Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жастар журналистпен жүздесті

Жастар журналистпен жүздесті

Жұбанов университетінде «Еуразия» бірінші арнасының жаңалықтар жүргізушісі, жас журналист Асаубек Айымбетовпен кездесу өтті.

Кездесуде салмақты әңгімеге құмартқан студенттердің қарасы қалың болды. Жақсы көңіл-күй, үлкен қызығушылықпен басталған кездесуде әдемі әңгіме өрбіді. Журналистикаға бозбала шағында келген Асаубек Айымбетов осы салаға қызығушылығының қалай оянғаны, алғашқы жұмысы туралы айтып, өзінің өмірі, өмірлік ұстанымы, балалық шағы жайлы мәліметтермен бөлісті.

Кездесуде ол: «Журналистикаға мен 16 жасымда аяқ бастым, Ақтөбедегі жергілікті «Рика» телеарнасында кастинг болып жатқанын естідім. Тележүргізуші болам, журналист болам деп кішкентайымнан армандадым. Сондықтан болар, мектеп қабырғасында гуманитарлық пәндерге жақын болдым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін жақсы көріп оқып, олардан олимпиадаға қатысып,  өлең шығару, әңгіме жазу дегенді жақсы көрдім.  Ал, Елордаға 23 жасымда келдім, алдымен бір мекемде «пиар-менеджерлік» жұмыс жасадым. Онда 4 айдай жұмыс жасап, менікі емес екенін түсіндім. Одан кейін кастингтерге қатысып жүріп 24kz арнасындағы «Блогерлер» деген бағдарламаға кастингтен өттім. Ол жерде 1 жылдай жұмыс жасап, кейін кастинг арқылы осы Еуразия бірінші арнасына келдім», — деп баяндады.

Тілші мамандығының қыр-сырын игерген Асаубек Айымбетов  осы кәсіптің қиындығы мен қызығы жайлы да баяндады. Алдағы жоспарлары мен иделарын да жасырып қалмады. Тікелей эфирдегі жұмыс, тосыннан болатын жағдаяттарға дайын болу, эмоцияны жасыру, сонымен қатар, тележүргізуші болу үшін қойылатын негізгі талаптар, критерийлер туралы айтылды.

Студенттердің түрлі тақырып аясында қойылған сұрақтарына журналист жан-жақты әрі толық жауап берді. Қай кезде де өз саласының мықты , кәсіби мамандары сұранысқа ие болатыны сөзсіз. «Сіз үшін кәсібилік деген не?» деген сауалға Асаубек: «Кәсібилік – ол тек керемет сөйлеп, жақсы жаза алу ғана емес, ол өз салаңның түрлі қатпарына шыдас беру, құлдырау кезеңінен әдемі өту, адамдармен дұрыс тіл табыса алу» ,- деп жауап берді. Жақсы журналист әрдайым «жусаннан аласа, бетегеден биік болу» керектігін де сөзге тиек етті.

Шығармашылық дағдарыс кезеңдерінде анасының сөздерінен шабыт алатын тележүргізуші «келу қиын, кету оңай» екенін үнемі есте ұстау керектігін айтады. Сондай-ақ, ол жастардың ойларын да тыңдап, ақыл-кеңесін аямады. Абырой арқалаған азамат, қарымды журналист студенттерге айтқан өнегелі сөздері мен кеңестері жастардың жүректерінен орын ала білді. Жастар – біздің болашағымыз, сондықтан жас ұрпақ әдебиеттерді көп оқып, тек алға ұмтылу керектігін алға тартты.