Суббота, Май 21, 2022
Басты > Жаңалықтар > Студенттік пәндік олимпиада жұмысын бастады

Студенттік пәндік олимпиада жұмысын бастады

Жұбанов университетінде 5В070800-«Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша жоғары оқу орындары студенттері арасында XІ Республикалық  пәндік олимпиадасы басталды.

Шығармашылық жолындағы дарынды жастарды қолдауға бағытталған шараға Жұбанов университеті қолдау білдіріп отыр. Республикалық олимпиада ББМС-ның міндетті компоненттеріне кіретін «Мұнай және газ ісінің негіздері», «Мұнай өндірудің техникасы мен технологиясы» пәндері бойынша өткізіледі.

Олимпиадаға еліміздің 8 жоғары оқу орнының студенттері қатысуда. Білім додасы 2 кезеңмен өтеді.  Білім додасы 10-11 сәуір аралығында өтпек. Мұндай олимпиаданың басты мақсаты — студенттердің оқу-танымдық қызметін ынталандыру, олардың кәсіби әлеуетін өсіру.

Олимпиаданы университеттің Стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы Қуанышбек Шүңкеев  ашты. «Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған шара болашақ мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін дамыту, білім алушының оқу-танымдық белсенділігін ынталандыру, дарынды білім алушыларды іріктеуді көздейді», — деп атап өтті.

«Мұнай газі ісі» кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты Райгүл Орынбасар: «Республикалық пәндік олимпиада екі турдан тұрады, яғни олимпиадаға қатысушылар 1-кезең тестілеуден өтсе, 2-кезеңде теориялық және практикалық тапсырмалардан тұратын жазбаша түрдегі тапсырманы орындайды. Студенттердің білімін бағалау әр пән бойынша баллмен есептелінеді. Әр тапсырма 100 балдық жүйемен бағаланады. Қорытынды баға пәндер бойынша нәтижелердің жиынтық мәні болып саналады» , — дейді.

Олимпиадаға келген студенттер сонымен қатар қаланың көрікті жерлерін аралап, семинарларға қатысады. Ал сәуірдің 11-і білім додасының жабылу салтанаты өтіп,  жеңімпаздар марапатталады.