Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Білім бағдарламаларын жаңарту және білім сапасы

Білім бағдарламаларын жаңарту және білім сапасы

2019 жылдың 11-13 ақпаны аралығында оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Бибігүл Әбенованың басшылығымен жаңа нормативті-құқықтық актілер мазмұнына сәйкес білім беру бағдарламасы құрылымындағы өзгерістер мен жаңарту мәселелерін түсіндіру мақсатында университетішілік ақпараттық топ жұмыс жасады.

Ақпараттық топ жұмыс кестесіне сәйкес әр факультеттің профессор-оқытушылар құрамымен жеке кездесулер өткізді. Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Бибігүл Сейілқызы университеттің академиялық саясаты негізінде жүзеге асырылатын білім
беру қызметін және оны жоспарлау мен жүзеге асыру жолдарын, ақпараттықтүсіндіру тобы мүшелері-Білім беру процесін ұйымдастыру департаментінің директоры Сабырғали Бишекен, оқу-әдістемелік бөлім бастығы Айнұр Кадиркулова жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкес білім беру бағдарламаларын әзірлеудің негізгі
басымдықтарын, атап айтқанда модульдік оқыту қағидаcын, пәндердің өзара байланыс логикасын, олардың жүйелілігі мен сабақтастығын және т.б. талаптарды ескеру қажеттілігін көрсетті.

Ақпараттық топ мүшелерімен бірге Алматы Менеджмент Университетіндегі «Қысқы мектеп» оқуларына қатысқан педагогика факультетінің деканы Жанна Жусупова мен филология факультеті деканы Күлзат Садирова білім беру процесіндегі тиімді оқыту технологиялардың бірі IT технологияларды қолдану жайлы ақпараттармен таныстырды.

Білім беру бағдарламасының мазмұны мен құрылымы білім алушының кәсіби құзыреттілігінің жиынтығын құрайды, бұл өз кезегінде білім беру сапасын анықтайды. Сондықтан, білім беру бағдарламаларын құрастырудағы жаңа талаптар біліктілігі мен әлеуеті жоғары кадрларға қоғамның қажеттілігін қанағаттандыру және сапалы білімді қамтамасыз ету болып табылады.
Ақпараттық-түсіндіру тобының әр факультетте өткізген кездесулері білім беру  бағдарламаларын құрастырудың жоғарыда аталған қағидаларын іске асыру тетігін көрсетуге бағытталды.

Оқу-әдістемелік бөлім