Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақтың тарихында аты қалатын тұлға

Қазақтың тарихында аты қалатын тұлға

Жұбанов университетінің ғалымдары  «Елбасының тарихи рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде  ҚР Тұңғыш Президентінің тарихи мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Елбасының ел халқына арнаған мәлімдемесін педагогтар қауымы үлкен толқыныспен қабылдады.

Жиында университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков: «Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты.  Тоқсаныншы жылдары Мемлекет тізгінін қолына алып, туған елі үшін ерен еңбек сіңірген Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде «Елбасы» деген асқақ абырой, биік беделдің төріне шықты. Елбасының  Қазақстанның Тәуелсіздігі үшін қосқан үлесі өте зор деп ойлаймын. Халықтың бірлігін, ынтымағын Тәуелсіздікті сақтап қалуға бар күшін салып, осындай күнге жеткізді. Кеңес дәуірінен тәуелсіздікке қадам басқан мемлекеттердің ішінде Қазақстанның озық тұруы, әлемде өзіндік орнын тауып, көптеген жетістіктердің басқаларға үлгі болуы – елдің мәртебесін арттырып, мақтанышына айналды.

Сондай-ақ, Елбасы өте қиын, күрделі кезеңде ел тізгінін қолына алды. Кеңестік Қазақстаннан Тәуелсіз Қазақстан қалыптастыру жолында үлкен жауапкершілікті мойнына жүктеді. Қиын-қыстау уақыттан елді аман алып шықты. Қарап отырсақ, тәуелсіздік жылдарында жаңа ұрпақ өсіп-жетілді, мемлекеттің даму үрдісін жалғастыратын тұлғалар қалыптасты. Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президенттің ел қуатын еселеуге қосқан еңбегі мен үлесі шексіз. Қазақ мемлекеті жаңғырды. Шекарамыз белгіленіп, мемлекеттік рәміздеріміз анықталды. Тәуелсіздік құндылықтары қалыптасты», — деп түйіндеп, тарихи сәт, өтпелі кезеңде ынтымақта болу керегін жеткізді.

«Дегенмен Тұңғыш Президенттің ел мен жер, мемлекет үшін атқарған еңбегі ерен. Нұрсұлтан Әбішұлы экономикалық реформаларды саясаттан бұрын қойды. Соның нәтижесінде, қазір біз экономикасы қарқынды дамушы, халқының әл-ауқаты жақсарған мемлекеттердің қатарына қосылды.  Ең еңсесін түзеуге, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасып, әлемге танылуы ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты болып қала бермек. Береке-бірлікте, татулық пен ынтымақта тұрып жатқан халқымызды осы ырыс пен құттан айырмасын!», – дейді ғалымдар.

Басқосуда ғалымдар «Нұрсұлтан Әбішұлы – өте кемеңгер әрі парасатты саясаткер. Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде өз орны мен беделі бар дара тұлға», — дей келіп, Елбасының ерекше қасиеттеріне назар аударды.

Университет ғалымдары Тұңғыш Президент тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты және Елбасының барлық бейбіт бастамалары өзекті деп санайды.

Айта кетейік, 2019 жылдың  19 наурызда Қазақстан халқына жасаған мәлімдемесінде Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтататыны туралы мәлімдеме жасаған болатын. 20 наурыз күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, келесі президент сайлауына дейін мемлекет басшысы болды.

????????????????????????????????????