Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, уақытпен бірге дамуымыз керек

Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, уақытпен бірге дамуымыз керек

Үмбетқан Сәрсембин,

философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі.

Мемлекеттің дамуында ерекше құбылысқа ие қоғамдық сананың тарихи формалары — тіл, мәдениет, тарих, дін, өнер, дәстүр, ғылым, білім, экономика, құқық, саясат және т.б. Философия тарихында ірі ойшылдардың ілімдерінде зерделенгендей, жеке адам өзінің рухани қалыптасуында мемлекет азаматына айналуы үшін қоғамдық сананың барлық формаларын толық меңгеруі тиіс. Егер бұлардың барлығы жеке адамның танымында, қоғамдық ортада өмір сүретін болса қоғам тұтастай дамиды. Әділеттілік, дәстүр, білімді, өнерді кәсіп ету қоғамның ұстанымына айналады.  Әлихан Бөкейханов айтқандай, «Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу-өнер болмайды».

Уақытпен бірге қоғам да өзгереді. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, қоғамдық сананың рухани жаңғыруы дегеніміз —  ұлттың және оның мемлекетінің қалыптасу жолындағы құндылықтар мен мәдени игіліктерді сақтай отырып, жаңа уақыттың өрісінде қалыптасып жатқан дүниелерді игеруі, қабілеті, білімі және өнері арқылы бағындыруы, соған ұмтылуы. Мәселен қазіргі таңда қоғамның әлеуметтік, мәдени және саяси дамуы, дамудағы ерекшеліктер әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілік арқылы көрінуде. Ал бәсекеге қабілеттілік әлемдік өркениетте биікке қол жеткізген мемлекеттердің тарихында осыдан біраз уақыт бұрын басталып кеткен. Бүгінгі адамзат әлемінде қоғамдық сананың тарихи формаларының қатары бәсекеге қабілетті болудың жаңа дүниелерімен толығуда. Осындай жағдайда уақыт болмысы, қоғамның болашағы өскелең ұрпақтан жаңа дүниелерді меңгеруді талап етеді. Тағы да Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың сөзіне жүгінсек, «Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік». Бүгінгі заманда мұратқа жетудің талабы адам бойында ұлттық сананың, рухтың, білімнің және жігердің болуымен ерекшеленеді. Ұрпақтың өз заманындағы жаңа дүниелерді бағындыруға ұтымды ұмтылысын және осы жолда халыққа игілігі ортақ дүниелерді бағындырудың тәсілдерін меңгеруін рухани жаңғыру дейміз.

Қазіргі таңда ұлттық мүддеге күш беретін, оны сақтап отыратын жаңа дүниелерді меңгеру, жолында қоғамға қайшы келетін нәрселерді күні бұрын ажырата білу — бүгінгі қоғамның ұлттық санасының айшықты белгілерінің біріне айналуы тиіс мәселелердің бірі. Елбасының бағдарламалық мақаласында ХХІ ғасырдағы ұлттық санамызға қатысты міндеттер көрсетілген. Қазақ халқының ұлттық санасының өніміне айналуы тиіс нәрселерге — бәсекеге қабілетті болу, ұлттық прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, қоғам мен жеке адамның рухани өмірінде білімнің салтанат құруы, қоғамның өз жолымен дамуы. Бұған дейін де айтылғандай, ұлттық сана жеке адамды мемлекетімен, қоғамымен біріктіріп отыратын рухани феномен. Сондықтан қоғамның тұрақтылығы, тұрақты түрде дамуы жекелеген адамдардың іс-әрекетіне, рухани құндылықтарына және барлық қоғамдық сана түрлерін бойына біріктіре алған рухани деңгейіне келіп тіреледі. Сол себепті қай уақытта да қоғамның болашағына, дамуына қажет нәрсе — бәсекеге қабілеттілік. Бәсекеге қабілеттілік болмай қоғамның тәжірибелері оның (қоғамның) болмысына жақындамайды.

http://www.aktobegazeti.kz/?p=75070