Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе жерінде алғашқы металлургтер біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықта пайда болған

Ақтөбе жерінде алғашқы металлургтер біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықта пайда болған

Ұлы даланың жеті қыры

Тарих ғылымында ғасырлар бойы еуроцентристік ұстаным үстемдік құрып келгені белгілі. Бұған қоса, патшалық Ресейдің саясаты, одан кейінгі кеңестік идеология қазақтардың тарихтағы орнын барынша төмендетіп, өткенімізді тұмшалап, бұрмалап жеткізуге мүдделі болды, сөйтіп, ата-бабаларымыздың өркениетке қосқан үлесі де, біздің тарихымыздағы мемлекеттік дәстүр де жоққа шығарылды.

Тәуелсіздік жылдарында осы әділетсіздікті түзеу, тарихи сананы түлету мақсаты алға қойылды. 1998 жыл — Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы болып жарияланғаны баршаның есінде. «Мәдени мұра», «Халық — тарих толқынында» бағдарламалары аясында көптеген істер жасалып, осы бағыттағы жұмыстарға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы зор серпін берілді.

Ал жуырда жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орны нақты ғылыми деректер арқылы алға тартылды, сондай-ақ, тарихи сананы жаңғырту жолындағы істі бастауға қажетті жобалар айқындалды.

Біздің редакциямызда Елбасының«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелерді талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Басқосуға Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Отан тарихы және тарихи пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұзақбай Исмағұлов, тарихшы-өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Гүлжан Маханова және облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Аслан Мәмедов шақырылды. Дөңгелек үстел басындағы әңгімені «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

Бауыржан Бабажанұлы: Елбасының мақаласында: «Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ», — деп атап көрсетілген. Бүгінгі күні төл тарихымызға оң көзқарас қалыптастыру қажеттігі алға қойылып отыр. Жалпы, Тәуелсіздікке дейінгі біздің тарихымызға қатысты ұстанымның, тарих төңірегіндегі даулы мәселелердің түп-төркініне үңілсек?

Ұзақбай Исмағұлов: Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры»мақаласы — бұдан бұрынғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланың жалғасы. Екі мақала да халықтан, әсіресе, ұлт тағдырына алаңдайтын, оның өткені мен ертеңі туралы толғанбай тұра алмайтын азаматтар тарапынан үлкен қолдау тапты. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқандығына баса мән берілген. Расында, италиялықтардың өз тарихын — ежелгі Римнен немесе немістердің өз тарихын ежелгі готтардан бастайтыны секілді, қазақтар да өз тарихын Ұлы дала төсінде өмір сүрген ежелгі сақтар мен ғұндардан бастап, жаһандық тарихтағы орнын солардың тікелей мұрагерлері ретінде айқындай алады. Еуропацентризм Еуропа халықтарының тарихтағы ролін, батысеуропалық өркениеттің «артықшылығын» жоғары етіп көрсету үшін басқа халықтардың рухани-мәдени мұраларын, адамзаттың дамуына қосқан үлесін жоққа шығарды. Ал көшпенділерге тіпті ешқандай даму «исі» сезілмейтін, жабайы халықтар ретінде қарады. Біз тарихымызға қатысы осындай қиянатты бастан кештік.

Дегенмен, тарихтың ақиқаты, қайткенде де, бір белгі бермей, ашылмай қалмайды. Сол сақтардың, ғұндардың өмір сүру салты, адамзат өркениетіне қосқан үлесі көптеген көне жазбаларда, ескі деректерде сақталып қалды және олардың тікелей мұрагерлері — түркі халықтары екендігіне даусыз дәлелдер де көп.Біздің алдымыздағы ендігі міндет — Ұлы даланың шынайы тарихын әлемдік деңгейде паш ету.

Ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы, адамзаттың бүгінгі жетістіктеріне қосқан үлесі жөнінде өскелең ұрпақ та жете білуі керек. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлт ретінде жойылып кетпеу үшін, әсіресе, біздің жастарымыздың ұлттық тарихымызды мақтан етуі, бағалай білуі өте маңызды.

Бекарыстан Мырзабай: Кеңестік биліктің біздіңтарихымызға тән ақиқаттарды жасырын ұстауға тырысқаны, археология саласындағы зерттеулердің тек Мәскеудің нұсқауымен ғана жүргізіліп, олардың нәтижелерінің көп жағдайда жария етілмеуінен де көрінеді. Ал табылған жәдігерлер іріктеліп, ең маңыздылары Мәскеуге жөнелтілді.Мысалы, өткен ғасырдың 30-жылдарының соңында Сергей Толстовтың жетекшілігімен Сыр бойында ортағасырлық ғажайып ескерткіштерді зерттеу мақсатында қазба жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстар ондаған жылдарға созылды. Міне, сол жұмыстар кезінде табылған жәдігерлерге қатысты көп деректер бізге құпия болып қалды. Айталық, Сыр бойындағы асарлардан табылған қыш құмыралардағы ою-өрнектер туралы жазылды, ал ою-өрнектермен қатар, құмыраларда жазу-таңбалардың да болғаны жайлы деректер бізге жетпей қалды.

Тәуелсіздік бізге өз тарихымызды ақтаңдақтардан аршып алуға, ақиқат қалпында тануға мүмкіндік ұсынып отыр. Әрине, бұл бағытта әлі де көптеген жұмыстар, терең зерттеулер жүргізу қажет. Бұл — уақыт еншісіндегі іс.

Гүлжан Маханова: Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихымызды тұтас қалпында тану үшін маңызды болып табылатын үш мәселе айрықша атап көрсетіледі: біріншіден, қазақ ұлтының этногенездік тамырын тану мәселесі; екіншіден, ата-бабаларымыздың зор мәдени жетістіктерінің сырттан келмегендігі, керісінше, Ұлы далада пайда болып, жан-жаққа таралғаны; үшіншіден, бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жетістіктерге тікелей қатысы бар екендігі. Осы айтылған дәйектер тарихымызға оң көзқарас қалыптастыруға жол ашады.

Әрине, тарихқа оң көзқарас қалыптастыру мәселесі тек тарих пен археология саласындағы зерттеулермен шектелмейді. Бұл іске мәдениет саласы қызметкерлері, мұғалімдер, журналистер, басқа да мамандар үлес қосуы керек. Мұны барша қоғамға ортақ мақсат ретінде қабылдау қажет деп білемін.

Бауыржан Бабажанұлы: Материалдық мәдениеттің көптеген дүниелері алғаш біздің жерімізде пайда болған. Солардың арасында Елбасы мақаласында атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия және әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналатын «аң стилі» феномені алдымен айтылады. Осыларға қатысты Ақтөбе өңірінде жүргізілген зерттеулер, табылған жәдігерлер, көне өркениет ошақтары жөнінде не айтар едіңіздер?

Аслан Мәмедов:Біздің облыс аумағының пайдалы қазбаларға бай екені баршаға белгілі, алайда сол қазбалардың қай кезден игеріле бастағанын көпшілік біле бермейді. Мұғалжар тауында жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында анықталғандай, Ақтөбе жерінде алғашқы металлургтер біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықта-ақ пайда болған. Бұл, ең алдымен, мыс өндірумен байланысты екенін атап көрсету керек. Ұзақ уақыт бойы зерттеушілер Батыс Қазақстанда ежелгі замандарда мыс пен алтын өндірісі болмаған деген болжамды ұстанып келді. Алайда өткен ғасырдың 60-80-жылдарында геологтардың Мұғалжарда жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесінде, бұл болжамды жоққа шығаратын деректер алға тартылды. 2007-2008 жылдары облыстық тарих, этнография және археология орталығы ежелгі металлургияға қатысты ескерткіштерді іздеуді қолға алып, Қазақстан-Ресей халықаралық экспедициясын ұйымдастырды. Осы жұмыстар барысында бұдан 4-5 мың жыл бұрынғы ондаған кен орындары мен адамдар мекен еткен қоныстардың орны анықталды.

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде, негізінен, алтын, қола және темірден  жасалған бұйымдар көбірек кездеседі. Мысалы, көне зираттардың бірінен қоладан жасалған жүзден аса жебе ұшы шықса, енді бірде табылған қола қазанның салмағы он келіден астам болды. Металл бұйымдардың мұндай мол көлемде табылуы, әрине, ежелгі көшпенділердің металл өңдеуді жақсы меңгергеніне дәлел болады. Сонымен қатар, бұл бұйымдар сан қилы ою-өрнектерге бай келеді, сондықтан зерттеушілер Ұлы даладағы ежелгі ұсталар мен зергерлердің металл өңдеудің түрлі техникаларын шебер меңгергендігін де әрдайым атап өтеді.

Біздің жеріміздегі көне ескерткіштер арасында Елек өзені бойынан табылған Бесоба, Сынтас, Күміссай қорымдары ғылыми ортаға көбірек танымал.  Бұлар өткен ғасырдың 70-80-жылдарында зерттелген. Осы қорымдардан табылған қола бұйымдар спектралдық талдау әдісімен зерттеліп, нәтижесінде, олардың Мұғалжар мен Маңғыстаудағы Қаратаудан өндіріліп алынған жергілікті шикізаттан жасалғаны анықталды.

Сондай-ақ, зерттеулер Солтүстік Кавказ бен Украина жеріндегі ежелгі көшпенділер дәуіріне жататын скиф қорғандарынан табылған қола бұйымдардың төрттен бірінің Мұғалжарда өндірілген шикізаттан жасалғанын көрсетті. Бұл сол замандарда Ақтөбе жерін мекендеген адамдардың алыс жұрттармен байланысы болғанын да айғақтайды.

Ал атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығына келсек, жылқыны қолға үйрету — адамзат тарихындағы теңдессіз жетістік екені сөзсіз. Үзеңгі, тізгін, ауыздық, ер-тұрман сынды жабдықтардың әрқайсысы өз заманында заттық мәдениеттің зор жемісі болды. Археологиялық қазба жұмыстары барысында көне оба-қорғандардан жылқыны көлік ретінде, жауынгерлік жорықтар мен шаруашылыққа пайдалану кезінде қолданылған құрал-жабдықтар көп табылады және бұл көне жәдігерлер тарихтан үлкен сыр шертеді. Ақтөбе жерінен табылған көне жәдігерлер арасында түрлі ауыздық, тізгіндер  кездеседі. Мысалы, бастапқыда ауыздықтардың жұмсақ материалдардан істеліп, кейіннен қатты материалдардың пайдаланылғаны анықталып отыр. Сондай-ақ, ерте темір дәуірінде көшпенділер арасында жауынгерлік өнер қарқынды дамып, әр жауынгер үшін жорыққа мінетін аты бірінші кезектегі маңызға ие болды. Зерттеулер Ақтөбе жерінде жауынгерлік өнердің қарқынды дамуы, біздің дәуірімізге дейінгі VІ-ІV ғасырларға дөп келгенін көрсетеді. Қазба жұмыстары кезінде металл мен сүйектен жасалған қалқан, басқа да қару-жарақтар қалдықтары табылды. Демек, осы кезеңде әскер арасында басты күш ретінде ауыр қаруланған салт аттылар пайда болды.

«Аң стилін» Еуразия даласындағы ежелгі көшпенділердің «визиттік карточкасы» ретінде атауға болады. Бұл — көшпенділер өркениетінің біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдықтағы кезеңіне етене тән дүниелердің бірі. Батыс Қазақстаннан табылған бұйымдарға зер салып қараған зерттеушілердің пікірінше, бұл өңірде скифтік-сібірлік «аң стилі» өнері кең тараған.Зерттеушілер Батыс Қазақстаннан табылған «аң стилі» өнері қолданылған бойтұмарлар, қару-жарақтар, тұрмыстық, басқа да түрлі бұйымдар барынша көркем безендірілген, ерекше сәнді болып келетінін айрықша айтады.

Сондай-ақ, Батыс өлкеден табылған ежелгі бұйымдардан аңдардың белгілі бір түрлері, негізінен, қасқыр, бүркіт пен грифон (мифтік жануар), қабан және түйе бейнесі жиі кездеседі.

Елек бойындағы Сынтас қорғанынан сабында ақбөкеннің басы, екі бүркіт және тістерін ақситып тұрған қасқыр бейнеленген сүйек қасық табылды. Бұл күрделі композицияны ойып салған шебер Сома мен бүркіт туралы үндіарийлік мифтен хабардар болуы да мүмкін деп болжаймыз.

Ұзақбай Исмағұлов: Елбасы мақаласында «аң стилі» бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсететіні атап айтылды. Сонымен қатар, бұл өнерде әр өңірдің өзіне тән ерекшелігінің болуы да назар аударарлық жайт. Мысалы,Тянь-Шань тауы етегіндегі Жетісу өңірінде мысық тұқымдас аңдардың суреті көбірек қолданылса, Батыс өңірде, жоғарыда айтылғандай, қасқыр, қабан, түйе бейнелері қолданылған. Бұл да тарихымызды тану үшін қажетті деректер.

Біздің жерімізден археологтар тапқан олжалардың көп бөлігі әлі де ғылыми айналымға түскен жоқ. Біздіңше, бұл ғажайып жәдігерлер Ұлы дала өркениеті туралы сөз қозғауға негіз бола алады. «Ұлы дала өркениеті» деген терминнен қорқудың қажеті жоқ, керісінше, оны орнықтыра түсу бағытындағы жұмыстарды жандандыра алсақ, құба-құп болар еді.

Бауыржан Бабажанұлы: Тарихқа деген дұрыс ұстаным арқылы неғұрлым көне замандарға, Ұлы даланың арғы тарихына үңілу — өзекті мәселелердің бірі. Ақтөбе жеріндегі тарихи ескерткіштер туралы айтқанда, көбіне Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуіріне тән ескерткіштер еске түседі. Ал біздің өңірден табылған ең көне ескерткіштер жөнінде сөз ете бермейміз…

Аслан Мәмедов: Батыс Қазақстан өлкесі, соның ішінде Ақтөбе өңірі — көне ескерткіштерге өте бай өңір. Біздің өңір аумағында ежелгі тұрақтар, елді мекендер мен шеберханалардың орындары жүздеп саналады. Әрі олардың кейбіреуін тек өз өңіріміз ғана емес, бүкіл Еуразия даласында сирек кездесетін, бірегей ескерткіштер қатарына қоса аламыз. Мысалы, өткен ғасырдың 90-жылдарында Мұғалжар ауданындағы Төлеубұлақ үңгірі қабырғасынан ежелгі заманғы суреттер табылды. Бұл суреттер бізге тас дәуірінен, яғни адамдар әлі металл өндірісін қолға алмаған заманнан жеткен. Белгілі археолог Зейнолла Самашев Төлеубұлақ петроглифтерінің «жасын» 40 мың жыл деп болжап отыр. Демек, бұл — тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең көне петроглифтердің бірі.

Жалпы, Төлеубұлақ үңгірі орналасқан жерді ерекше айту керек. Ең көнесінің «жасы» 400 мың жыл болатын, ал бергілері ХХ ғасыр басына тән көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер нақ осы жерде шоғырланған.Бұл ескерткіштер — өткенді танып-білу үшін ғана емес, сондай-ақ, туризмді дамыту үшін де құнды дүниелер.Көне ескерткіштермен қатар, ол жердің табиғаты да ғажап. Сондықтан мұнда ашық аспан астындағы музей немесе музей-қорық ұйымдастыруға әбден болады.

Тағы бір айрықша ескерткіш — Ойыл ауданынан табылған Құмсай қорымы. Біріншіден, бұл — өте көне, зерттеушілердің айтуынша, бұдан 5-6 мың жыл бұрынғы қорым. Бұл — облысымыз аумағынан табылған ең көне жерлеу орындарының бірі. Ал, екіншіден, бұл жерден 160-тан астам қорған табылды. Яғни табылған қорғандардың саны жағынан да Құмсай — археологтар үшін сирек кездесетін олжа.

Бекарыстан Мырзабай:Құмсайдың 2000-жылдардың басында-ақ мамандар назарын аударғанын айта кеткім келеді. Жергілікті халық арасында бұл жерде қала болған деген де сөз бар. Жалпы, осы жерден адамның сүйегі немесе бір көне бұйым табылғаны жөнінде ара-тұра айтылып келген. Кейіннен Құмсайды зерттеуге қаржы бөлініп, қазба жұмыстарының қолға алынуы құптарлық қадам болды.

Аслан Мәмедов: Сонымен қатар, Құмсай қорымында қазылған зираттардағы жерлеу рәсімінде назар аударарлық жайттар бар. Қайтыс болған адамдардың кейбірі отырған қалпында немесе етбетінен жатқызылып жерленген. Жас балалар зираттарынан көп мөлшерде тасбақа сауыттарының табылуы дазерттеушілер үшін тосын жағдай болды. Арнайы әдебиеттерден іздей келгенде, осындай жағдай Францияда және басқа да жерлерде кездескені анықталды. Болжам бойынша, мұнда жерленгендер сол заманда Ойыл өңіріне алыс бір аймақтардан көшіп келген болса керек.

Бауыржан Бабажанұлы: Елбасы өз мақаласында айтылған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастыру керектігін атап өтті.Ал жуырда Ақтөбеде болған сапарында «Қасиетті Қазақстан» орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы: «Алматыдағы Боралдай сақ қорғаны археологиялық кешені маңында Сақ мәдениетінің орталығы ашылса, Ақтөбе жерінде ғұн дәуіріне байланысты осындай орталық ұйымдастыруға болады», — деген еді. Осыған байланысты қандай ұсыныс-пікірлер айтасыздар?

Бекарыстан Мырзабай: Ғұндар тарихын Әлкей Марғұлан, Самат Өтениязов, Болат Көмеков және басқа ат төбеліндейаз ғана ғалымдар еңбектерінен білеміз. Болашақта тарихымыздың бұл тармағы кеңірек зерттеліп, көбірек насихатталғанын қалар едік.

Осы орайда өздерін Еуропаға Ұлы даладан көшіп барған ғұндардың ұрпақтары санайтын венгрлердің бізден ілгері кеткенін айту керек. Венгрияда былтыр тамызда түркі халықтарының «Тұран» атты үлкен құрылтайы ұйымдастырылды. Ежелгі ғұндардың өмір салтын көрсететін этноауылда Атилланың ордасы ретінде 32 қанат киіз үй тігілді. Диаметрі 6-7 шақырым болатын ауылды аралап шықтық: ат әбзелдері, өгіз жегілген арбалардың құрал-жабдықтары — бәрі де кәдімгі қазақы ауылда өзіміз күнде көріп өскен дүниелер. Халқымыздың ежелгі тұрмысы мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін паш ететін этноауыл бізге де керек екенін көптен айтып келеміз. Меніңше, мұндай жобаны іске асыруға Абат-Байтақтың маңы таңдап алынғаны дұрыс болар еді. Бұл туристер тарту үшін де маңызды деп ойлаймын.

Аслан Мәмедов: Біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығының бірінші жартысына, яғни ғұн-сарматтық кезеңге тән ескерткіштер Ақтөбе жерінде де бар. Алайда бұрын олар тиісті деңгейде зерттелмеген. Соңғы жылдары ақтөбелік зерттеушілер осы мәселеге ден қойып, ғұн дәуірінің ескерткіштерін табу мақсатында жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, қорғандары, ғибадат орындары бар жүзден аса қорым табылды. Олардың табылған орындарын картаға түсіргенде, негізінен, Ойыл, Қобда, Темір және Әйтеке би аудандарыныңаумақтарында, біздің облыстың шығысынан батысына қарай созыла, белдеу бойыменорналасқаны анықталды. Табылған ескерткіштер санының көптігі Шығыстан Батысқа қарай көшкен ғұндар белгілі бір уақытқа Ақтөбе жерінде тұрақтаған болса керек деген ойға жетелейді. Әсіресе, Ақтөбе қаласынан солтүстікке қарай 2-3 шақырым жердегі зираттан көптеген жәдігер табылды. Зират бұрын қиратылған, соның өзінде қымбат металл мен тастардан жасалған ондаған бұйымдар қазып алынды.

Біздіңше, қазіргі таңда Ақтөбе аумағындағы ежелгі көшпенділер ескерткіштерін зерттеу мен насихаттау ісіне ерекше көңіл қою керек. Осы мақсатта ғалымдарға гранттар бөлінсе, құба-құп болар еді. Жалпы, бұл істің алға басуы қаржы-қаражатқа байланысты екені түсінікті. Бір жақсы жаңалық, Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеті археологиялық зертхана ашуды жоспарлап отыр. Ескерткіштерді зерттеу ісі аяқталғаннан кейін, Ақтөбе қаласы маңында ашық аспан астындағы музей ашылса, қала халқы мен қонақтарына біздің жеріміздің бай тарихымен танысуға үлкен мүмкіндік болар еді.

Бекарыстан Мырзабай: Ақтөбе өңіріндегі көне ескерткіштерді зерттеумен қатар, қорғау мәселесі де әрдайым күн тәртібінде тұруы тиіс. Өйткені көптеген ескерткіштер кен орындарын игерушілер мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігіндегі жерлерде орналасқан. Мысалы, Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымы қоршалуы тиіс.

Аслан Мәмедов: Бұл іс қаржы мәселесіне тіреліп отыр. Сондай-ақ, бүгінгі күні облысымыздағы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына енген жергілікті маңызы бар 34 нысанның 18-іне қайта қалпына келтіру және консервациялау жұмыстарын жүргізу қажет.

Еліміздің кейбір өңірлерінде облыс әкімі жанында тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу және сақтап қалу мәселелерімен айналысатын ғылыми-әдістемелік кеңес құрылған және осы өңірлерде көне ескерткіштерді зерттеу мен қорғауға қатысты жұмыстарды жүргізуде әлдеқайда ілгерілік бар. Жұмыстарды жандандыру мақсатында, біздің облыста да осындай кеңес құруды ұсынар едім.

Гүлжан Маханова: Елбасы мақаласында айтылған жобаларды іске асыруға қатысты бізге тарихшылар, өлкетанушылар, басқа да мамандар тарапынан көптеген ұсыныстар түсті. Оларды саралап, жүйелеп, толықтыра отырып, алдағы жылға арналған жоспар жасалды. Жоспарланған үлкен шаралардың бірі — түркі халықтарының құрылтайы. Құрылтай аясында түркі халықтарының туыстығын және түркі әлемінің бесігі — Ұлы даланың ежелгі дәуірден бүгінгі Тәуелсіздік заманына дейінгі тарихын паш ететін бірнеше көрме ұйымдастырылмақ. Бүгінде осы шараға әзірлік жұмыстары басталып кетті…

Жазып алған Индира ӨТЕМІС