Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Рухани жаңғыру аясындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

Рухани жаңғыру аясындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереевтің 60 жасқа толуына арналған «Әдеби-рухани мұра: мәдениетаралық коммуникация контексінде» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өтті.

Бүгінгі конференцияның мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының бағытымен үндесетін топонимдік фольклорды ұлттық фольклордың бір саласы ретінде қарастырып, оның ішкі жанрлық түрлерін айқындап, топонимдік фольклордың басқа да фольклор жанрларында көрініс беретін ерекшеліктерін зерттеген ғалымның мұраларын насихаттау.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінде 30 жылға жуық қызмет атқарған мерейтой иесі Абат Шамұлының атқарған еңбегі орасан зор. Ұзақ жылдар қазақ әдебиеті, журналистика кафедрасының меңгерушісі болды, филология, сырттай бөлімнің деканы лауазымын атқарды. Қазір «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі міндетін атқарады. «Жер-су атауларының поэтикасы», «Шекті Мөңке бидің ғибраттары», «Әдебиет және топонимика», «Бернияз Күлеев поэтикасы», «Топонимдік фольклордың жанрлық түрлері», «Әдебиеттануға кіріспе», «Қазақ фольклорының мифтік-топонимдік негіздері», «Қазақтың топонимдік фолкьлоры», «Фольклордың ұлттың негіздері», «Жер-су атаулары және ұлттық руханият» сияқты монографиялық еңбектер мен оқу құралдарының авторы. Бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда алдымен ұстаз-ғалымның осы күнге дейін жүріп өткен өмір жолын қамтитын бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.

Ғылыми шараны университет ректоры, профессор. Бауыржан Ердембеков ашып, университет ректораты мен университет ұжымы атынан құттықтады. Сөз соңында Абат Шамұлы мен Сейіт Асқарұлын «Жұбанов медалімен» марапттап, иығына шапан жапты.

Ғылыми шарада облыс әкімі Сапарбаев Бердібек Машбекұлының, облыс әкімінің орынбасары Тоқжанов Марат Лұқпанұлының, облыстық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Елеусінова Бұлбұл Ораққызының, Ақтөбе қалалық мәслихатының төрайымы Шынтасова Сұлупан Панақызының, Қалалық кәсіподақ төрайымы Серікова Раушан Серікқызының, «Ақтөбе облысының Тілдерді дамыту басқармасы» ММ «Тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры Серғазина Клара Хакимғалиқызының арнайы құттықтау хаттары оқылып, сый-сияпаттары тарту етілді.

Сонымен қатар пленарлық мәжіліске Орынбор, Астана, Алматы, Көкшетау, Маңғыстау, Қарағанды және өзге де қаланың ғалымдары қатысып, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Сейіт Қасқабасов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы және филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев, Орынбор мемлекеттік университетінің «Орыс филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Юлиана Пыхтина, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Нариман Нұрпейісов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы сынды ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

Баяндамашылар фольклортанушы ғалым, профессор Абат Пангереевтің ғылыми-теориялық еңбектерінен бастап, әдебиет пен фольклор, лингвистика саласындағы мәселелер, еліміздегі киелі орындар, көнетүркілік атаулары, қазіргі ономастика, топонимика, тағы сол сияқты тақырыптарда тұщымды баяндамаларын жасады.

Белгілі филолог-ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда оның еңбектері сараланып, филология ғылымына қосқан еңбегі айтылды. Пленарлық мәжілісте мерейтой иесін құттықтаған университеттің факультет декандары мен құрылым басшылары ізгі тілектерін жеткізсе, зиялы қауым өкілдері мен шәкірттері, әріптестері ұстаз-ғалымның өмірі мен қызметінің ерекше есте қалған тұстарын айтып, тұлғалық қасиеттері мен оның өмір тағылымы турасында сөз сөйледі.

Ғылыми шара университеттің Нұрпейіс Байғанин атындағы ғимаратта секциялық мәжілістерімен жалғасады. Филология факультеті орналасқан ғимаратта республикаға белгілі ғалым және айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазымен жас ақындардың кездесу кеші және автордың «Шетел әдебиетінің тарихы» кітабының таныстырылымы өткізіледі.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университеті

Баспасөз қызметі бөлімі

https://www.bilimdinews.kz/?p=26902