Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбелік студент қарындашпен әлем жұлдыздарының портретін салады

Ақтөбелік студент қарындашпен әлем жұлдыздарының портретін салады

Ақтөбелік студент Айя Спамбетова алғаш рет портреттер көрмесін ұйымдастырды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті хоккей командасының спортшылары мен Kpop және Qpop әншілерін, Димаш Құдайбергенмен Геннадий Головкинді, Дениc Тенді салған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Айя Спамбетова орта мектепті Алтын белгімен бітіріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне мемлекеттік грантқа оқуға түсті. 8 жасынан бастап қағазға қарындашпен сурет салып жүрген ол студенттер сарайында портреттер көрмесін ұйымдастырды.

«Айя негізі сәнгер болуды қалаған еді. Жоғары оқу орнына түскен соң портрет сала бастады. Бұл 7-8 айдағы жұмысы», — деді Сандуғаш Спамбетова.

Қазір Айя Спамбетова «Үздік студент» атанды. Биыл жоғары оқу орны арнайы стипендия да тағайындады.

«Қызым «Ақтөбе» хоккей командасының фанаты. Сонымен қатар, Kpop және Qpop тыңдайды. Көрмеде де сол спортшылар мен әншілер бейнеленген портрет көп. Ұстаздары мен көмек қолын созған адамдарды да салды», — деді Сандуғаш Спамбетова.

Айта кетейік, студент алдағы уақытта осы саладағы жұмысын жандандырып, жаңа туындыларын жинақтауды көздеп отыр. Кез келген адам ұсыныс айтып, өз портретін салуға өтініш жасағанымен, көбіне сүйікті әншілері мен әртістерінің бейнесін қағаз бетіне түсіреді.