Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұлыларымызды ұлықтау ұрпақтар ісі

Ұлыларымызды ұлықтау ұрпақтар ісі

 Жұбанов университетінің Ғылыми кітапханасының №3 оқу залында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында «Азаттықты аңсаған Алаш» тақырыбында тарихи-танымдық  кеш өтті. Аталмыш шараны университеттің Жоғары колледжі және кітапхана қызметкерлері Жәния Сүндетова,  Назира Аметова ұйымдастырды.

Алаш арыстарын ардақтап, тарихымызды түгендеу мақсатында ұйымдастырылған шара ұйымдастырушысы Жәния Сүндетова: «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Алаштың басты мақсаты — қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға сай  бейімдеу еді. Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеяны ту етіп көтеруді табыстап кетті. Тарихымыздың қай кезінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген, — деп Елбасымыз айтқан болатын. Бүгінгі шара  сол ата-бабаларымыздың айтқан сөздері мен қылған еңбектерін жас ұраққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылып отыр», — деді.

Жоғары колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Ақжігітова өз кезегінде азаттықты аңсап өткен ұлт зиялылары турасында, тәуелсіздікке жету жолындағы олардың қадамдары жөнінде ой қозғады.

Жоғары колледждің «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығының студенттері Алашордашылардың күрделі өмір жолы, қасіретті тағдырлары бейнеленіп көрсетілген деректі фильм, әндер, сахналанған көріністерін көпшілік назарына ұсынды.

Тарихи-танымдық шара қонағы философия ғылымдарының кандидаты  Үмбетқан Сәрсембин сол кездегі қазақ қоғамының жағдайын, Алаш зиялыларының азаттық жолындағы ұстанымдары жайында баяндады. Ол Алаш арыстарының сол кездегі айқын ұстанымы, ұлттық идеясы ғасыр өтсе де маңыздылығын жоймағанын жеткізді.

Шара соңында кітапханашы Назира Аметова «Ұлы тұлғаларды уақыт та ұмыттыруға қауқарсыз» тақырыбындағы  кітап көрмесіне шолу жасады.