Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Қаржы орталығы» АҚ өкілі студенттермен кездесті

«Қаржы орталығы» АҚ өкілі студенттермен кездесті

Бүгін Студенттер сарайында университеттің оқу және оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова және  ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаровтың қатысуымен «Білім» тобы мамандығының мемлекеттік білім беру тапсырысы (грант және ауыл квотасы) бойынша білім алатын 2-4 курс студенттері, магистранттар мен PhD докторанттар  «Қаржы орталығы» АҚ өкілі, әлеуметтік жобалар мониторингі департаментінің менеджері Мәулет Қуаныш Мәулетұлымен кездесті.

Аталмыш шараның мақсаты —  мемлекеттік білім беру тапсырысы (грант және ауыл квотасы) бойынша білім алатын жас мамандардың (бакалавр, магистратура, PhD докторантура) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерді орындауын бақылау мен мониторингті қамтамасыз ету шеңберінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Кездесу еркін форматта, сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Кездесуде ЖОО бітіргеннен кейінгі жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайда бюджеттен жұмсалған қаржыны мемлекетке қайтару мәселесі төңірегінде мәселе көтерілді. Жұбанов университетінде мемлекеттік білім тапсырысы бойынша оқып жатқан студенттерімен қатар оқу ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы, бөлім мамандары да  сауалдарын жеткізді. Ашық диалог аясында өткізілген бір жарым сағаттық кездесу кезінде 50-ден аса сұрақтарға «Қаржы орталығы» АҚ өкілі мен университет проректорлары жауап берді.

Жиын соңында студенттер  университет басшылары мен «Қаржы орталығы» АҚ өкіліне жеке сұрақтарымен жолықты.

Кәсіби даму және мансап орталығы