Жұбанов университетінде бүгін «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығының көшпелі мәжілісі өтті. Онда «Адами капиталды дамытудың Жол картасын» іске асыру аясында құрылған Мансап орталықтарын дамыту» мәселелері талқыланды.
Мәжіліске ҚР БжҒМ Жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова мен CNPC HRD директоры, Филип Моррис компаниясының GR менеджерлері, Еңбек ресурстары департаментінің, ҚМЭБИ (КИМЭП) Мансап орталығының, Ақтөбе облысының Жастар саясаты басқармасының, CNPC- Ақтөбе мұнайгаз АҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы: «Құрметті қонақтар! Жұбанов университетіне қош келдіңіздер! Бұл мәжілісте «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығы мен БжҒМ Жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті «Адами капиталды дамытудың Жол картасын» іске асыру аясында құрылған Мансап орталықтарын дамыту мәселелесін талқылағалы отыр. Мәжіліс жұмысына ірі компаниялардың, өндіріс орны өкілдерінің қатысуы мәселенің өзектілігін, маңыздылығын білдіреді.
Мұндай орталық бес университетте құрылған. Оның ішінде Жұбанов университеті де бар, біз оны «Кәсіби даму және мансап орталығы» деп атадық» — деп, орталық білім алушыларды кәсіби шыңдау мақсатында кәсіби практикаларды тиімді ұйымдастыру және жұмысқа орналастыруға ықпал етудің тиімдң жүйесін жасақтау бағытында қызмет ететіндігін атап өтті.
Сондай-ақ, Бауыржан Аманкелдіұлы: «Біздің университет 230 өндіріс орнымен, түрлі меншік формасындағы мекемелермен, білім беру ұйымдарымен келісім шартқа отырды. 2017 жылы 27 жергілікті қытайлық мұнай компанияларымен меморандумға қол қойды. Өндіріс базасында 47 кафедра филиалы құрылды. Филиалдарда дуальдық оқыту элементтері енгізілген 30 білім бағдарламасының 27 пәні бойынша практикалық, зертханалық сабақтар өткізіледі. 29 практик-маман оқу процесіне тартылып отыр. Білім бағдарламалары жұмс берушілердің қатысуымен жасақталады. Бұның бәрі – университет пен өндірістің кәсіби білікті мамандар дайындау ісіндегі ортақ мүддесін білдіреді. Болашақ мамандарды кәсіби шыңдау мақсатында жүргізіліп жатқан бұл шаралар еңбекке орналастырудың кепілі деп есептейміз» — деп, сөз соңында мәжіліс жұмысына сәттілік тіледі.
Елбасы қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауында университеттің табыстылығын бағалаудың басты критерийі ретінде «бітіргеннен кейін түлектерді жұмысқа орналастыру, оларды жоғары ақы төленетін жұмыс орындарында жұмысқа орналастыру» атап өткен болатын. Білім беру қызметтерінің сапасынан басқа, бұл тәсіл жоғары оқу орындарында мансаптық орталықтар жұмысын күшейтуді талап етеді.
«Біз өзіміздің мансаптық орталықтар жұмысын ұйымдастыру саласындағы тәжірибелерімізбен өңірлік жоғары оқу орындарымен бөлісе алатынымызға өте қуаныштымыз. Біздің ойымызша жоғары білім беретін оқу орындары өз студенттеріне нарық сұранысын қамтамасыз ететін біліммен қоса, тікелей жұмыс берушілермен оқу орнының қабырғасында жүргенде-ақ қарым-қатынас орнатуына жағдай жасауы керек. Ал, мұндай қарым-қатынас көпірі – «Мансап» орталықтары болатыны сөзсіз», — деді өз кезегінде ҚМЭБИ (КИМЭП) Мансап орталығының жетекшісі Меруерт Адайбекова.
Еліміздің алдыңғы қатарлы жұмыс берушілерінің атынан мансаптық орталықтармен жұмыс жасау тәжірибесімен Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі, Мансаптық орталықтарды қолдау жобасының координаторы, «Филип Моррис Казахстан» ЖШС-нің өкілдері де ой бөлісті. Осылайша аталмыш компанияның ұйымдық даму бойынша менеджері Татьяна Ковзалова: «Біздің компания тек қана Астана және Алматы қалаларында ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның барлық аймақтары бойынша дарынды мамандарды жұмысқа шақырумен айналысуға мүдделі. Оның ішінде Ақтөбе облысы да тізімде бар. Студенттер мен жас мамандар үшін тәжірибелік уақытқа еңбек ақы төленетін арнайы бағдарламалар да қарастырылған. Өйткені, біздің компаниямыз үшін адами капитал мен біздің жұмысшыларымыз бірінші орында. Тәжірибе көрсетіп отырғандай жұмыс беруші мен оқу орындарындағы Мансаптық орталықтардың бірге жұмыс жасауы екі тарап үшін де тиімді болып отыр», — деді.
Болашақта шетелдік серіктестер мен жұмыс берушілер санын көбейту мақсатында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ мен Пекин қаласындағы Ғылым және ақпараттық технологиялар университетінің арасында ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын ҚР БжҒМ Жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова атап кетті.
Бүгінгі таңда Ақтөбе облысындағы ірі жұмыс берушілердің бірі болып Қазақстан Республикасының мұнайгаз саласындағы ірі инвестор CNPC Корпорациясы табылады. Корпорация елімізде тіркелген 15-тен астам компанияларды басқарады. Мансаптық орталықтарды дамыту жобасы аясында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жыл сайын Жұбанов университетінің студенттері үшін ашық есіктер күнін, сондай-ақ заман талабына сай маман даярлау бойынша оқу бағдарламаларын дайындау мәселелерін талқылау мақсатында университет оқытушылары мен компанияның жетекші мамандарының қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жиында сөз алған CNPC HRD директоры Райхан Әбдірасылова: «Жұмыс берушілер мен Мансаптық орталықтардың бірлескен жұмысы жоғары санатты маман даярлауда оң нәтижелер беріп, Қазақстанның еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар саны көбейеді деп үміттенеміз», — деді.
Қазіргі таңда жаңадан белең алып келе жатқан Мансаптық орталықтарды қолдау жобасының басты мақсаты – еңбек нарығында өңірлік жоғары оқу орындары түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру екені сөзсіз.