Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ерен еңбек бағаланған күн

Ерен еңбек бағаланған күн

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында Жұбанов университетінің Тарих факультеті орналасқан ғимаратқа және конференц-залға Қазақ ССР ҒА корреспондент-мүшесі, ХVIII–ХХ ғғ. Қазақстан тарихын көрнекті зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Сүлейменовтің есімі берілді. Сондай-ақ осы шара аясында  Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылуына 30 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлері құрметіне арналған оқу кабинеті ашылды. Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев, қала әкімі І.Испанов, Облыс және қала әкімдігінің өкілдері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, Қазақстан халықтар Ассамблеясының өкілдері, БАҚ өкілдері, оқытушылар мен студенттер  жиналды.

Аталмыш шаралар ҚР Президенті  Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында зерделенген мәселелерді жүзеге асыру,  өскелең ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту және еліміздің ұлт руханияты бағытында Отандық ғылымның дамуына үлес қосу мақсатында ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынды ашқан университет ректоры Бауыржан Ердембеков: «Тарих факультетінің ғимараты институт болып құрылған кездегі алғашқы ғимараттарымыздың бірі. Тарих факультеті орналасқан ғимаратқа белгілі тарихшының есімін беріп отырмыз, көрнекті тұлғалардың есімін беру — бізде үрдіске айналған. Осы шараның аясында Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне оқу кабинеттерін де ашып отырмыз», — деп, ер есімдері ешқашан ұмытылмайтынын және кейінгі толқын  жас ұрпаққа үлгі болатынын тілге тиек етті.  Сөз соңында Бауыржан Аманкелдіұлы Бекежан Сүлейменовтің бауыры Бақыткерей Әдманов пен  Ауған соғысының ардагері  Марат Қойлыбаевқа арнайы «Жұбанов медалін» табыстады.

Бекежан Сүлейменовтің мүсінін ашу салтанатты рәсімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Құрметті жиналған қауым! Биыл Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» көлемді мақаласы жарияланған болатын.  Соған орай ұлт зиялыларын тануда Жұбанов университетінде бірқатар маңызды шаралар атқарылып жатқаны бәрімізге мәлім. Осы ретте ғимаратқа тарихшы Бекежан Сүлейменовтің есімі беріліп,  оның құрметіне ескерткіш ашылуының символикалық мәні бар. Сондықтан өз мемлекетінің дамуы мен көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан тарихшының есімі берілгені қисынды деп ойлаймын. Осындай игілікті істерімізбен жас ұрпақты өз ұлтын сүюге, білім биігіне, ғибратты ғылымға, еңбек етуге тәрбиелеуіміз керек» , — деді.

Салтанатты жиында Б.Сүлейменовтің туысы Бақыткерей Әдманов тарихшының  өнегелі өмір жолымен таныстырды.

Одан кейін Ауған соғысы ардагерлері құрметіне арналған оқу кабинетінде «Қос шынар» ұйымының президенті, «Қос шынар» — Әлия-Мәншүк» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес Ауған соғысы ардагерлерінің жастарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі атқарып жатқан істеріне көңілі толатынын, Ауған соғысы ардагерлеріне қандай құрмет көрсетсе де артық болмайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Шындәулет Алдияров жиынға қатысушыларды құттықтап, Ауған соғысы жауынгерлерінің әскери жорық жолдары бүгінгі және келешек ұрпақ үшін үлгі-өнеге екеніне тоқталды.

«Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубының жетекшісі, «Құрмет» орденінің кавалері, Ресейдегі Ауғанстан ардагерлері одағының «За заслуги» орденінің иегері  Марат Қойлыбаев Ауған  соғысы  туралы және сол кездерде қатерге бел буып, батырлық пен қайсарлықтың  үлгісін көрсеткен, өздерінің Отан алдындағы парызына адал болған жауынгер достары туралы сыр ақтарды.

«Біздің қатарымыз кезінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қарап өсті, соларға ұқсап батыр болғысы келді. Енді біздің жауынгерлік ісіміз қазіргі жастардың бойындағы патриоттық сезімін нығайтып, ел қорғау сенімін бекітуі керек. Қазіргі арайлап атқан әрбір бейбіт танымызды қастерлеуіміз керек. Сонау Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен аталарымызды ұмытуға еш қақымыз жоқ. Келер ұрпақ та мұны жадынан шығармаған дұрыс»,- деп түйіндеді өз ойын.

Салтанатты кешті қорытындылаған тарих факультетінің деканы Гүлмира Купенова жиналғандарға ризашылығын білдіріп, жастарға патриоттық тәрбие беруде игілікті істердің жалға беретінін жеткізді.