Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Екіжақты келісімге қол қойылды

Екіжақты келісімге қол қойылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  ректоры Бауыржан Ердембеков  Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент), полиция полковнигі Сайтбеков Айдар Мүтәлікұлымен кездесті.

Жиынға Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Ғалия Жанабекқызы Сүлейманова, Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты әкімшілік құқық және ішкі істер органдары әкімшілік қызмет кафедрасының меңгерушісі Ерлан Қуанышұлы Балымов, университеттің Бас ғылыми хатшысы Мира Рашидқызы Балтымова, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нұржан Махсатбайұлы Бердыбаев,  «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Ақылбек Қылышниязұлы Нурлин қатысты.

Екіжақты кездесу барысында университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы қонақтарды жылы қарсы алып,   университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Кездесуде ҚР  ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы Айдар Мүтәлікұлы өз кезегінде: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында Қазақстанның стратегиялық дамуының 2020 жылға дейінгі «жол картасы» туралы айтқан болатын. Соған сай Президент әкімшілігі жетекшілігімен министрлік Қазақстан полициясын модернизациялау бойынша Жол картасын әзірлеу жұмыстарына кірісіп отырмыз. Аталған Жол картасында бірқатар мәселелерді қолға алып, жұмыс жасап жатырмыз» , —  деп, алдағы уақытта университетпен тығыз байланыста жұмыс жасағысы келетіндігін де алға тартты.

Сондай-ақ, Айдар Мүтәлікұлы өз сөзінде тәжірибелі сабақтарда заманауи инновациялық технологияларды қалай пайдалануды үйрететіндігін атап, білім беру саласындағы дуальды оқыту жүйесіне кеңірек тоқталды.

Сөз соңында Айдар Сайтбеков: «Құрметті Бауыржан Аманкелдіұлы!  Біріншіден өз атымнан және институт ұжымы атынан Сіздерге алғыс айтамын! Өзгелерге үлгі боларлық бүгінгі екіжақты келісім оң нәтижесін береді деп сенемін, — деді.

Басқосу барысында екі жоғары оқу орнының басшылары  өз пікірлерін айтып, дуальды оқыту шеңберінде бірлесіп жұмыс жасауға келісті.

Кездесу соңында Бауыржан Аманкелдіұлы мен Айдар Мүтәлікұлы меморандумға  қол қойып, екі жақтық келісімдерін бекітті.