Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Жоғары білім берудің кадрлар даярлауға бағытталған саясаты» тақырыбында жұмыс берушілермен кездесу

«Жоғары білім берудің кадрлар даярлауға бағытталған саясаты» тақырыбында жұмыс берушілермен кездесу

Ағымдағы жылдың 22 қаңтар күні Педагогика факультетінің ұйымдастыруымен «Жоғары білім берудің кадрлар даярлауға бағытталған саясаты» тақырыбында жұмыс берушілермен кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты — педагогика факультеті құрамындағы білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірлесіп құрастыру, ұсынылған пәндерінің өзектілігін анықтау, қазіргі сұранысқа ие кадрлар даярлаудағы ортақ мақсат-міндеттерді айқындау.

Кездесуге факультеттегі барлық білім беру бағдарламалары бойынша 30-дан астам мекеме басшылары, директор орынбасарлары, мектепке дейінгі ұйым меңгерушілері, әдіскерлер қатысты. Кездесу барысында кафедра меңгерушілері білім беру бағдарламалары бойынша 2019-2023 жж. арналған модульдік білім беру бағдарламаларымен таныстырып, жұмыс берушілердің ұсынған пәндеріне презентация жасаса, жұмыс берушілер өз тарапынан ұсынған пәндерінің өзектіліктеріне тоқталды. Соның ішінде, Ақтөбе қаласы №21 Үш тілде оқытатын мектеп-гимназиясының директор орынбасары Ж.М. Жарылғасова 6В013-Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығының модульдік оқу бағдарламасына ұсынған «Бастауыш мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығы», «Кіші мектеп оқушыларының құзіреттілігін қалыптастыру» пәндерін ұсынуда бастауыш мектеп оқушыларын оқытудағы аса қажеттілігіне тоқталды. №33 «Нұрсәт» мектепке дейіңгі ұйым меңгерушісі Б.К. Кусмамбетова 2004 жылдан бастап практика базасы ретінде жұмыс жасап келетінін айтып, 6В012- «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының модульдік білім беру бағдарламасына ұсынылған «Тәрбиеші-психолог», «Тәрбиеші-логопед» траекторияларындағы пәндердің болашақ мамандар үшін құндылығының арта түсетінін айтты. «Рефлексия» психологиялық орталығының жоғары санатты психологі И.А. Украинцева «HR-маман» траекториясы бойынша ұсынылатын «Кеңес беру психологиясы» пәнінің психолог мамандарға қажеттілін айтып, жазғы демалыс уақытында психолог студенттерімен жазғы мектеп ұйымдастыру мәселесіне тоқталды.

Кездесуге қатысқан университеттің Оқу және оқу –әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, профессор Бибігүл Әбенова, Білім беру процесін ұйымдастыру департаментінің директоры Сабырғали Бишекен, оқу-әдістемелік бөлім басшысы Айнұр Қадырқұлова, факультеттің профессор-оқытушылары мен қала орта мектептері, мектепке дейіңгі ұйымдар, №1 қалалық педагогикалық-психологиялық-медициналық кеңес беру, №11 «Ақбота» көруі мен сөздері бұзылған балалар үшін мектепке дейінгі арнаулы «коррекциялық» ұйымы, ПДТ балаларға арналған облыстық арнайы (түзетім) мектеп-балабақшасы, Облыстық арнайы (түзетім) есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат-колледжі, «Батыс Қазақстан медиация орталығы», қалалық психологиялық орталықтар және т.б жұмыс беруші мектеп директорлары, педагогтар, мектепке дейінгі ұйым меңгерушілері, практик-психологтары кадрлар даярлаудағы бірлесіп шешетін өзекті мәселелерге тоқталып, жан-жақты шешу жолдарын талқылады.

Кездесу барысында қалалық жұмыс берушілер ұсынылған пәндерінің маман даярлау барсындағы қажеттілігін түсіндіріп, алдағы уақытта педагогика факультетімен бірлесе жұмыс жасау ниеттерін білдірді.

Жандарбек ИМАНЧИЕВ,

Педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы, PhD