Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бердібек Сапарбаев Ақтөбедегі жаңа нысандардың құрылыс барысын тексерді

Бердібек Сапарбаев Ақтөбедегі жаңа нысандардың құрылыс барысын тексерді

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев бірнеше əлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысын тексеріп, бірқатар салтанатты шараларға қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, өңір басшысы Болашақ ауданында тұрғызылып жатқан жаңа ІТ-орталықтың жүзеге асырылуымен танысты. Нысанның құрылысы былтыр қазан айында басталған. Жалпы алаңы шамамен 6,9 мың шаршы метр. Қазіргі кезеңде жертөленің құрылысы аяқталып қалды. Жұмыс екі ауысымда жүргізіледі, шамамен 35 адам еңбек етіп жатыр. Нысанды осы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Ақтөбеде Жеңілатлетикалық манежді тұрғызу жұмысы жалғасуда. Кешен жобалаушылардың ойластыруы бойынша толыққанды жарыстар мен күнделікті жаттығулар өткізуге мүмкіндік беретін кеңістіктік көлемді қамтиды. Нысан алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сай болмақ. Оны осы жылдың аяғына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Нысанды қарап шыққан Бердібек Сапарбаев құрылыс қарқынының баяулығына қатысты ескерту жасап, жоба құнын төмендету жағын қайта қарауды тапсырды. Бұдан басқа, облыс басшысы Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-де болды. Онда университеттің тарих факультетіне атақты тарихшы, Шалқар ауданының тумасы Бекежан Сүлейменовтің есімі берілді. Шараға ғалымдар, қоғам мен этномəдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

«Жас ұрпақтың ұлы қайраткерлерді есте сақтағандары маңызды. Жастардың тарихи ғылымға, біздің тарихи жетістігімізді сақтауға үлес қосқан адамдарды білгені маңызды. Ел Президенті айтқан даму қажеттілігі туралы рухани арнау деген осы»,- деп атап өтті өңір басшысы.

Бұған қоса, университетте Ауған соғысының ардагер жауынгерлердің құрметіне оқу аудиториясы ашылды. 1989 жылы 15 ақпанда, осыдан отыз жыл бұрын кеңес əскерлері Ауғанстаннан шығарылған. Əскери қимылдарға қатысқан 1 500-нан астам офицер мен солдат — біздің облыстың тумалары. Жүзден аса ақтөбелік ауған жауынгерлері ерлігі мен ержүректілігі үшін жауынгерлік мадақтамалармен марапатталды. Б.Сапарбаев атап өткендей, бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан ардагерлердің өмірін жақсарту үшін аз дүние жасалып жатқан жоқ. Мысалы, пəтер бөлу, медициналық қызметтер мен дəрі-дəрмектер берілуде. Ауған мүгедектері мен қаза болғандардың отбастарына көп көңіл бөлінуде.