Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты студенттермен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты студенттермен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты Әлия Сапарованың жұмыс сапары оқу орнымен танысудан басталды. Бұдан соң, Жұбанов университетінің студенттердің басын қосқан жиынға қатысты.

Әлия Сүйіндікқызы  залда отырған студент-жастарға өзінің Қостанай өңірінде өткен жастық кезеңін сағына еске алып, әдемі әңгімесін бастады. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Елбасы Жолдауында өзекті мәселелер, еліміздің заңдарын қабылдау және қол қою процесі туралы айта келіп, Жолдаудың басым бағыттарына тоқталды. «Алдына үлкен мақсат қойған ел – ізгі мұраттарына жетеді. Сіздер, жастар, қоғам­ның иесі боласыздар! Сондықтан зайырлы қоғамның интеллектуалды тұлғалары болуларыңыз қажет. Ақылды, білімді болуларың керек», – деді.

Мәжіліс депутаты  Ә.Сапарова Жастар жылының маңыздылығын сөз етіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік жасалып жатқандығын атап өтті.  «Сіздерге, бүгінгі студенттер қауымына аға буын үлкен үміт артып отыр. Сіздер – елдің тірегісіңдер, мемлекетіміздің жарқын болашағы сендердің қолдарыңда», – деді.

Сөз соңында Әлия Сүйіндікқызы студенттерді Елбасы артқан сенім үдесінен шығып, Отанымыздың гүлденуіне қызмет ететін ұлт патриоты болуға шақырды.

Кездесу  барысында білім алушылар  өз ойларымен бөлісіп, білім беру саласындағы өзекті күрмеленген мәселелерді жоюдың барыстары туралы ұсыныстарын да білдірді.

Халық қалаулысының студенттермен кездесуі сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Жиын соңында университет жастары депутаттың Елбасы Жолдауы мен Жастар жылына қатысты туындағын сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.