Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбеде қос тұлғаның есімі ұлықталды

Ақтөбеде қос тұлғаның есімі ұлықталды

Өткен жұма күні Ақтөбе қаласындағы Ә.Кекілбаев атындағы №72 орта ITмектеп-лицей ғимаратында «Өткен мен бүгіннің арасы: ғибратты ғұмыр, ғұлама тұлға» атты ғылыми-зерттеу конференциясы өтті. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы мен батыр Бөкенбай Қарабатырұлының тарихи тұлғасына арналған шара Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орайластырылды.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, зиялы қауым мен педагогика саласының өкілдері, оқушылар қатысқан шараны ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев жүргізіп отырды. Мектепке бармастан бұрын-ақ әріп танып, қаршадайынан үлкен-кішіге зеректігімен танылған Әбіш Кекілбаев туралы сыр шерткен қаламдас інісі оны қазақтың әдебиетшілері ғана емес, шетелдік ақын-жазушылардың да жоғары бағалағанын атап өтті. Оған мысал ретінде даңқты қаламгердің алғашқы таңдамалы жинағы одан соң екі томдығы орыс, қазақ тілінде емес, ең әуелі Германия мемлекетінде неміс тіліне тәржімаланып, басылып шыққаны айтылды. Кіріспе сөзден кейін ортаға шығып, ақынның «Дастарқан жыры», «Туған жер», «Минут», т.б. өлеңдерін мәнерлеп оқыған шәкірттер де жиынның шырайын аша түсті.

— Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында басты жеті бағытты атап берген болатын. Ең бастысы — нар тұлғалы, қазақ халқының бүгінгідей белесіне өзіндік үлесін қосқан, өз саласы бойынша өлшеусіз еңбек еткен азаматтарды ардақтау керектігін жазған болатын. Осыны қаперге ала отырып, аталған шағын ауданның тұрғындары, белсенді азаматтар мына мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанда, «Әбіш Кекілбаевтың есімімен атасақ…» деген ұсынысын білдірген еді. Көп тілегі қабыл болып, бастама сәтті жүзеге асты. Меніңше, бұл өте дұрыс іс болды.

Әбіш Кекілбаевтың көзін көргендер бар, соларды жастардың алдына осылай жинап, ұлы жазушының нендей еңбек сіңіргенін, оның қоғамға, еліміздің дамуына қосқан үлесі туралы жиі-жиі айту керек деп есептеймін. Өйткені бұл өскелең ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге.

Қайраткер қаламгер жауапты мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, қолынан қаламын да тастаған жоқ. Тарихымызды түгендеуге атсалысты. Соның ішінде Әбіш Кекілбаев Бөкенбай батыр туралы жазып, тарихи тұлғаны елге танытты деуге болады. Ол кісінің қолбасшының жеңістері, қазақ тарихындағы ерек орны жайлы жазғаны ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатыны хақ. Осы орайда қаланың 150 жылдығы аясында Бөкенбай батырға арналған ескерткішті салтанатты түрде ашуды жоспарлап отырмыз. Батыр бабамызды ұлықтауда барлығымыз жұмыла іске кірісіп, оның ескерткішінің ашылуын жоғары деңгейде өткізуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені батыр бар қазаққа ортақ.

Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіре отырып, бұның тек бастама екенін, алдағы уақытта да тарихи тұлғаларымызды ұлықтау жұмыстары жалғаса беретінін айтқым келеді, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Одан соң сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Алпысбай Мұсаев «Әбіш — ұлт мақтанышы» тақырыбы бойынша баяндама жасады:

— Әбіштің шығармашылығына арналған осындай конференцияның өткеніне, оның есімі Ақтөбедегі мектепке берілгеніне қуанып отырмын. Өз басым бұны қаламгер ретінде ұлт руханиятына жасалған құрмет деп қабылдадым. Осының бәрін ұйымдастырған атқарушы билік өкілдеріне, белсенді топқа алғысымды айтамын.

Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетіне тегеурінді толқын келді. Оның басында, әрине, Әбіш Кекілбаев тұрды. Алып тұлғалы Әбекеңді қазақ әдебиетінің классигі деп айтуға толық негіз бар.

Ең алғаш баспасөз беттерінен оның «Ажар» деген триптихін оқығанда, «осылай да жазуға болады-ау» деп таңғалдым. Айтайын дегенім, оны тілі, стилі өзгелерге мүлде ұқсамайды. Шұрайлы, — деп, жыл өткен сайын Әбіш бейнесі биіктей беретініне күмән келтірмейтінін келтірді.

Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Аман өз сөзінде Әбіш Кекілбаевтың шығармаларының кейіпкерлерінің бірі — Бөкенбай батыр екенін, бөкенбайтану ғылымында сөз зергерінің алатын орны бөлек екенін қосты.

Сондай-ақ, батырдың жүріп өткен жолы, тарихи тұлға ретіндегі орнына тоқталды.

Конференция барысында педагогика ғылымдарының докторы Айсұлу Тасымова, ҚР Бейбітшілік пен келісім кеңесінің облыстық филиалы төрағасы Келдібай Еспағамбетов, жоғарыда аталған мектептің мұғалімдері Мереке Шәріпов, Мәншүк Мұхамбетқазина тақырыпқа қатысты өздерінің ой-пікірін ортаға салса, «Алаш парызы» қорының төрағасы Серік Әбілжанов қаламгердің аты берілген мектеп-лицей ұжымына Бөкенбай батырдың ерлігі баян етілген кітаптарды сыйға тартты.

Шара барысында Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы «Кемеңгер тұлға» бейнефильмі көрсетілгенін айта кету керек.

Соңында қатысушылармен бірге конференцияның ұсынымы қабылданды. Соған сәйкес, «Әбіштану», «Ұлы дала батырлары» оқу курстарын жүргізіп, «Әбіш оқуларын» ұйымдастыруға, қаламгердің атын ұлықтауға бағытталған басқа да шараларды өткізу келісілді.

Айта кетейік, конференция аясында пленарлық мәжілістен бөлек, жоғары сынып оқушыларына арналған «Интеллект-экспресс ІТ алаңы» интеллектуалдық олимпиадасы, мұғалімдер үшін «Мәңгілік ел» идеясы Әбіш көзімен» импровизациялық батл мен «Терең сезімнің тұнбасы» диалог алаңы ұйымдастырылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.