Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте ғылым апталығы басталды

Университетте ғылым апталығы басталды

Жұбанов университетінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында студенттердің ғылым апталығы бастау алды. Әр көктемде өткізілетін дәстүрлі шараның биылғы ұйымдастырылуы да ерекше өтуде.

Мұнда студенттер республикалық, халықаралық конференцияларда үздік деп танылған жобаларын ұсынды. Үздік жобалардың нәтижелері көрмеде көрініс тауып, көпшілік назарына ұсынылды. Студент жастардың ғылымдағы талпыныстарына қолдау көрсету, оларды  ғылыми  ізденістерге қызықтыру мақсатында бір апта ішінде  әртүрлі 180-нен астам шара өткізілетін болады.

Шаралардың көбі ауқымды. Атап өтсек,  ғылыми семинарлар, дөңгелек үстелдер, тренинг, пәндік олимпиадалар, ғылыми байқау жоспарланған. Сонымен қатар ғылым апталығы аясында ғылыми жетістіктер көрмесі, шеберлік сағаттары, брейн-рингтер, іскерлік және интеллектуалдық ойындар  сияқты қызықты ғылыми-көпшілік шаралар да бар.

Шараға жиналғандар алдымен ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады.

Ғылым апталығының ашылуымен құттықтаған  университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков:  «Университетте  студенттердің  «Ақылды бала бақша» жобасы StartUp жобасы байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленген болатын. Олардың бұл жобасы қолдау тауып, «Зерек» балаларды дамыту орталығы ашылды.  Орталықтың тиімді тұстарының бірі студенттер педагогикалық тәжірибеден өтіп, болашақ кәсіптерін шыңдауға мүмкіндік алады.  Қазірде онда оқытушылармен қатар 10-нан астам студент жұмыс жасап жатыр. Жетістіктер алға жылжып, біз әрбір студентке қолдау білдірсек осындай әр сала бойынша мықты кәсіпкерлер шығатынына сенемін!», — деді. 

Аталмыш шарада университеттің баспасөз қызметіне Экономика және құқық факультетінің «Жас бухгалтер» үйірмесінің жетекшісі Зәуреш Иманбаева сұхбат берді. Үйірме жетекшісі ««Есеп және аудит» мамандығының 3-курс студенті Гүлнұр Бегеева «Менің арманым» сынды көптеген жобаларға қатысып, жартылай финалға дейін өткен болатынбыз. Сондай-ақ, жастарға арналған әлеуметтік жобаларға қатысып, бір миллион теңгені де ұтып алдық. Бұл біз үшін қуантарлық жағдай. Гүлнұр Бегеева 6 ай бойы қайырымдылық шаралармен де  айналысты. Ал, 6 айдан кейін есебін тапсырып, қазіргі уақытта  жобадан жеңіп алған қаражатына жеке кәсіпкер ретінде өзінің фотосалонын ашты. Онда дизайнын өзі жасап, түрлі шақыру қағаздарын мен ашықхаттар шығарады.  Қазіргі уақытта Гүлнұрдың жасаған жұмыстары көптің көңілінен шығып, студенттер мен оқытушылардан тапсырыстар түсуде», — деп, үйірме  жетістіктерімен бөлісті.

Көрмеге қатысқан «Биология» мамандығының 2-курс студенті Сандуғаш Шержанова: «Біздер факультетте «Өсімдіктер әлемі» курсына қатысып, онда біз көптеген гүлдерді өсіреміз. Әйел адамдар үнемі асханада жүргендіктен хлорофитум гүлін бүгін көрмеге әкеліп отырмыз. Бұл гүл асханадағы электромагниттік толқындарды бойына сіңіреді және адамға өзінің оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, біз петуния сынды дала өсімдіктерін де өсіреміз. Осының арқасында StartUp жобасына да қатысқан болатынбыз. Сол жоба аясында өзіміз көптеген гүлдерді өсіріп, арзан бағалармен сатамыз», — деді.

Ал, ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде ғылыммен айналысатын жастардың саны артып келеді. Мәселен, күні бүгінге дейін өңірдің іргелі жоғарғы оқу орнының көптеген студенті облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми-зерттеу шараларының жеңімпаздары атануда.

«Бүгінгі студенттердің ғылым апталығының аясында 182 шара өткізіледі. Сондай-ақ, айтулы шараның ашылуында басталған Ғылыми жетістіктер туралы көрмесінде 100-ге жуық жобалар қойылды. Осы апталық аясында  «Ғылым қайнары» байқауы да өткізіліп жатыр.  Шара аясында «Үздік факультет», «Үздік жас ғалым», «Үздік ғалым», «Үздік магистрант» номинациялары беріледі.

Жалпы, Жұбанов университетінің жас ғалымдары мен студенттері келесі бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруда. Ал, жас ғалымдар мен студенттердің құрастыруымен «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы қызметін цифрландыру және автоматтандыруға арналған «еARSU» мобильді қосымша мен «Еarsu бот» өндіріске енгізіді. Нәтижесінде қызмет көрсету процесі оңтайланып, бүгіннен бастап ойлайн анықтама беру қызметі іске қосылды.

Сонымен қатар электронды «Профессор-оқытушылар құрамының қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесі» іске қосылғанын атап өтуге болады. Сабақтас жоба ретінде жасақталып жатқан университет ғалымдарының еңбектері туралы көп функционалды ақпараттық «science.arsu.kz — басылымдар деректоры» да өндіріске енгізілді» — деді, университеттің Ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаментінің директоры Берікхан Иісбек.

Айта кетейік, студенттердің ғылым апталығы 2019 жылдың 12 сәуіріне дейін жалғасады.