Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Түркияда «Qazaq eli» мәдени орталығы ашылды

Түркияда «Qazaq eli» мәдени орталығы ашылды

Түркияның Кастамону университеті базасында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ықпалымен «Qazaq eli» мәдени орталығы ашылды. Бұл — екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен тараптардың өзара ынтымақтастығы арасында жүзеге асырылған шара.

Мәдени орталықтың ашылу салтанатына Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков, аталған оқу орнының халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры, профессор Гүлжан Шоқым, профессор Исмет Бинер бастаған жиырмадан астам делегат қатысты. Олардың қатарында студенттер мен магистранттар бар.

— «Qazaq eli» мәдени орталығы — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған шара. Бұл жерде қазақ елінің мәдениеті мен ғылым-білімін әрмен қарай толықтыру үшін, жалпы халқымыздың мәдениетін насихаттау мақсатында тұтас бір орталықты қалыптастырдық. Онда отбасының алтын діңгегі — шаңырақты орнатып, сол жерде ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын туындылар жасақталды. Сол сияқты, Құдайберген Жұбанов бейнеленген портрет кілемше де орталық қабырғасына ілінді. Осы арқылы біз өзіміздің төл мәдениетімізді, қолөнерімізді дәріптей түстік. Құдайберген Жұбановтың суреті мен университет логотипі бар сағат та келушілердің қызығушылығын танытып жатты. Сол сияқты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның бүгінгі даму бағыты, рухани жаңғыруы аясында жазған туындыларын сол орталыққа жеткізіп, арнайы бұрыш жасақталды. Халқымыздың салт-дәстүрі мен тұрмыс-салты, ауыз әдебиетінен бастап қазіргі заман сәні, үлгісі, киім-кешегі, қолданбалы өнерінен сыр шертетін энциклопедиялар да «Qazaq eli» мәдени орталығына келушілер үшін өз құндылығымен ерекшеленбек, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінің теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы,  филология ғылымдарының кандидаты Бағила Мұратбек.

Оның айтуынша, Түркия университетінде түркі тілдерінің қатарына қазақ тілі арнайы пән ретінде енгізілді. «Qazaq eli» мәдени орталығының ашылуы салтанатында қазақ-түрік ғалымдары бірлесіп дайындаған «KAZAK DILI GRAMERI» — Qazaq tili grammatikasy»  тұңғыш латын әліпбиінде дайындалған оқулықтың тұсаукесері жасалған. Б.Мұратбектің айтуынша, жаңа форматтағы оқулық  екі елдің рухани қазынасын арттыра түспек әрі бұл еңбек аталған университетте қазақ тілін оқытудағы басты құрал болып саналмақ.  

Арайлым НҰРБАЕВА.