Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Шамшырақ-Ақтөбе» мен Жұбанов Университетінің ынтымақтастығы

«Шамшырақ-Ақтөбе» мен Жұбанов Университетінің ынтымақтастығы

2017 жылдың 13 қыркүйек күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ректоры Бауыржан Ердембеков пен «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин әріптестік кездесу өткізді. «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамына «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» облыстық газеттері  және журналдар, бірнеше сайттар қарайтын үлкен орталық.

Кездесуге ардагер журналист Идош Асқар, «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры орынбасары Руслан Дарбаев, Республикалық «Адырна» әдеби-көркем журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы, «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев, «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Мирал Джармухамбетов, танымал журналист, ақын Ертай Ашықбаев, Жұбанов Университеті Маркетинг орталығының директоры Алтын Мырзашова қатысты.

Алғаш сөзді Раукен Отыншин сөйледі: «Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында білімге аса мән берілуде. Осыған орай бүгін қаламыздағы жетекші жоғары оқу орны ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Аманкелдіұлын кездесуге шақырып отырмыз. Бауыржан Аманкелдіұлы университетке келгелі көп уақыт болмаса да көптеген жұмыстар атқарылды. Бұрында да осы университетте журналистика мамандығы жұмыс жасап, кейін әртүрлі себептермен жабылып қалды. Біздің қазіргі екі газетімізде сол журналистика мамандығының түлектері жұмыс жасап келеді. Бауыржан Аманкелдіұлы, Сіздің көтеріп отырғаныңыз жақсы бастама. Университетпен шығармашылық байланысымыздың нығая түсуі өңіріміздің дамуына өзіндік үлесін қосары сөзсіз»,- дей келе, Раукен Отыншин осындай серіктестікті жоғары бағалайтынын айтты.

Өз кезегінде университет ректоры: ««Шамшырақ-Ақтөбе» үлкен орталық. Филология факультеті ішінде журналистикаға мамандандыруды жүзеге асыру үшін осы орталықпен тығыз байланыс орнатудың біздің оқу орнымыз үшін маңыздылығы өте зор. Биыл 4 мыңға жуық студент қабылданды. Көшбасшы- лекторлар дәрістерін өткізуді қолға алуды көздеп отырмыз. Зиялылар клубын құру жоспарда бар. Бір-бірімізбен тығыз байланысатын болсақ, біздің қара шаңырақ сіздердің екінші үйлеріңіз болатындығына сенім мол. Кез келген кездесулер, презентациялар өткізу, кітаптың тұсаукесерін біздің университетімізде өткізуге болады. Қазір қаламның қайраты қайтадан күшіне енді. Рухани жаңғыруға орай қара өлеңнің, айтыстың барлығына қайтадан қанат бітті. Шығармашылық ұжымға табыс тілеймін. Қаламдарыңыз ұштала берсін»,- деді. Сондай-ақ, Бауыржан Аманкелдіұлы «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тығыз өзара іс-қимыл университет базасында журналист мамандарды даярлау және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жүзеге асыруды одан әрі іске асыру үшін мүмкіндік беретіндігіне, алда әлі де бірлескен көптеген жұмыстардың бар екеніне назар аударды.

Кездесу барысында журналист Идош Асқар, Мейірхан Ақдәулетұлы Ақтөбені рухани орталыққа айналдыру үшін осындай игі бастамаларды көтеретін азаматтардың болуы, журналистиканың деңгейін көтеру мәселелеріне тоқталып, ынтымақтастық жұмысына табыс тіледі.

Кездесу соңында Раукен Отыншин мен Бауыржан Ердембеков ынтымақтастық туралы меморандумға салтанатты түрде қол қойды. Кездесуден соң университет ректоры «Шамшырақ-Ақтөбенің» журналистерінің, қызметкерлерінің жұмыс барысымен танысып, ғимаратты аралады.