Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мереке қарсаңындағы кездесу

Мереке қарсаңындағы кездесу

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков облыстағы БАҚ өкілдерін және осы саладағы ардагерлерді Жаңа жылмен құттықтады.

Басқосуда университет ректоры бір жылда республикалық және жергілікті БАҚ беттерінде оқу орнына  қатысты мыңнан аса материал жарық көргенін, оның ішінде білім беру саласы өзге де мәселелер жөнінде  журналистермен бірге жұмыс жасағанын айтып, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Алдағы жылы оқу орнында болатын жаңалықтармен бөлісті. Қазіргі күні университетте 13 мыңнан аса студент білім алады. Студенттің саны жағынан оқу орны республикада төртінші орында тұр. Білім сапасы бойынша  да алдыңғы орындардың бірінде. Аккредитациялық рейтинг кезінде жоғары оқу орындарының ішінде жетінші орыннан көрінген. Университеттің материалдық-техникалық базасы да жыл сайын жақсарып келеді. Оқу құралдары, жатақхана мәселелері толығымен шешілген. Студенттерді шетелге жіберу бойынша да қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Биыл 273 жас шетелге аттанса, оның ішінде Қытай, Ресей, Польша, Түркия, Литва елдерінде білім алып жатқан жастар бар. Оқу орнының басшысы сыртта жүрген ақтөбелік жас ғалымдарды тарту үшін де арнайы жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Ол үшін университеттің Мәскеу ауданындағы ғимаратын жөндеуден өткізіп, пәтер қылып ұсынбақ. Сондай-ақ білім кластерін құру бойынша да бірқатар шаруа қолға алынған. Бұл ретте «Зерек» орталығы, колледж және университет арасында байланыс орнайды.

— «Зерек» орталығын құрудағы мақсатымыз — ең бірінші оқытушыларға жағдай жасау. Себебі баласы бар оқытушылар екі-үш сағат университетке келгенде балаларын қайда тастап кетерлерін білмейді. Осындай кезде олар балаларын орталыққа апарады. Сол жердегі мамандар оған қамқорлық көрсетеді. Орталықта ағылшын тілі және өзге де үйірмелер жұмыс жасайды. Сондай-ақ тіл мүкістігі, ойлау қабілеті кеш дамыған балаларға медициналық көмек беріледі. Осы жерде дефектология саласы бойынша білім алып жатқан студенттер тәжірибеден өтеді, — деген ректор өзге де атқарылатын шаруалармен  бөлісті. Оқу орны ұлттық университет атағын алуға лайық екенін айтты.

Сондай-ақ білім беру саласының өркендеуіне  үлес қосып жүрген ардагер журналист Идош Асқарға «Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрметті профессоры» атағын беріп, медаль тақты. Ақпараттар мен жаңалықтарды халыққа шынайы жеткізіп жүрген журналистерді Алғыс хатпен марапаттады. Оның ішінде облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газетінің тілшілері де бар. Басқосудың соңында Идош Асқар жасалып жатқан жұмыстар үшін Бауыржан Ердембековке ризашылығын білдірсе, «24kz»-тің облыстағы тілшісі Ақсәуле Бәйменшина оқу орнының баспасөз бөліміне алғысын айтты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.