Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Мансап» орталығы және түлектерді жұмыспен қамту

«Мансап» орталығы және түлектерді жұмыспен қамту

Көшпелі мәжіліс

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығының көшпелі мәжілісі өтті. Онда «Адами капиталды дамытудың Жол картасын» жүзеге асыру мақсатында құрылған «Мансап» орталықтарын дамыту мәселелері талқыланды.

Шараға Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова және «Филипп Моррис» компаниясының GR менеджерлері, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (ҚМЭБИ) «Мансап» орталығының, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының, «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның өкілдері қатысты.

Жиынды аталған университеттің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков ашып, шараның маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысы Жолдауында жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі — оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы туралы айтқан болатын. Бұл жиынның маңыздылығы да осында — университет түлектерінің өндіріс орындарында, ірі компанияларға жұмысқа орналасуына ықпал ету. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін «Адами капиталды дамытудың Жол картасы» әзірленіп, Мансап орталықтары құрылуда. Еліміз бойынша мұндай орталық әзірге 5 университетте ашылған. Соның бірі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.

— Біздің университет 230 өндіріс орнымен, түрлі мекемелермен, білім беру ұйымдарымен келісімшартқа отырды. 2017 жылы 27 жергілікті қытайлық мұнай компаниясымен бірлескен меморандумға қол қойдық. Өндіріс базасында 47 кафедра филиалы құрылды. Филиалдарда дуальдық оқыту элементтері енгізілген 30 білім бағдарламасының 27 пәні бойынша практикалық, зертханалық сабақтар өткізіледі. 29 практик-маман оқу процесіне тартылып отыр. Білім бағдарламалары жұмыс берушілердің қатысуымен жасақталады. Бұның бәрі университет пен өндіріс орындарының кәсіби білікті мамандар даярлау ісіндегі ортақ мүддесін білдіреді. Болашақ мамандарды кәсіби шыңдау мақсатында жүргізіліп жатқан бұл шаралар оларды еңбекке орналастырудың кепілі деп есептейміз, — деді Б.Ердембеков.

Бұдан кейін университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова аталған оқу орнының тыныс-тірлігі туралы жан-жақты баяндады. Қазір университетте 13 007 жас білім алуда. Олардың 14-і — Президенттік стипендияның иегерлері. 3222 студент — мемлекеттік грант негізінде, 607 жас «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда.

— Жоғары білім беретін оқу орындары өз студенттеріне жұмыс берушілермен оқу орнының қабырғасында жүргенде-ақ қарым-қатынас орнатуына жағдай жасауы керек. Ал мұндай қарым-қатынас көпірі —  «Мансап» орталықтары болатыны анық, — деді ҚМЭБИ Мансап орталығының жетекшісі Меруерт Адайбекова.

Еліміздің алдыңғы қатарлы жұмыс берушілерінің атынан «Мансап» орталықтармен жұмыс жасау тәжірибесімен шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі, «Мансап» орталықтарын қолдау жобасының координаторы «Филипп Моррис Қазақстан» ЖШС-ның өкілдері де ой бөлісті.

— Біздің компания тек қана Астана және Алматы қалаларында ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның барлық аймақтары бойынша қабілетті мамандарды жұмысқа шақырумен айналысуға мүдделі. Оның ішінде Ақтөбе облысы да тізімде бар. Тәжірибеден өту барысында студенттер мен жас мамандарға еңбекақы төленетін арнайы бағдарламалар да қарастырылған,— деді «Филипп Моррис Қазақстан» ЖШС-ның ұйымдық даму бойынша менеджері Татьяна Ковзалова.
Шара барысында болашақта шетелдік серіктестер мен жұмыс берушілер санын көбейту мақсатында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ мен Пекин қаласындағы Ғылым және ақпараттық технологиялар университетінің арасында ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова атап өтті.

Бүгінде біздің облыстағы ірі жұмыс берушілердің бірі —  мұнайгаз саласындағы ірі инвестор — CNPC Корпорациясына қарасты «СНПС-Ақтөбемұнай-газ» АҚ. CNPC корпорациясы елімізде тіркелген 15-тен астам компанияны басқарады. Мансаптық орталықтарды дамыту жобасы аясында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ университет студенттері үшін Ашық есік күндерін, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ