Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Атамекен атауын ардақтаушы

Атамекен атауын ардақтаушы

(Топонимдік фольклорды зерттеген ғалым  Абат Пангереев туралы бірер сөз)

Кеңестік кезеңде де, одан кейінгі тәуелсіздік жылдарында да еліміздің әдебиеттану ғылымын, әсіресе әдеби құндылықтардың тамырын терең зерделеп, оның ұлттық сипатын, көркемдік табиғатын жан-жақты айқындап, жас ұрпақтың санасына сіңіруге атсалысқан ғалымдар аз болмады. Солардың бірі – белгілі фольклортанушы, ұлағатты ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор Абат Пангереев.
Әдетте, ғылым адамының басты қасиеттері, әсіресе ой-санасы, ішкі өресі, мақсатшылдық ұстанымдары, адами қарым-білігі, дарын-қабілеті ата-ананың қанымен, балаң өмірдің аңсар-арманымен келсе, ал мамандық алып, алдына мақсат қойып, ғылымның сүрлеуіне түскен жастың жеке шұғыл­данып жүрген саласын толық меңгеруіне тек өзіне тән табандылығы, ізденгіштігі, мамандығына деген адалдығы, ең негізгісі, еселі еңбегі қажет болады. Шынайы ғалымға қатысты бұл қасиеттердің бәрі де Абат Шамұлының бір бойынан табылады. Ол ең алдымен, ұлы бабалардың киелі қоныстарының бірі Ойыл өңірінде туып, атақты Әжібай биді, Алтай, Аралбай батырларды, дарабоз-арулар Ботагөзді, Байке мен Бикені жаратқан шұрайлы жердің топырағынан нәр алды. Күрескер ақын Шернияз Жарылғасұлы, ақ тарының атасы атанған Шығанақ Берсиев туып-өскен қасиетті өңірдің ауасын жұтып, Нұрсұлу ­Тапалова, Ишанбай Қарақұлов, Әнуар Дербісәлин, Рабиға Сыздық сынды өрелі өнерпаздар мен көрнекті ғылым қайраткерлерін қанаттандырған қарапайым да қастерлі елдің аялы алақанының жылуын сезіп өсті. Екіншіден, ана сүтімен дарыған еңбекқорлық, жауапкершілік, сергектік, талапқорлық секілді қабілет-қасиеттері оның ғылым жолына бет бұруына, талмай ізденуіне, ұзақ жылдар бойы біліктілігін жетілдіріп, қалыптасып, елімізге танымал фольклортанушы ғалым болуына септігін тигізді.

Қарағанды мемлекеттік универси­те­тінің филология факультетін аяқтап, алғашқы қызметін ұстаздықтан бас­тағысы келген жас маман 1985 жылы Ақтөбе облыстық мектеп-интер­на­тының есігін ашқан еді. Арада бірер жыл өткенде ұстаздыққа да, өтіп жатқан тынымсыз тіршілікке де көндігіп, ысыла бастаған мұғалім өзін ғылым саласында сынағысы келді. Сөйтіп, Ақтөбе педагогикалық инстутының ­«Бастауышта оқытудың педагогикасы мен методикасы» кафедрасына оқытушы қызметке ауысты. Осында жүріп алдымен филология мамандығына, кейін осы сала бойынша факультеттің ашылуына белсене араласып, өзі алғашқы декандардың бірі болды. Бірақ ғы­лымнан да қол үзбей жүріп, атақты про­фессор М.Мырзахметовтың жетек­шілігімен «Қазақ поэзиясында жер-су ұғымдарының бейнеленуі» тақы­ры­бында кандидаттық диссертация қорғады.
Осы алғашқы жылдардан бастап Абат Шамұлының ой-санасын туған жердің, Алтайдан қарт Каспийге дейін созылып жатқан ұлы даланың әрбір ойы мен жазығы, сай-саласы, тау-қыраты, өзен-көлі, тіпті тасы да қызықтырды. Соның әсерінен студенттермен бірге ел аралады, ғылыми іссапарларға барып, түрлі экспедицияларға қатысып жүріп мекендік (топонимдік) фольклордың үлгілерін жинады. Оларды ғылыми жүйеге түсіріп, алғашқы еңбектерін жариялап та үлгерген зерттеушіні сырттай бақылап жүрген академик С.Қасқабасов ақыл-кеңесін айтып, бұл тақырыптың іргелі зерттеу­ге айналуына бағыт-бағдар берді. Нәтижесінде «Қазақтың топонимдік фольклоры» атауы таңдалып, ұзақ жылдар бойғы ізденістердің арқасында еңбек 2010 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дис­сертациялық кеңесінде сәтті қорғалды.
Мәселен, бір ғана мекендік аңыздар (әпсаналар, хикаяттар, әңгімелер) белгілі бір жер-судың, өзен-көлдің, тау-тастың аталу себебі, сол жерлердегі оқиғалардың сол атауларға байланысын баяндайтын халық әңгімелері болғанымен, олар қазақтың ауызша тарихында айрықша орын алады. Себебі әрбір тау мен тастың атауы тегін қойылмаған, олардың жеке-жеке деректік аңызы бар. Олардың ұлт тарихын қалыптастырудағы маңызы өте зор. Академик С.Қасқабасов: «Топонимдік деп біліп жүрген аңыздарда да тарихи негіздер, фактілер болады. Ал тарихи деп жүрген аңыздарда топонимикалық мотив кездеседі. Аңыз жанрындағы шығарманың өзі емес, ондағы сарын ғана топонимдік сипатта болуы мүмкін. Сондықтан «топонимдік аңыз» деген атауды шартты түрде ғана алу керек те, оған белгілі бір жерге, мекенге байланысты оқиғаны баяндайтын әңгімелерді жатқызу қажет. Екінші сөзбен айтқанда, топонимикалық аңыз деп жер-судың, тау-тастың пайда болуы мен атын мифтік ұғыммен немесе мифтік кейіпкердің іс-әрекетімен емес, бір оқиғамен, я болмаса белгілі қайраткер атымен байланысты түсіндіретін әңгімені айтамыз» деп алғаш рет мекендік аңыздардың халық прозасындағы рөлін, ғылыми сипатын ашып берді.
Мекендік аңыздармен терең таныса отырып, олардың кейбір үлгілерінде жер-су атауларының шығу тегі белгілі шынайы оқиғаларға, тарихта танымал болған тұлғаларға орайластыра баяндалатынын аңғару қиын емес. Мысалы, Абат Шамұлы жинаған «Кілемжайған» атты аңызда К­енесары хан әскерлерінің Кіші жүз аумағына шегінгенінде атақты Жанқожаның қарындасына үйленеді. Кейін өзге әйелдерінің күндестігінен зәбір көріп, ордадан ­аластатылады. Бұған ашуланған Жанқожаның айбатынан сескеніп, әрі сый-құрмет көрсеткен ­Кенесары оның алдынан кілем ­жайып қарсы алғандығынан аталған «Кілемжайған» аталып кеткені айтылады.


Ақтөбелік М.Әлмұратовтан 1959 жылы жазып алынып, кейін Абат Шамұлының қолына түскен тағы бір аңызда ­Кенесары мен Наурызбай Орынбор, Челябі өлкелерінің аралығындағы қазақтарды да көтеріліске жұмылдыру мақсатында әскери жорықтар жүргізеді. Алайда бұл жерлерге қоныстанып алып, жерсініп кеткен шаруа-мұжықтар мен орыс-казактар қарулы қарсылық көрсетеді. Қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл іс-қимыл жасауға бейімделген, қарсыласына амал қалдырмайтын әскери әдіс-айла қолдануға машық­танған Кенесары Бреда станицасын мынандай тәсілмен басып алады: «Қазақ үйлерінен мысық жинайды. Түнде ел ұйқыға кеткен мезгілде елу мысықтың құйрығына майға батырған шүберек байлап, оған от тигізіп, поселкеге қарай қоя береді. Майға малған шүберек лаулап жанып, жаны түршіккен мысықтар үй-үйдің түкпір-түкпіріне ыршып тығылып, поселкені өрт алады. Ұйқыдағы халық төсегінен жалаңаш-жалпы шыға қашып, поселке азан-қазан болады. Осы кезеңді күтіп тұрған Кене ханның әскерлері оларды жусатып қырып салады. Бірлі-жарымдай болмаса, поселке түгел дерлік жанып кетеді… Осы күні сол Кенесары, Наурызбай өртеген Бреда станциясын қазақтар «Күйік» деп атайды.
Кенесары туралы келесі аңызда отаршылдардың аса мол, әрі қуатты әскерінің тегеурініне шыдамаған көтері­лісшілер шегініп, Ақтөбе жағындағы ­Толыбай, Жантай өзен­дерінің сағасына барып бекінеді. Патша әскерлері Қойлыбай деген қарт батырды жолбасшы етіп алып, соңынан түседі. Қуғыншылар қос өзекте жатқан көтерілісшілердің үстінен шығып, кескілескен шайқас болады. Алғашында бірін-бірі ала алмаған қарсыластар екі жаққа шегініп, бекініске көшеді. Тұйықсыздан, шалт қимылдайтын Кенесары әскерлері ел аяғы басылған шақта жауды елеусіз ту сыртынан келіп шабуылдайды. Қауіпсіз жатқан орыстар қапелімде сасып қалып, тым-тырақай қаша жөнеледі. Қойлыбай биік төбенің басындағы қоста жалғыз қалады. Наурызбай бастаған бір топ сарбаз жетіп келіп, қимылсыз отырған қартты найзаға іліп көтеріп, орыстар кеткен жаққа лақтырады. Іле-шала жеткен Кенесары: «Бала, мұның қате болды. Жасы жеткен зиянсыз шал еді» деген екен. Кейін әлгі жер «Қойлыбай төбесі», шайқас өткен сай – «Қойлыбай қырғыны» аталыпты.
Бұл мысалға алынған аңыздар тек қазіргі Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданының аумағында өткен және көрсетілген жер-су атаулары өзгеріске түспей, бүгінге дейін қалпын сақтап қалған. Кенесары хан бастаған көтеріліс 1837-1840 жылдары Орта жүз, 1841-1845 жылдары Кіші жүздің Торғай мен Ырғыз өзендері аумағын, 1846-1847 жылдары Жетісуды, Іле мен Алатау өңірлерін шарпып, бүкіл Қазақстан көлемінде мойындалып, отаршылдыққа қарсы жүргізілген ұлт-азаттық көтеріліс 10 жылға созылған тарихи оқиға болғандығы баршаға мәлім. Жоғарыда көрсетілген жер-су атауларына байланысты аңыздар азатты, әрі азапты жылдардың бір белгісі ретінде жұрт жадында сақталып қалған. Топонимдердің саны – қазақ жерінің көлеміне сай ұшан-теңіз және олар бейберекет қойыла салмаған, әрбір атаудың тарихы, өзіне тән оқиғасы бар. Профессор А.Пангереевтің пікірімен тұжырымдасақ: «Жалпы, топо­нимдік аңыз ең алдымен, халық санасынан орын тепкен белгілі бір жер-судың, өзен-көлдің, тау-тастың неліктен бұлай аталғанына, ол жерлерде қандай оқи­ғалар болып өткендігіне жауап іздеуден бастау алады».
Осы ретте ғалымның ұлы даланың жер-суына байланысты жазған еңбек­­терін, әсіресе «Топонимдік фоль­клордың жанрлық түрлері» моно­графия­лық зерттеуін зерделей оты­рып, олардың өзек­ті­лі­гіне, ғылыми-теориялық негіздеріне қысқаша болса да тоқталып өткен жөн сияқты. Біріншіден, кейінгі жылдарға дейін халықтың ой-санасында, рухания­тында танымдық, тарихи-деректілік, көркем образдық сипатымен сақталып қалған топонимдік фольклордың үлгілері бір ортаға жиналып, ғылыми жүйеленіп, іргелі түрде арнайы зерттелмеді. Сол себептен де бұл мұралардың көпшілігі жалпы оқырмандарға да, ғылыми ортаға да беймәлім болып келді. Тақырып жан-жақты зерттеліп, оған қатысты ондаған ғылыми мақалалар, монографиялар, оқулықтар басылым көргеннен кейін бұл еңбектер қарапайым өлкетанушылардың, жоғары оқу орындары студенттерінің, әдебиеттанушылардың, фольклортанушылар мен тарихшылардың арасында тың жаңалық ретінде қабылданып, тіпті ТМД елдері ғалымдарының тарапынан да оңды пікірлер білдірілді.
Екіншіден, іргелі зерттеу барысында халық жадында сақталып қалған топонимдік әңгімелердің жанрлық ерекшеліктері айқындалып, ғылыми сипаты нақтыланды. Әсіресе, оның аңыз, әпсана, хикаят, әңгіме түріндегі үлгілері жеке-жеке қарастырылып, өзге де фольклорлық жанрлармен байланысы, эпостық туындылардағы, әсіресе дастандардағы, тарихи жырлар мен өлеңдердегі қолдану аясы жан-жақты ашылды.
Үшіншіден, жер-су атаулары туралы халық шығармаларының ел тарихына қатыстылығы, әр кезеңдерде өмір сүрген хан-сұлтандар, би-шешендер, батыр-бағландар, ақын-жыраулар сынды танымал тұлғаларға, қоғам қайраткерлеріне байланыстылығы терең зерделеніп, олардың ұлттық тарихта алатын орны дәлелденді, тұжы­рымдар негізінде айқындалды. Сөйтіп, ілгергі кезеңде бұл тақырып тіл білімінің негізінде, әдебиеттану саласында зерттеліп келген болса, аталмыш еңбекте ғалым топонимдік мұраларды ұлттық фольклордың құрамдас бөлшегі ретінде қарастырып, ғылыми дәлелдеп, қазақ фольклортануында алғашқылардың бірі болып «топонимдік фольклор» деген ұғымның негізін қалады.
Профессор А.Пангереевтің кеңес­тік идеологияның салдарынан ел жадынан шыға бастаған ілгергі-бергі ақын-жыраулардың, жыршы­лардың, тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылығы балалық шағынан бастау алды. Кейін студенттік, ұстаздық кезеңдерінде де олардың мұраларын жинау жұмыстары жалғасын тауып, бірте-бірте зерттеу нысанасына айналды. Олардың арасында «Ш.Бөкеевтің өмір туралы толғаулары», «Исатай – ­Махамбет көтерілісіне байланысты туған өлең-жырлар», «Шекті Мөңке бидің ғибраттары», «Алқалаған алты әлім, айтпаған сөзін қате деп…», «Қалың жұрт Шерниязды ұмытты ма?», «Әжібай би мен Арал батыр тұлғасы: аңыз бен ақиқат», «Ақындық тағдыр: үндестік пен жалғастық» (Б.Күлеев пен С.Торайғыров шығармашылығы негізінде), «Мағжан мен Бернияз шығармашылығындағы ұлт тағдыры», «Бернияз және Абай шығармашылығының сабақтас­тығы», «Б.Күлеев пен Рудаки шығарма­шылы­ғын­дағы табиғат лирикасы», «Бернияз Күлеев поэтикасы», «Шернияз шығармашылығы Қ.Жұмалиев зерттеулерінде», «Шернияздың шешендік сөздері», «Шернияз дүниетанымындағы экзистенциалдық сарын», «Шернияз және оның дәуірі», т.б. еңбектері бар.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінде қызмет істеген 30 жылдың көлемінде Абат Шамұлының атқарған еңбегі зор. Студенттерге дәріс оқып ұстаз атанды, кафедра меңгерді, декан болды. Қазір де Абайтану және ұлттық руханият ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі міндетін атқарып келеді. Бірақ ол еш уақытта іргелі ғылымнан қол үзген емес. Ол ұстаздық пен лауазымдық қызметтерді атқара жүріп «Жер-су атауларының поэтикасы», «Шекті Мөңке бидің ғибраттары» (Ж.Асановпен бірге), «Әдебиет және топонимика», «Бернияз Күлеев поэтикасы» (А.Абдуллинамен бірге), «Топонимдік фольклордың жанрлық түрлері», «Әдебиеттануға кіріспе», «Қазақ фольклорының мифтік-топонимдік негіздері», «Қазақтың топонимдік фолкьлоры», «Фольклордың ұлттың негіздері», «Жер-су атаулары және ұлттық руханият» сияқты монографиялық еңбектер мен оқу құралдарын жазды.
Абат Шамұлы – бойына бірнеше қасиеттерді тоғыстыра білген зерделі зерттеуші. Оның әдеби жәдігерлерді жинаудағы, фольклортану саласындағы, әсіресе атамекен – жер-мұраның жоқшысы ретіндегі қажырлы еңбегі атап өтуге тұрарлық деп есептейміз. Ғалымның алдағы уақытта фольклортануда да, жас ұрпақты тәрбиелеуде де нәтижелі еңбектер атқара беретініне сеніміміз мол.

Тоқтар ӘЛБЕКОВ, 
филология ғылымының 
кандидаты