Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің ғалымдары облыстық өндірістерде жүзеге асыратын жобаларын ұсынды

Жұбанов университетінің ғалымдары облыстық өндірістерде жүзеге асыратын жобаларын ұсынды

Бүгін Жұбанов университетінде ғалымдары мен Ақтөбе облысының инвестор-компания өкілдерінің қатысуымен семинар өтті. Университеттің әкімшілігі, факультет декандары, Ақтөбе облысы индустриалды-инновациялық даму басқарамасы өкілдері, инвестор-компаниялар өкілдері, Ақтөбе облысы бойынша статистика департаментінің өкілдері қатысқан семинар барысында кейіннен жер қойнауын пайдаланушылар мен тұтынушыларға ғылыми және практикалық зерттеулер нәтижелерін беру мақсатында кәсіпорындардың технологиялық, өндірістік және экологиялық проблемаларын шешу жолдары талқыланды.

Өз кезегінде Ақтөбе облысы индустриалды-инновациялық даму басқарамасының басшысы Дархан Ермағанбетов: «Ақтөбе облысының индустриалды-инновациялық даму басқармасы Ақтөбе облыстық статистика департаментімен бірге мұндай семинарды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Семинардың басты мақсаттарының бірі — облыстық өндірісте пайдалану үшін жергілікті ғалымдарымыздың ғылыми ізденістерін қолдау болып табылады. Сонымен қатар биылғы Жастар жылы аясында жас ғалымдар басты назарда болатынын атап айтқым келеді» — деді.

Алғашқылардың бірі болып ғылыми жобаларын Жұбанов университетінің Стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы Қуанышбек Шүңкеев ұсынды. Ол жиынға қатысушылар назарына Иондаушы сәулеленудің әртүрлі түрлеріне ұшыраған кезде импульстарды жазу дәлдігін арттыруға мүмкіндік беретін тордың симметриясын төмендету арқылы сцинтилляторлардың конверсия тиімділігін арттыру үшін ғылыми көзқарас негізіндегі «Қазақстан Республикасының әскери-ғарыштық кешені үшін жылжымалы сцинтилляциялық-дозиметрлік детекторларды жасау технологиясы» жобасын таныстырды. «Мақсатқа жету тәсілі қатты күйдегі сцинтилляторлардың ішкі люминесценция қарқындылығының артуына алып келетін торлы симметрияны бір осьты деформациямен (<100> және <110>), азайтудың эксперименталды әдісін жасау болып табылады», — деген ғалым сцинтилляциялық материалдардың люминесценция сипаттамаларын өлшеуге арналған экспериментальды қондырғының блок-схемасын ұсынды. Сондай-ақ,  Қуанышбек Шүңкейұлы жылжымалы сцинтилляциялық дозиметрлік детекторды құру кезеңдері туралы да сөз қозғады.

Ғалымның келесі жобасы Ақтөбе облысының кен орындарын диатомитпен байыту технологиясы негізінде алкогольды өндріс қалдықтарын жоюға бағытталған. Қуанышбек Шүңкеев екінші жобасы бойынша жасалған баяндамасында диатомиттің ерекшеліктеріне тоқталып, жоғары қауіпті ауыл шаруашылығы аумағы үшін өте қажетті диатомит қорының Қазақстан Республикасы бойынша Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында шоғырланғандығын атап өтті.

Сонымен қатар профессор түйіршіктер түрінде диатомитпен байытылған бардтардың ылғалды жұту, өткір жағымсыз қышқыл иісті жұту, бардтарды кремниймен, кальциймен және де басқа минералдармен байыту, антисептикалық қасиеттері, азықтың энергия құрамын арттыру,  механикалық және пневматикалық көліктермен біркелкілігін бұзбай тасымалдауға ыңғайлылығы, шаруашылықта жем-шөп тасымалдауды толығымен механикаландыруға қолайлылығының артықшылықтары туралы әңгімеледі. Диатомдық балдырлар жасушаларының бірегей құрылымы су тазалау жүйесін, мұнай өнімдерін, майлар, өсімдік майларын, уксус қышқылын, сыра, шарап, жеміс шырындарын паразиттер мен әртүрлі лас қоспалардан тазарту және сүзу жұмыстары үшін пайдаланылады. Қазіргі таңда Ақтөбе облысындағы актуалды мәселелердің бірі ауызсу тазалығы. Профессордың сөзінше, диатомит медицинада да қолданылады. Адам ағзасын паразиттерден тазалауға диатомит негізіндегі биологиялық массалар ықпал етеді. «Адам ағзасына енген кремний диоксиді (кремнезём) оның денсаулығына жағымды әсер ететін биологиялық белсенді ортосилик қышқылына айналады» — дейді, Қуанышбек Шүңкейұлы.

Ал өзінің үшінші жобасында ол Ақтөбе облысының төтенше жағдайларын ғарыштық бақылау бойынша бағдарламалық кешені туралы баяндады. Аталған кешен су тасқыны мен құрғақшылық сияқты төтенше жағдайлардың алдын алу мен даму, табиғи-шаруашылық жүйелердің қауіпсіздік деңгейі мен тиімділігін арттыру үшін гидротехникалық құрылыстарды жобалау, төтенше жағдайлар кезінде  жұмыс жасап тұрған гидротехникалық құрылғылар мен дренаждық коммуникациялардың сараптамасын жасау, реттелетін ағын су жағдайында су тасқыны аудандарының оңтайлы гидрологиялық режимдерді анықтау мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

«Оценка ТЭП переплава пыли от дробления высокоуглеродистого феррохрома на ВУФХ в дуговой печи постоянного тока типа ДППТ-1» жобасы ТҰК «Казхром» АҚ-ның жұмысына негізделген жобаның авторлары  «Металургия және тау-кен ісі» кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Келаманов пен осы кафедраның доценті Өтеген Сариев. Үлкендігі – 1мм классына жататын шаң қалдықтарын ұнтақтау және фракциялау процесін сипаттайтын жобаны таныстырған Өтеген Рафхатұлы бұл шаңды коммерциялық өнімге айналдыру — техногенді шикізатты металлургиялық өңдеуге тартудың өзекті міндеттерінің бірі екендігін алға тартты. Оның сөзінше,  аталмыш шаң қалдықтарындағы металлды хром көлемі 64-70%. Ал, ТҰК «Казхром» АҚ өндірілетін шаң қалдықтары жылына 5 мың тоннаны құрайды. Жұқа шаң класстарына жататын ВУФХ құрылымына байланысты сақтау және тасымалдау кезінде қайтарымсыз шығындарға әкеп соқтыруы мүмкін.

Жергілікті ғалымдардың басын қосқан бұл ғылыми жиын барысында басқа да көптеген жобалар ұсынылып,талқыланды. Олардың ішінде құрылыс материалдары мен асфальтобетондарды сынақтан өзткізу зертханасы, аддитивті технологиялар мен роботехникаларды өндірісте, медицинада, ауыл шаруашылығында, инжинирингтік салада пайдалану, полимерді су құбырларын өндіру, Қазақстанның терең карьерлерінде тегіс көлбеу транспортерді пайдаланып, циклдық ағын технологиясын пайдалану негіздемесі, автомобильді жолдар – ROBUR Topomatic бағдарламасының жаңа мүмкіндіктері мен роторлы өрт сөндіру қондырғысы сияқты жобалар кездесті.

Бүгінгі семинарда талқыланған жобалар негізінде Ақтөбе облысының статистика департаменті ұсынылған ғылыми ізденіс нәтижелерін өндірісте қолдану бойынша сараптама жасайтын болады.