Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Түркия еліндегі «Qazaq eli»

Түркия еліндегі «Qazaq eli»

1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған сәтте әлемде еліміздің егемендігін бірінші таныған және алғашқылардың бірі болып мемлекетімізде елшілігін ашқан Түркия Республикасы болатын. Содан бергі кезеңдерде түбі бір түркіліктің негізінде қос ел президенттері ынтымақ пен берекенің керемет үлгісін көрсетіп келеді. Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастар осы жылдар ішінде екі бауырлас ел арасындағы достық пен бірлікке негізделген байланыстардан арна тартып, тұрақтылық сипатындағы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді.

Бауырластық және достық қатынастарға қаяу түсірмей, ынтымақтастықты мейлінше жоғары деңгейде дамытуға күш салынды. Осы ретте білім беру саласында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жоғары білім беруді интернационализациялау, білім беру тиімділігін арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, қосдипломды білім беру бағдарламалары мен білім алушылардың (студенттер мен магистранттар) академиялық ұтқырлығын кеңейту, білім беру қызметтерінің сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында Түркия Республикасының 12 университетімен өзара ынтымақтастық келісім орнатты. Соның ішінде Стамбул, Сакария, Хаджеттеппе, Кастамону университеттері стратегиялық серіктестер болып табылады. Аталған жоғары оқу орындарымен осыған дейін өзара ынтымақтастық пен ықпалдастықты дамыту бағытында ортақ меморандумдарға және «Мәулана» академиялық өзара алмасу бағдарламасына қол қойылған болатын.

Серіктес университеттермен жоғары білім беру саласындағы байланыстарды одан әрі кеңейту мақсатында 2019 жылдың 24 ақпаны мен 2 наурызы аралығында университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков, халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры, профессор Гүлжан Шоқым, профессор Исмет Бинер, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі Ботагөз Керимбаева Стамбул қаласына өткізілген Еуразиялық өңірмен жоғары білім беру және әріптестік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Eurasia Higher Education Summit in İstanbul» («EURIE 2019») еуразиялық саммитіне қатысып бірқатар халықаралық маңызды кездесулер мен келіссөздер өткізді.

EURIE 2019 — еуразиялық аймақтың және де әлемнің түкпір-түкпірінен келген жоғары білім беру саласындағы беделді мекемелермен ынтымақтастық орнатуға тырысатын, жоғары оқу орындарының, халықаралық білім беру саласындағы мамандардың, білім беру қызметкерлері мен ғалымдарының кездесу орны. Саммит барысында университеттердің көрмесі, сондай-ақ қатысушыларға білім, байланыстар, ынтымақтастық және мүмкіндіктерді кеңейту үшін панельдер, семинарлар және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Еуразия университеттері EURAS бірлестігінің қолдауымен бірегей желілер арқылы инновацияларға жол ашу, жаһандану және сапа кепілдігі бойынша соңғы үрдістермен тәжірибе алмасу, халықаралық ынтымақтастықты жақсартуға бағытталған шаралар және жоғары беделді халықаралық ұйымдары арқылы әлемнің басқа бөліктерін Еуразия аймағының үлкен әлеуетімен байланыстырады.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Еуразия аймағындағы үздік тәжірибемен бөлісе отырып, білім беру стандарттарын дамытуда 110-нан астам әріптес университеттер қатарына енген.

«EURIE 2019» саммиті аясында ISSA студенттерге қызмет көрсету халықаралық ассоциациясының ұйымдастыруымен Түркияның жоғары оқу орындарымен танысып (Айдын университеті, Халидж университеті, Окан университеті, Малтеппе университеті) тәжірибе алмасу, университет басшыларымен кездесіп, білім-ғылым жобаларын бірлесе жүзеге асыруға бағытталған келіссөздер жүргізіліп, өзара ынтымақтастық орнату межеленді.

Іс-сапар барысында университетіміздің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков Түркиядағы ірі жоғары орны Халидж университетінің ректоры, профессор Абдурахман Ерен қабылдауында болып, университет басшыларымен (проректорлары, декандары) кездесу жиын өткізілді. Бірлескен жиында екі жақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында ортақ даму, ғалым-профессорлар шақыру, академиялық ұтқырлық бағдарламасы, бірлескен білім беру (қос дипломдық) және ғылыми жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізілді, түрік тілін оқыту, түркиялық студенттерге қазақ тілін үйрету және екі жақты жаздық мәдени-тілдік лагерьлер ұйымдастыру сынды маңызды жобалар талқыланды. Жиын соңында  өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Түркия сапарының маңыздылығы  университет басшылығы Қазақстан Республикасының Түркия Республикасы Стамбул қаласындағы Бас консулы Бауыржан Абдрахмановтың арнайы қабылдауында болып, Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және ғылым бағытындағы өзара әріптестіктің қарқынды дамуына, жоғары оқу орындары арасындағы тұрақты қарым-қатынастың орнауына, өзара ықпалдастығымыздың нығаюына септігін тигізетін мәселелер талқыланды.

Кездесу барысында біздің университетіміз бен Түркиядағы іргелі жоғары оқу орны Стамбул университеті компьютерлік инженерия саласының ғалым-профессорлары мен түрколог ғылымдардың (профессорлар Атакан Курт, Исмет Бинер) бірлесе дайындаған жаңа латын әліпбиіне негізделген компьютерлік-лингвистикалық жобалары («Qazaq tili grammatıkasy» (sheteldik stýdentterge arnalǵan; «Mátіn analız») таныстырылды.

Түркияның 22 жоғары оқу орнында қазіргі түрік тілі бөлімдері бар, осы орайда жоғары оқу орындары талаптарына лайықталған жаңа форматтағы латын әліпбиіне негізделген қазақша-түрікше оқулықтың («Qazaq tili grammatıkasy» түркиялық студенттерге берері мол. Сол сияқты «Mátіn analız» компьютерлік-лингвистикалық жобасы латын графикасында жазылған мәтіндер мен құжаттардың түрлі салада (оның ішінде білім беру, ғылым, денсаулық, заң, медицина, өндіріс, бизнесті басқару т.б.) IT бағдарламалар арқылы қолданыс аясы мен шегін айқындай алатын инновациялық мүмкіндіктерге жол ашатын зерттеу.

Түркия сапары серіктес Кастамону университетінде жалғасты. Кастамону университетінің қолдауымен  1 наурыз күні «Qazaq eli» қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылды.

Университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков: «Осы сапарға дейін Кастамону университетімен ортақ меморандумға және «Мәулана» академиялық өзара алмасу бағдарламасына қол қойылған болатын. Аз ғана уақыт ішінде екі университет бірлесе отырып маңызды қадамдарға жол ашатын нәтижелі істерге қадам басты, атап өтерлігі:

  1. Түркиядағы Кастамону университеті алғашқылардың бірі болып біздің университетімізбен магистратура білім беру бағдарламасы («Менеджмент», «Экономика», «Дефектология», «Биология», «Математика», «Тарих») бойынша бірлескен қосдипломдық оқуды ұсынды.
  2. Екі университеттердің ғалымдары мен тәжірибелі педагогтары білім беру қызметінде өзара тәжірибе алмасып, дәріс беруді бастады. Осы ретте Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөйлемездің біздің университетте өткізген дәріс сабақтары мен қазақ әдебиетінің түрік тіліндегі аудармаларын айрықша атап өтуге болады. Қазір келген университетіміздің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бағила Мұратбектің сабақтары түркиялық студенттерге алғаш дайындалған («Qazaq tili grammatıkasy» оқулығының Кастамону университетіндегі тұсаукесері болмақ.
  3. Қазіргі уақытта біздің 20 (9 студент, 11 магистрант) осы университтте академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуда.

Осы қол жеткізген жетістіктерімізге қоса бүгінгі Кастамону университетінің қолдауымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық  жобасы  аясында ашылғалы отырған «Qazaq еli» біз үшін зор қуаныш, қазақ еліне деген үлкен құрмет деп білеміз.

«Qazaq еli» орталығының ашылуы университеттеріміздің жаңа бастамаларына мүмкіндік береді деп сенеміз» — дей келіп, Кастамону университетінің ректоры, профессор Сейит Айдын мырзаға алғыс айтып, құрмет білдірді.

Кастамону университетінің ректоры, профессор Сейит Айдын: «Qazaq еli» орталығы білім мен ғылым саласындағы қазақ-түрік ынтымақтастығын одан әрі нығайтуда маңызды рөл атқара отырып, қазақ тілін насихаттауда, Түркиядағы Қазақстан тарихы мен мәдениетін танымал етудің және біздің халықтарымыздың арасындағы мәдениет, достық пен өзара түсіністіктің алтын көпірі болады деп есептейміз. «Qazaq еli» қазақ тілі мен мәдениеті орталығын ашу екі мемлекеттің жемісті қарым-қатынасының бұрынғыдан да жақсара түскенін, оның жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді», — деп өз ризашылығын жеткізді.

Жаңа ашылған орталықта түркиялық студенттерге авторлар ұжымында (Б.Ердембеков, Г.Шоқым, И.Бинер) латын әліпбиі нұсқасында алғаш дайындалған «Qazaq tili grammatıkasy» оқулығы таныстырылып «Түркі тілдері мен әдебиеті» бөлімінің студенттеріне ұсынылды.

Кастамону университетіне сапар аясында екі университет басшылары бірлескен білім-ғылым саласындағы келісім негізінде «Экономика», «Менеджмент», «Дефектология», «Биология», «Тарих», «Математика» мамандықтары бойынша қосдипломды білім беруді жүзеге асырудың ресми құжаттарына қол кою рәсімдері жасалды.

Университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков осы оқу орнында халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша мамандықтарына сәйкес ағылшын және түрік тілдерінде білім алып жатқан студенттермен  және магистранттармен кездесу жиын өткізді.

Сөз соңында айтарымыз, біз өзара тиімділік пен бірлесіп дамудың мүмкіндіктерін басшылыққа ала отырып, ынтымақтастық әріптестігіміздің одан әрі дами түсетініне сенімдіміз.

 

Гүлжан ШОҚЫМ,

Халықаралық ынтымақтастық

орталығының директоры, профессор