Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қос университет табысы

Қос университет табысы

Бүгін Алматы менеджмент университетінің ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира Құрғанбаева, осы университеттің Бірінші проректоры, философия ғылымдарының докторы, доцент Алмагүл Қанағатова,  «Самұрық-Қазына» АҚ жанындағы Әлеуметтік өзара ықпалдастық және қарым-қатынас тәуелсіз аналитикалық орталығының бас директоры Ербол Исмаилов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің басшылығымен кездесті.

Алматы менеджмент университеті делегациясының келу мақсаты –Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жұмысымен танысып, тәжірибе алмасу және білім мен ғылым саласында ынтымақтастық орнату. Кездесуде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков  университеттің стратегиялық даму бағыты жайын таныстырды.

Басқосу барысында қос университет басшылары алдағы уақыттағы ынтымақтастық жайында сөз қозғап, болашақтағы іс-шаралар жоспарын талқылады. Сондай-ақ, байланыстарды жүзеге асыру бағытында біріккен жол картасын құру, қос университеттің стратегиялық даму бағыттары бойынша тәжірибе алмасу,  Ақтөбе агломерациясының қарқынды дамуы жағдайында Қ.Жұбанов атындағы  Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін  білім беру хабына айналдыру мәселесі, университетте урбанистика, қала дизайны,  өңірдегі бизнес мектептері жобаларына араласу мәселелерін көтеру, өңірдегі өнеркәсіптердің жылдық табысының 1%-ын ғылымды дамыту мақсатында университетке бөлу,  ғылымды  коммерциализациялау, цифлық технология негізінде жұмыс жасау, халықаралық байланыстар, кәсіптік бағдар беру жұмысының жаңа механизмдерін іске қосу мәселелері сөз болды.

Алматы Менеджмент университетінің ректоры Гүлмира Құрғанбаева ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық екі жаққа да пайдалы әрі тиімді екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-дің мамандарды даярлау және оқыту бойынша тәжірибесі өте маңызды, екі университетті байланыстыратын ортақ мақсаттар көп. «Сондықтан алдағы уақытта да ынтымақтастық пен серіктестігімізді одан әрі нығайтып, ел игілігі үшін көптеген жарқын жобаларды бірлесе отырып іске асыратын боламыз», — деді Гүлмира Аманжолқызы.

Кездесу барысында екі университет арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық келісімшартқа қол қойылды. Кездесуді қорытындылаған ректор Бауыржан Аманкелдіұлы екі университет арасындағы ынтымақтастық үлкен көпір болатына сенім білдірді.

Айта кетейік, Алматы Менеджмент университетінің делегциясы алдағы екі күнде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әкімшілік-басшылық құрылымымен, профессор-оқытушылар құрамымен, білім алушыларымен кездеседі.