Вторник, Июль 14, 2020
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті өңірлік даму орталығына айналады

Жұбанов университеті өңірлік даму орталығына айналады

Жоғары оқу орындары жүйесін жаңғырту – заман талабы.  Ал, қазіргі заманғы университет қандай болуы керек? Бүгінгі таңда нені өзгерту қажет? Оқу ордаларында білікті маман даярлау үшін не істеу керек? Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде осы мәселелер талқыланды.

Ақтөбе өңіріне арнайы іссапармен келген Алматы менеджмент университетінің делегациясы бүгін университеттің бас оқу ғимаратында болып, ғылыми зертханалар мен орталықтар жұмысымен танысты.

Онда университет мұражайы мен «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы, Дербісәлі Беркімбаев, Ғалымжан Нұрышев, Мұхтар Арын, Тілеу, Қабақ, Әлім Алмат атындағы оқу кабинеттерін, Тахауи Ахтанов атындағы конференц-залды, Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісхананы,  «Материалдардың радиациалық физикасы», «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталықтарын және университеттің ғылыми кітапханасындағы Тұңғыш Президент атындағы электронды оқырман залын аралады.

Университеттегі сапары барысында Самұрық-Қазына» АҚ жанындағы Әлеуметтік өзара ықпалдастық және қарым-қатынас тәуелсіз аналитикалық орталығының бас директоры Ербол Исмаилов рухани жаңғырудың бір тармағы ретінде университетте студенттердің білімін жетілдіруде маңыздылығы зор тарихи тұлғаларға арналған кабинеттердің ашылуын жоғары бағалады.

Ректор Бауыржан Аманкелдіұлы бұл үрдістің университетте әлі де жалғасатынын, студенттер әр сабақ барысында осы тұлғалардың айтқан құнды ойлары мен өнегелі істерімен танысып, рухани дүниелерін байытып отыратындығына тоқталды. «Мұхтар Арын тек университетке ғана емес, Ақтөбе өңіріне үлкен серпіліс әкелген адам болған. Абайтану мәселесін көтерген. Біз сол кісінің бастамасын әрі қарай дамытып, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығын аштық. Қазақтың қай облысы да бір-бірімен тығыз байланысты. Дегенмен, Шығыс-Батыс арасындағы байланысты терең зерттеуді жолға қоятын боламыз»,- деді,  қонақтарды Мұхтар Арын кабинетімен таныстыру барысында.

Сондай-ақ, Бауыржан Аманкелдіұлы:  «Қазіргі кезде университетте жағдайы сын көтермеген кабинеттерге көңіл бөліп, бір жыл көлемінде бірнеше кабинеттер жөндеуден өтіп, жасақталды. Сондықтан да  ашылған жаңа кабинеттерде студенттерге толыққанды білім алып, ғылыми ізденістермен  айналысуларына  толық жағдай жасалып отыр», — деді.

Жалпы, Ақтөбе өңірлік университетінің жұмыс барысымен танысқан қонақтар  зертханалар мен орталықтарды аралау барысында  ұсыныстарымен қатар пікірін де білдіріп өтті.

Өз кезегінде  Алматы менеджмент университетінің ректоры Гүлмира Құрғанбаева  «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмысы мен  университетте орын алған жаңа өзгерістерге оң бағасын берді.

Одан кейін делегация Құдайберген Жұбанов атындағы конференц-залда университеттің әкімшілік-басшылық құрылымымен кездесуге қатысты.

Кездесуде университет түлегі, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира Құрғанбаева: «ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл – «Жастар жылы» болып жарияланғаны бәрімізге мәлім. Ал, жастардың қалыптасуында білім беру жүйесі үлкен рөлге ие. Қазіргі таңда біздің оқу орнымыз Жұбанов университетімен тығыз байланыс орнатуда. Осы екі университет арасындағы байланыстар нәтижесінде біздер жаңа стратегия, әртүрлі зерттеу жобаларын, оның ішінде халықаралық жобаларды жүзеге асырып, жаңа рухани құндылықтарды қалыптастыра аламыз.  Жұбанов университеті тек Ақтөбе облысының ғана емес, сонымен қатар Каспий аймағы, Ресей Федерациясы мен Орталық Азия аймағы жастары тоғысқан білім хабына айнала алады. Өйткені, Жұбанов университеті базасы педагогика, экономика, технология және өндіріс салалары бойынша ең сапалы білім мен үздік трансферлердің бірі болып табылады. Сондықтан, Батыс өңірінің білім беру хабы — Жұбанов университеті негізінде қалануы керек. Ал, біз өз тарапымыздан кәсіпкерлік, менеджмент және студенттік кәсіпкерліктің экожүйесі саласында жинақтаған барлық тәжірибелеріміз, технологияларымыз және инновацияларымызбен бөлісуге дайынбыз» — деді. Сөз соңында  Гүлмира Аманжолқызы жақын күндері Алматы менеджмент университетінің қысқы мектебінде тәжірибе жинақтаған Жұбанов университетінің құрылым басшылары мен оқытушыларына сертификаттар табыстады.

Содан кейін сөз алған университет түлегі, «Самұрық-Қазына» АҚ жанындағы Әлеуметтік өзара ықпалдастық және қарым-қатынас тәуелсіз аналитикалық орталығының бас директоры Ербол Исмаилов: «Мен Жұбанов университетінің түлегімін. Өзім тәлім-тәрбие алған қара шаңырақтың дамуына өз үлесімді қосатын кез де келіп жетті. Түлектер қауымдастығының (Alumni Community) мүшесі ретінде Алматы менеджмент университетімен бірге біздер Жұбанов университетінің базасында Стартап академия, жаңа білім бағдарламалары мен онлайн оқытуды жүзеге асыру, виртуальды кітапхана мен өзіндік білім беру контентін дамыту сияқты жоспаларымыз бар. Сондай-ақ, жақын аралықта үлкен Zhyubanovfest студенттік фестивалін өткізу да ойымызда бар», — деп, талай ғұламалардың тарихта таңбасы қалған киелі Ақтөбе  жерінде туғанын мақтанышпен жеткізді.

Ал, «Табысты университет, тиімді педагогтар, жігерлі студенттер — Жұбанов университетінде» тақырыбында  баяндама жасаған Алматы менеджмент университетінің бірінші проректоры Алмагүл Қанағатова жоғары оқу орнының жаңа бағыттарына, университет дамуының нақты қадамдарына, инновациялық мектептер, білім сапасын жақсарту және профессорлық-оқытушылық құрамның даму траекториясына аса көңіл бөлді. Ақтөбе өңірін «таланттар отаны» деген ол, Жұбанов университеті қала жастарын тартатын интеллектуалды орталық болатынына сенім артты.

Кездесу соңында университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы  құрмет белгісі ретінде университет  түлегі  Гүлмира Құрғанбаеваны  арнайы Жұбанов медалімен марапаттап, Алмагүл Қанағатова мен Ербол Исмаиловқа Алғыс хат табыстады.

Одан кейін спикерлер Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушыларымен кездесіп, мотвациялық сессия өткізді. Оған қатысушылар оқыту мен білімдегі жаңашылдықтар турасында ойларын ортаға салды. Басқосуда  ғылым саласындағы жаппай байланыс жүйелерінің жаңа реформалары, халықаралық ынтымақтастық жолдары талқыланды.