Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жемқорлықпен күресу — басты міндетіміз

Жемқорлықпен күресу — басты міндетіміз

Бүгін Жұбанов университетінде Ақтөбе қаласының студенттері арасында өткізілген анонимді сауалнама нәтижелері талқыланды. Жазбаша сауалнама нәтижелері алдымен оқу орындарының басшылығына жіберілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілдері,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілдері мен университет өкілдерінің арасында ашық диалог жүргізілді.

Жиында алдымен  сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық фактілері және оның  алдын-алу туралы бейнефильм (видео) көрсетілді.  «Біздің басты мақсатымыз — сыбайластықтың, пара беріп, пара алудың алдын алу туралы айту.  Сіздердің университеттеріңіз мұны ашық талқылауға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін тиісті шараларды қабылдауға дайын екеніне қуаныштымыз», — деді жиынды ашқан  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Расул Медетов.

Талқылау барысында бақылау тобы қатысушыларды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықта анықталған сауалнаманың нәтижелерімен таныстырды.

«Біз  оқытушылардың қатысуымен жасалған «Саналы ұрпақ» жобасы аясында құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияда жүргізілген зерттеу нәтижелерінің нақтылығын қарастырып, студенттерге жасалынған жұмыстардың нәтижелері туралы хабарлап отыруды ұсынамыз», — деп мәлімдеді Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының басшысы Ербол Толыбаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы кейде студенттердің заңсыз әрекеттердің бастамашысы болатынын атап өтті. «Осыған байланысты оқытушылар заңсыз материалдық сыйақы фактілеріне жол бермеуі керек. Өйткені, ҚР Қылмыстық кодексінің 247-бабына сәйкес «Заңсыз ақылы алу» бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген», — деді..

Жұбанов университетінің ректоры  Бауыржан Ердембеков университетте жемқорлықты жоюда бірлескен жұмыс үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Расул Медетов пен Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы  Мирлан Мұхамбетовке алғысын айтты. «Негізінен, параны тек оқымайтын студенттер ғана береді. Осыған байланысты біз заңсыз құқық бұзушылықтар туралы ішкі тексерулер жүргіземіз», — деді университет басшысы.

Бүгінгі күні Жұбанов университетінің сапа мониторингі бөлімі студенттер арасында сыбайлас жемқорлықты анықтау және оған қарсы күрес туралы жасырын сауалнама жүргізіп отырады. Мүдделі тұлғалар университеттің ресми сайтында орналастырылған формаларды толтыра алады. Сондай-ақ, емтихан кезеңінде «Біз таза сессияға барамыз!» акциясының аясында университетте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері бойынша шағымдар қабылданатын Call-орталығы бар. Сыбайлас жемқорлықты  жою үшін университетте сырттай оқыту формасы жойылғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар бүгінгі күні дипломдық жобаларды қорғауда қойылатын талаптар күшейтіліп, GPA (студенттің орташа балы) өсті. Бұл шаралар университетте жарияланған «Сапа жылы» аясында өткізіледі.

Жиын барысында университеттің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова сөз сөйлеп, университет бейнебақылаумен толығымен жабдықталғанын атап өтті.  Соның арқасында оқытылатын пәндер мен емтихандардың сапасы белсенді түрде бақыланатынын тілге тиек етті.

Айта кетейік, Жұбанов университеті  — Ақтөбе облысының 4 жоғары оқу орындарын біріктіретін «Саналы ұрпақ» республикалық жобасының ресми жобалық офисі. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде оқытушылар мен студенттер өздерінің идеялары бойынша студенттердің жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру және оқу ордасындағы жемқорлықтың алдын алу мүмкіндігіне ие.

Өткен күз айында университетте «Сыбайлас жемқорлықсыз жарқын болашақ» атты ұран ашылды. Бүгінгі күні студенттік клубтың жұмыс жоспары бекітілді, оның шеңберінде оқытушылар мен студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өткізді.

Басқосуда Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы  Мирлан Мұхамбетов жемқорлыққа қарсы күресте өзекті мәселелерді шешуде қолдау көрсеткен  университет басшылығына алғысын жеткізді. «Бүгінгі талқылау мәселесі жеткілікті түрде бағаланғанына қуаныштымыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бұзылуын болдырмау жөніндегі мұндай кездесулер жиі өткізілуі керек және осы кездесулердің нәтижесінде мұндай сәттерді болдырмау керек. Тек бірігіп жұмыс істеу арқылы біз туындаған мәселелерді шеше аламыз », — деп атап өтті Мирлан Бегежанұлы.

Ашық диалогтың қорытындысы бойынша кафедра студенттер арасында «Саналы ұрпақ» жобасы туралы түсіндірме әңгімелесулер өткізу, университеттің әр оқу ғимаратында жемқорлыққа қарсы плакаттарды орналастыруды қамтамасыз ету және профессор-оқытушылар құрамымен түсіндірме әңгімелесу өткізу туралы ұсыныстар жасалды.

Өз кезегінде, ректор Бауыржан Ердембеков сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өкілдерімен өткен басқосуда университетте сыбайлас  жемқорлыққа қарсы бірлескен мониторинг жүргізуді ұсынды. «Біз әрдайым ашық диалогқа және анықталған мәселелерді талқылауға дайынбыз. Университет басшылығының, жемқорлыққа қарсы агенттіктердің, оқытушылардың, студенттердің бірлескен жұмысы тек оң нәтижелерге жетуге көмектеседі деп ойлаймын. arsu_rector@mail.ru мекенжайы арқылы сұрақтар мен ұсыныстарды тікелей маған жолдай аласыздар», — деді университет басшысы.