Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тарихшы 80 жасқа толды

Тарихшы 80 жасқа толды

Жұбанов  университетінде профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Орамах Жанжігіт Орамахұлының 80 жасқа толу мерейтойына арналған тарих факультеті Кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өтті.

Жанжігіт Орамахұлы бүкіл саналы өмірін  білім  мен ғылымға арнады. 1966 жылдан қазіргі уақытқа дейін Орал, Ақтөбе, Арқалық қалаларында ассистент қызметінен жоғары оқу орындарының проректорлық қызметіне дейінгі лауазымды жұмыстарды абыроймен атқарды.
Профессор Жанжігіт Орамахұлы кезінде қоғамдық жұмыстарға қатысып, бастауыш партия ұйымының хатшысы, қалалық, аудандық партия комитеті Пленумының мүшесі,  кәсіподақ комитетінің төрағасы  болып еңбек етті.

Ол 90-ға жуық ғылыми еңбектердің (оқу және оқу-әдістемелік құралдар, ғылыми монография) авторы. Ғылыми жұмысының негізгі бағытты — Қазақстандағы аграрлық саясатының проблемалары мен жеке тарихи тұлғалардың өмірнамасы, Бөкей Ордасының тарихы.

Қазіргі таңда Жанжігіт Орамахұлы Жұбанов университетінің «Тарих және дінтану» кафедрасында профессор қызметін атқарады. Осы университеттің «Құрметті профессоры», «Еңбек ардагері».

Тарих факультеті Кеңесінің кеңейтілген мәжілісіне  университеттің Оқу және оқу әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент Бибігүл Әбенова, ф.ғ.д., профессор Алпысбай Мұсаев, з.ғ.к., доцент Асылзат Смағұлова мен  профессор-оқытушылар, қызметкерлер қатысты.

Салтанатты жиында мерейтой иесін   құттықтаған шәкірттері мен әріптестері ұстаз-ғалымның өмірі мен қызметінің ерекше есте қалған тұстарын тілге тиек етіп, сый-сыяпаттарын жасады.

Тарих факультеті