Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбелік ғалымдар диатомитті өндірісте қолданудың бірнеше жобасын ұсынып отыр

Ақтөбелік ғалымдар диатомитті өндірісте қолданудың бірнеше жобасын ұсынып отыр

Ақтөбелік ғалымдар табиғи минерал — диатомитті өндірісте қолданудың бірнеше жобасын ұсынып отыр. Басқа өңірде кездеспейтін бұл «тау жынысын» мал шаруашылығында сүт өнімін арттыруға және адам өмірін ұзартуға септігін тигізетін препарат ретінде де қолдануға болады екен. Сондай-ақ, құрылыс саласында да таптырмас шикізат. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғалымдары ұсынып отырған ерекше жобалармен әріптесім Жақсыбек Кемал танысып келді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Диатомитті бір қарағанда кәдімгі бордан айыру өте қиын. Құрамдарында да айырмашылық шамалы. Қазір біз тұрған Мұғалжар тауында бұл минералдың мол қоры бар. Диатомит — кремнийлі тау жынысы. Оның  Ақтөбе өңіріндегі қоры 3 миллиард тоннадан асады. Ғалымдар бұл минералды әртүрлі салада тиімді пайдалануға болатынын айтады. Мәселен, өңделген диатомитпен асфальттың үстіңгі қабатын жапса, онда жол бетіне су жұқпайтын болады.

Аида Маратова, Қ.Жұбанов атындағы аөму ғылым және инновациялық бағдарламалар департаментінің маманы:

Диатомиттің артықшылығы- ол суды өзіне сіңіріп алады. Әсіресе, бұл әдіс әуежай жолақтарына тиімді. Біз қазір қала алғашқы тәжірибелерді жасап көруге келісіп жатырмыз. Яғни, диатомит қосылған жол жамылғылары балалар алаңдары мен кеңселердің кіреберісіне төселетін болады. Ғалымдар диатомиттен су өткізбейтін, берік әрі жеңіл кірпіш жасауға болатынын айтады. Төгілген мұнай өнімдерін сорып алушы абсорбент ретінде де қолдануға болады. Сондай-ақ, әдетте спирт шығаратын зауыттар қоқысқа тастайтын қалдықтарға қосып, оны мал азығы үшін қолдану көзделіп отыр.

Қуанышбек Шүңкеев, Қ.Жұбанов атындағы аөму проректоры:

Ұңғымаларда жұмыс істеген уақытта ерітінді құрамында 20 процент диатомит қосылса, ерітінді жеңілдейді. Екіншіден қату уақыты өте аз болады. Кез келген магистраль тұрбасының бәрін диатомитпен араласқан бояумен бояйтын болса, жабысу мүмкіндігі күшейеді. Өңделмеген 1 килограмм диатомит 140 теңге тұрса, ал дәрі-дәрмек ретінде  ерекше технологиямен өңделген диатомиттің құны 9 мың АҚШ доллары тұрады. Сондықтан ғалымдар еңбектерінің лайықты бағаланатынына сенеді. Олар жобаларын өндірісте қолдануды ұсынып мұнай өндеу компанияларына ұсынған. Алайда, әзірге тек қала әкімдігінінің жол құрылысына жауапты бөлімі ғана қызығушылық білдірген.

 Жақсыбек КЕМАЛ