерей жасқа келу құрметіне кеудесіне «Жұбанов» медалін тақты.

Сөз соңында Бауыржан Аманкелдіұлы 60-жасқа толып отырған құрметті ғалымға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атынан құттықтау хатын табыстады.

Кезекті құттықтау сөзін жеткізген Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Купенов  жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім беруде өлшеусіз үлес қосқан ұстазға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын жеткізіп, өзі Бибігүл Сейілқызының берген тәлімінен сабақ алғанын, осындай парасатты ұстаздың шәкірті екенін әркез мақтаныш тұтатындығын атап өтті.

«Ақтөбе қаласының білім бөлімі» ММ басшы орынбасары Гүлжанат Сисенбина Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысы Ләззат Оразбаеваның құттықтауын оқыды.

Сондай-ақ, мәжілісте Байғанин ауданы әкімі аппаратының басшысы Жұмабек Әбитов аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, ауданның 90 жылдығына арналған мерекелік  медалін табыс етті.  Содан соң Университеттің стратегиялық  даму жұмыстары жөніндегі проректоры, профессор Қуанышбек Шүңкеев мерейтой иесінің осы салаға сіңірген еңбектері жайлы сөз қозғап, Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің директоры Алина Жұмағұлованың атынан құттықтау хатын табыстады.

Кеңейтілген мәжілісте Бибігүл Сейілқызын құттықтаған шәкірттері мен әріптестері ұстаз-ғалымның өмірі мен қызметінің ерекше есте қалған тұстарын тілге тиек етіп, сый-сыяпаттарын жасады. Жиында ғалымның курстастары мен Алматы, Астана,  Көкшетау қалаларындағы жоғары оқу орындарының ректорлары атынан жіберілген құттықтау хаттар оқылды.

Белгілі тарихшы ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылған мәжілісте оның еңбектері сараланып, тарих ғылымына қосқан еңбегі айтылды.

Мәжілісті қорытындылаған мерейтой иесі Бибігүл Әбенова  жиналғандарға  алғысын айтып, жылы лебізін білдірді.

Сандуғаш ДҮЙСЕНБАЕВА