Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Тарих тағылымы

Тарих тағылымы

Конференция

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерекелік шаралар ресми түрде бастау алды. Құтты мекеннің мерейтойына орай шаһарда 150 мерекелік іс-шара өтетін болады.

Бұл туралы қала әкімі Ілияс Испанов қаланың 150 жылдығына орай өткен «Ақтөбе: Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференция барысында айтты.

Шығармашылық академиясында өткен конференцияға қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, мұғалімдер, сондай-ақ студенттер мен оқушылар қатысты.

Ғимараттың кіреберісінде қонақтарға алдымен «Тарихы терең, өндірісті, өнерлі Ақтөбем» атты жылжымалы тақырыптық кітап көрмесі ұсынылды.Жылжымалы тақырыптық көрмеде Ақтөбенің құрылған күнінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы жасақталған.

— 150 жылдық тарихы бар қаланың мерейтойын жоғары деңгейде атап өту — қала халқы үшін басты қуаныш. Бүгінгі таңда қаланың мерейтойын тойлау мақсатында арнайы штаб құрылып,  төрт жұмыс тобы әрқайсысы жеке бағытта жұмыстарын бастап кетті, — деп сөз алған қала әкімі тарихы тереңде жатқан еліміздің батыс өңірінде орналасқан құтты мекеннің көркеюіне кез келген ақтөбеліктің атсалысуы қажет екендігін айтты.

Ресми мәліметтерге сай, бүгінде облыс орталығында 487 мың адам тұрып жатыр. Күн санап өсіп келе жатқан қаладағы демографиялық жағдай оң көрсеткіштерге ие.

— Өткен жылы қаладағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 585,2 миллиард теңгеге жетті. Жалпы өсім 9,6 пайызды құрап отыр. Ал қаламыздағы тұрғын үй құрылысы жұмыстарының қарқынды жүріп жатқандығы өздеріңізге аян. Өткен жылдың өзінде 47,3 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл 2017 жылмен салыстырып қарағанда 2,2 есеге көп. 2018 жылы қала экономикасына 168,6 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл — біз үшін үлкен жетістік. Инвестицияның тартылуы — қалаға деген сенімділік, — деді Ілияс Испанов.

Қаламыздың көркеюіне өзіндік үлесін қосып, халық игілігі үшін қызмет жасайтын Өнер орталығы, Шығармашылық академиясы, «Анаға тағзым» орталығы секілді маңызды ғимараттардың құрылысы биыл да жалғасын таппақ.

Қала әкімінің айтуынша бүгінгі таңда Ақтөбеде  83 мектеп жұмыс жасайды. Ал миллиондар қаласына айналған жағдайда қалада кемі 150-ге жуық мектеп болуы тиіс.

— Бұл тұрғыда да жұмыстар жалғасады. 2018 жылдың өзінде Ақтөбеде 11 балабақша мен 6 мектеп салынып, пайдалануға берілді, — деді қала әкімі.

Қала әкімінің сөзінен соң конференция қатысушыларына «Арайлы Ақтөбеге 150 жыл» атты деректіфильм көрсетілді.

Бұдан соң  Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Еркін Құрманбеков қаланың қалыптасу тарихының әр кезеңіне тоқталып, «Ақтөбе қаласының тарихы. Аңыз бен ақиқат» тақырыбында баяндама жасады

Ал «Ақтөбе қаласының салынуының алғышарттары мен барысы» тақырыбында баяндама жасаған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті Дәулет Әбенов әскери бекініс негізінде қаланғаннан бастап бүгінгі өркениетке дейінгі аралықты сөз етіп, қаладағы алғашқы пайда болған көшелерге тоқталды.

— Ақтөбеде алғаш пайда болған көшелердің бірі — Старожительская көшесі. Сондай-ақ Гарнизонная,  Крепостная және Оренбургская көшелері қалада ең алғаш пайда болған көшелер. Бүгінгі күнге дейін біраз көшелердің атауы өзгерді, — деген Дәулет Әбенов қаладағы көне ғимараттардың алаңына бұрын қандай мекеме болғандығы туралы ақпарат беретін арнайы қондырғылар қою туралы ұсынысын білдірді.

«Ақтөбе қаласы дамуының қазіргі тарихы: жетістіктері мен келешекке жоспарлары» тақырыбында философия ғылымдарының кандидаты ҮмбетханСәрсембин сөз етсе, «Білім саласының тарихы, қазіргі жағдайы, дамуы мен болашағы» туралы Қазақстан Республикасының білім саласының үздігі, №29 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Клара Игілікова сөз қозғады.

Сондай-ақ конференция барысында «STEM center Aktobe» ІТ мектебінің жетекшісі Артур Иманқұлов қаладағы жаңа цифрлық технологиялардың дамуына қатысты озық прогрессивті ойларын ортаға салды.

Конференция соңында кеңес ұсынымдары бірауыздан қабылданды.

Айта кетейік, конференция аясында балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларына арналған «Дарынды бала — жарқын болашақ бастауы» ұранымен қалалық SMART олимпиадасы,  сондай-ақ түрлі интеллектуалдық сайыстар өтті. Сонымен қатар, қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен қаламыздың белсенді жастары Ақтөбе қаласының құрметті азаматтарымен кездесті.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ