Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жастар саясаты > І облыстық авторлық ертегілер фестивалі аяқталды

І облыстық авторлық ертегілер фестивалі аяқталды

Елбасының «Жастар жылы» аясында Жұбанов университетінде І облыстық авторлық ертегілер фестивалі өтті.

Аталмыш шара жастар арасында адамгершілік қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды насихаттау, жасөспірімдер мен жастар бойындағы шығармашылық қабілеттерді ашу мақсатында ұйымдастырылды.

Филология факультетінің ұйымдастыруымен  өткен шараға  8-11 сынып оқушылары, колледж, ЖОО студенттері өз ойынан туған ертегілерін ұсынған. Факультет деканы Күлзат Садирова айтуынша, 18 жұмыс ұсынылған. «Бірінші кезеңде қатысушылар өздерінің ертегілеріне аудио жазуды жіберді. Фестивалдің екінші кезеңіне тек 6 адам өтті, олар бүгін  театрлық қойылымдағы ертегілерінен үзінділерді ұсынады. Бұл фестиваль алғаш рет университетте өтіп отыр, бұдан әрі дәстүрге айналады деп ойлаймыз», — деді ол.

ІІ кезеңге Жұбанов университетінің студенттерінен бөлек, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе медициналық колледжінің студенттері және № 20, № 28 мектептердің оқушылары жолдама алған.

Авторлық ертегілерді Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Сатыбалдина, «Алақай» қуыршақ театрының әртісі Алмагүл Қаражанова, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе  облыстық драма театрының әртісі Сержан Аманқұлов және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері Гүлімай Қуанышева сынды қазылар алқасы бағалады.

Әділқазылар барлық қатысушылардың еңбектерін  жоғары бағалап, сертификаттармен марапаттады.

Аталмыш шара қорытындысында І орынды Дана Асылбекова «Жүрек – әлемнің жұмбақ көзі», ІІ орынды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе медициналық колледжінің студенті Альбина Байжанова «Патша мен кедей», ал ІІІ орынды №28 орта мектептің оқушысы Эмиль Загидулин «Пророчество» ертегісімен жеңіп алды.

«Біріншіден, фестиваль ұйымдастырушыларына алғыс айтамын. Жас ұрпақтың арасында өз ойларымен бөлісуге қызығушылық танытатын талантты жастардың  бар екеніне өте қуаныштымын», — деді Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе  облыстық драма театрының әртісі Сержан Аманқұлов.

Сондай-ақ, өз кезегінде ақын, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері Гүлімай Қуанышева жеңімпаздардың ертегілері мазмұнына сәйкес таңдалғанын жеткізді. Шара соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.