Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер талқыланды

Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер талқыланды

Жұбанов университетінің Экономика және құқық факультеті «Мемлекеттік басқару және маркетинг» кафедрасының профессоры, э.ғ.д. Халел Құсайынов пен э.ғ.к. Бақытгүл  Жакупованың ұйымдастыруымен «Қазіргі таңдағы аграрлық өндірістің дамуындағы өзекті мәселелер» ғылыми семинар өтті.

Ғылыми семинардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы агроөнерсәіптік кешеннің қалыптасып, дамуына зерттеу жүргізе отырып,  2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу жолдарын қарастыру және де 2019-2021 жылдар аралығында іске асырылатын «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жобасының жүзеге асырылуы жолдарын талқылау.

Семинарға университеттің басшыларымен қатар «Ақтөбе қалалық ауылшаруашылық және ветеринарлық бөлімі» ММ басшысы  М.Т.Тукбулатов және облыстық ветеринарлық лабораториясының директорының орынбасары Б.Айталиев, Ветинариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық инспекциясының басшысы Т.С.Тлесов, Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясының маманы Д.К.Есенғалиев, Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің доценті У.Е.Мамбетов, С.Байішев атындағы АУ ғалымдары Ғ.М.Мусиров, Ж.Т.Алманов, сонымен қатар Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің  ғалымдары  з.ғ.к., доцент А.С.Смағұлова, э.ғ.к., профессор Б.А.Жүнісов, а/ш.ғ.к., доцент М.С.Исмағұлов, э.ғ.к., доцент М.А. Тұрғанбаев, э.ғ.к., доцент Г.Т.Кунуркульжаева қатысып ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді ортақ талқыға салып, өз ойларымен бөлісті.

Сонымен қатар АӨК-дегі мемлекеттік жеке серіктестік және Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешеніндегі кәсіпкерліктің дамуындағы мәселелер төңірегінде сөз қозғалып, елдегі аграрлық сектордағы азық-түлік қауіпсіздігін, қазақы жартылай жүнді (Ақтөбелік типін) қойларды өсірудің экономикалық тиімділігін, агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудың шет елдік тәжірибесін пайдалану, жер ресурстарын пайдалану қатынастарын бақылауға қатысты заң жобаларын жетілдіру және т.с.с мәселелер кеңінен талқыланды.

Ғылыми семинарда елімізде орын алған ауылшаруашылығы саласындағы көкейкесті өзекті мәселелер ғалым-оқытушылар мен арнайы шақыртылған осы салада нақты тәжірибе жүзінде іске асуына себепкер мамандар және жас зерттеуші магистрантардың қатысуымен қызу талқыға түсті. Сонымен қатар Экономика және құқық факультетінің оқытушылары, магистранттары агроөнеркәсіп кешенінде пайда болған мәселелер төңірегінде баяндамалар жасады.

Сондай-ақ, семинарға қатысушылар Елбасының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауы аясында 2017-2021 жылдарға Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жолдары мен Елбасының «Нұр Отан» партиясының 18 съезінде айтылған 2019-2021 жылдары жүзеге асырылатын «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жобаны іске асыру бағыттары талқыланып, экономист ғалымдар өз ойларын ортаға салды.

Семинар соңында қатысушылар мен шақырылған қонақтарға арнайы сертификаттар табысталды.

 

«Мемлекеттік басқару және маркетинг»

кафедрасы