Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғалым есімі ұмытылмайды

Ғалым есімі ұмытылмайды

Ақтөбеде белгілі ғалым, қазақтың алғашқы кәсіби тарихшыларының бірі, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бекежан Сүлейменовтің есімін есте қалдыру мақсатында үлкен шара өтті.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих факультетінің ғимаратына Бекежан Сүлейменовтің есімі беріліп отыр. Осыған орай сенбі күні аталмыш факультет ғимаратында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған облыс және қала басшылары, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, университет ұстаздары мен студенттер, Ауған соғысының ардагерлері, қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты.

Жиында сөйлеген құттықтау сөзінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаев:

— Қазақта өз ұлтының игілігі жолында аянбай еңбек еткен үлкен ғалымдар бар. Солардың бірі — Бекежан Сүлейменов. Ол халқымыздың ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы тарихын зерттеуге зор үлес қосты, тарихымыздың даңқты беттерін, ел басына күн туған сын сағаттардағы ата-бабаларымыздың ерлік істерін, ынтымақ-бірлігін паш ететін еңбектер жазып қалдырды. Кейінгі жас буын тарихшылар оның есімін ұмытпай, өздеріне үлгі-өнеге тұтулары керек. Сондықтан тарих факультеті ғимаратына Бекежан Сүлейменовтің есімі берілуі — өте құптарлық қадам, — деп атап өтті.

Облыс басшысы өзінің сөзінде тарихи сананы жаңғырту бағытындағы жұмыстарды жандандырудың маңыздылығына тоқтала келіп:

— Өткенсіз болашақ жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихымыздың тереңде екенін және өзінің тарихын білетін, қадірлейтін халықтың ғана жетістіктерге жете алатынын атап көрсетті. Тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған жұмыстар мемлекетімізді нығайта түсуге септігін тигізеді. Сондықтан біз Бекежан Сүлейменовтің бүгінгі ізбасарларына әрдайым сәттіліктер тілейміз, — деді.

Бұдан кейін ғимарат ішіне қойылған Бекежан Сүлейменов мүсіні салтанатты түрде ашылып, қонақтар оның атындағы конференц-залға барды. Осы жерде жиналғандар Бекежан Сүлейменовтің өмір жолы және қызметімен танысты, ғалым жайлы естеліктер де айтылды.

Сонымен қатар факультет ғимаратында кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай, ауған соғысы ардагерлеріне арналған оқу кабинеті де ашылды. Мұнда ауған соғысына қатысқан ақтөбелік жауынгерлердің тағдыры, жалпы, осы соғыстың қасіретті беттері жайлы материалдар жинақталған. Қонақтар алдында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков сөз алып, оқу орнында жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ,ол университет қабырғасындағы игі істерге демеуші ретінде атсалысқан Бақтыгерей Әдіманов, Марат Қойлыбаев, т.б. жанашыр азаматтарға алғысын жеткізді.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА