Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов тарихшылары «Адамзаттың қысқаша тарихын» талқылады

Жұбанов тарихшылары «Адамзаттың қысқаша тарихын» талқылады

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарихшылары облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық Кеңсесінінің қызметкерлерімен бірге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген, әлемдік жауһарлардың бірі Ювал  Харраридің «Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабын студенттер мен магистранттардың қатысуымен талқылап, өз ойларын ортаға салды.

Гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы оқу орындарында  қолданылатын әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықтың қазақ тіліне аударылуы баршамызды ерекше қуантуда. Дамыған елдермен терезең тең болу үшін өскелең ұрпақтың сауатты болғаны маңызды. Бұл оқулық – ұлттық болмысымызды сақтап қана қоймай, одан ары дамыта отырып, әлемдік өркениет көшіне ілесудің алғышарты.

Кітап жалпы адамзаттың Homo sapiens түрінің пайда болуынан бастап қазіргі дамыған қоғамға дейінгі кезеңнің тарихын баяндайды. Кітапта адамзат тарихының: 70 мың жыл бұрын қалыптасқан «когнитивті революция», 12 мың жыл бұрын қалыптасқан «аграрлық революция», 500 жыл бұрын басталған «ғылыми революция» 3 ірі революциясы туралы баяндалады.

Оқырмандардың көңілін аударатын тағы бір жағдай, автор 3 әлемдік экономикалық ахуал (алтын, монета, ақша қолданысқа еніп, сауда-саттық дамыды, барлығын ақша біріктірді), саяси ахуал ( империя қалыптасты. ХХІ ғасырдың халықтарының түгелге жуығы әлдебір империяның ұрпағы), діни ахуал (әлемдік діндер будда, христиан, ислам діндері қалыптасты. Діндердің пайда болуы ақша мен империялар сияқты адамзатты біріктірудің шешуші факторына айналды) қалыптасуы туралы ойлары.

Сөз соңында автор бақыт туралы әңгіме қозғайды. Адамдар пайда болғанынан бастап бүгінгі күнге дейін үздіксіз революция жүргізіп келеді. Небір ғаламат заттар жасағанмен әлі де көңілі толмай келеді. Жасаған, ойлап тапқан нәрселері бақыт әкелді ме? Біз мақсатымызға жетеміз деп өзге тірі ағзаларға залал тигізіп, ғаламшардың экожүйесін ойрандаумен келе жатырмыз. Әлі де бақытымызды таба алмай, не қалайтынымызды түсіне алмай жүрміз. Біз жауапсыз болып бара жатырмыз, деп — ойын аяқтайды.

Автордың бұл ойынан адамзаттың соңғы түрі Homo sapiens-тің өзі жасаған технологияларының кесірінен жер бетінен жойылып кетуінен сескенетінін байқауға болды. Иә, шынымен де адамзат қанша ғылыми-техникалық жетістіктерге қол жеткізді, бірақ әлі де қанағаттанбай келеді. Адамзат қазіргі қолда барын сақтай білсе, болар-ау деген апаттың да алдын алуға әлі де мүмкіндік бар екеніне көз жеткізуге болады.

Әрине, аталған еңбекті ой елегінен өткізіп, тарихи принциптерге сүйене отыра зерделеу керек. Бұл еңбекті ғылыми эталон ретіне қабылдауға болмайды. Ұлттық тарихымызбен ұштастыра саралаған дұрыс деп санаймыз.

Айта-тұрсада еңбектің жас тарихшылар үшін маңызын атап өтуіміз керек. Болашақта аталған оқулық пәндердің оқу-әдістемелік кешендерін құрастыру барысында пайдаланатыны белгілі.

 

 

Дәулет АБЕНОВ,  

Рухани жаңғыру облыстық кеңсесінің

үйлестірушісі, тарих ғылымдарының

 кандидаты, доцент