Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кәсіби бағдар беру – мамандықты дұрыс таңдаудың кепілі

Кәсіби бағдар беру – мамандықты дұрыс таңдаудың кепілі

Биыл Шалқар ауданы Байқадам аулындағы Қорғантұз жалпы орта білім беретін  мектебіне  90 жыл толып отыр. Облыстағы  тарихы бай алғашқы  оқу орындарының  бірі ретінде  мектеп ұжымы оны атап өту мақсатында  оқу-тәрбие саласына қатысты  «90 ізгілікті іс» тақырыбында жоспар жасаған. Осы шараның жоспары аясында   өткізілген шаралардан  облыс мектептерімен тығыз байланысты жұмыс жүргізіп отырған Жұбанов университеті де тыс қалған жоқ. Университеттің  «ЖОО-ға дайындық  және кәсіби бағдар беру» бөлімінің жетекшісі Жәмила  Идиева,  педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Мейрамгүл Есенғұлова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент  Нұрбол Садуақас  2019 жылдың 28 ақпан–01 наурызы күндері  аталған мектепте өткізілген «Кәсіби шеберлік және кәсіби бағдар» тақыбындағы кезекті шараға қатысты.

Шара аясында  бөлім жетекшісі Жәмила Идиева кәсіби бағдар беру  мақсатында  мектептің   9-класс   және 11-класс оқушыларымен   кездесу өткізді. Бұл жиынға оқушылардың ата-аналары  мен мектептің  мұғалімдері  де қатысты. Ол өз кезегінде университеттегі мамандықтар және оқу орнындағы колледж туралы жан-жақты мәліметтер берді. Жиналғандар мамандық таңдау бағытында  өздерінің көкейіндегі сұрақтарына жауап алып, университеттің білім беру бағытымен танысты. Ал, филология ғылымдарының кандидаты, доцент  Нұрбол Садуақас  университеттің  облыстық білім беру басқармасымен бірлесе жасап жатқан жұмыстары, соның ішінде кәсіби мамандар дайындау сапасын арттыру, оқу үдерісінің практикалық бағытын жетілдіру, сонымен бірге бірлескен ғылыми-зерттеу жүргізу және олардың нәтижелерін өндіріске енгізу  мақсатында мектептерде кафедра филиалдары құрылып жатқаны туралы айтты. Сондықтан  университет басшылығының жоспарына сәйкес Қорғантұз жалпы орта білім беретін мектебінің базасында «Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедрасының филиалын ашу туралы  мектеп директоры  Айбек Ажмұратовпен екіжақты келісімшарт жасасты.

Қазіргі таңда мектеп мұғалімдерінің жаңартылған білім мазмұнын жете игеруіне ерекше маңыз беріліп отыр.  Осыған орай, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент  Мейрамгүл Нұралықызы   мектеп мұғалімдеріне арналған «Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде сабақты жоспарлау және критериалды бағалау» тақырыбында  семинар өткізді. Мұғалімдер бұл семинарға ерекше қызығушылықпен қатысып, кәсіби белсенділіктерін танытты. Семинар соңында кәсіби  шеберліктерін шыңдаған 28 мұғалімге  арнайы сертификаттар  табыс етілді. Қорғантұз жалпы орта білім беретін  мектебінде  өткізілген  шараның соңы мектеп оқушыларының  өнер  көрсетуімен жалғасты.  Әртүрлі деңгейде өткізілген шаралардан жүлде алған оқушылардың өнерлері  көрермен қонақтарға облысқа беделді мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарының бүгінгі таңда да  жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын  таныта түскендей болды.

Мектеп оқушылары,  мұғалімдер  ұжымы мен ата-аналар алыс ауылды назарынан тыс қалдырмаған университет басшылығына және келген  ғалым-ұстаздарға  алғыстарын айтып, ризашылықпен шығарып салды.