Воскресенье, Июль 14, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әкімге 100 сұрақ

Әкімге 100 сұрақ

Үлкен шаһарды басқару қиын ба? Қала әкімі бос уақытын қалай өткізеді, қандай кітаптар оқиды? Отбасына қаншалықты көңіл бөледі? Бүгін  қала әкімі Ілияс Испанов оқушылардың осы және өзге де қызықты сауалдарына жауап берді. «Әкімге 100 сұрақ» атты шара Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Аталар жолымен ағалар ізімен» жобасының аясында ұйымдастырылды.

Дәрігерлердің мәжілісіне қатысып, ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасады. Маңызды кездесулер өткізді. Түскі  ас ішуге бүгін уақыт жоқ…  Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан шаһар басшысы оқушылардың сауалдарына жауап беру үшін білім ордасына асықты. Мұндай сәтті қалт жібермеген балалар әкімнің отбасынан бастап, қаланың әлеуметтік мәселелеріне қатысты сауалдарын жаудыра жөнелді.

Әке жолын қуған әкім мырза тарихи кітаптарды оқығанды жақсы көреді. Жақын күндері  Ілияс Сапарбекұлы «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып дүйім жұртты таң қалдырмақшы. 4 баланың әкесі демалыс күндерін отбасына арнағанды жөн көреді. Ал қолы қалт етсе, спортпен шұғылданады екен.

Бұдан өзге оқушылар әкімнен қаланың өсіп-өркендеуі жайлы, шаһарымыздың 150 жылдық мерейтойына әзірлігі жөнінде барлығы 100-ге тарта сұрақ қойды. Ілияс Испановпен кездесуге келген жастар алдын ала іріктеліп алынған. Олар  облыстық, республикалық, қала берді халықаралық жарыстардың спорттық додалар мен өнер байқауларының жеңімпаздары.

Кездесу соңында қала әкімі үздік сұрақ қойған оқушыларға естелік сыйлық тарту етті. Ең өзекті сауалдар ескерусіз қалмайды,- дейді мамандар.

Гүлдана Абайқызы

http://aktobetv.kz/kz/news/society/ekimge-100-surak