Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Зейінді зерттеушілерге арналған апталық

Зейінді зерттеушілерге арналған апталық

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Жастар жылы» аясында студенттерге арналған ғылыми апталық ұйымдастырылды.

Бұл шара рухани жаңғыру жұмыстарының екі жылдығымен және  Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығымен тұспа-тұс келді.

Әр көктемде өткізілетін дәстүрлі шараның биылғы басқосуы да ерекше еді. Студенттер республикалық және халықаралық конференцияларда үздік танылған жобаларын ұсынды. Жастардың нәтижелі жетістіктері арнайы көрме арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Ізденушілердің ғылыми талпыныстарына қолдау көрсетіп, алға жетелеу мақсатында бір апта ішінде  әртүрлі 180-нен астам шара өткізілді. Олардың қатарында ғылыми семинарлар, дөңгелек үстелдер, тренинг, пәндік олимпиадалар, ғылыми байқаулар, шеберлік сағаттары, брейн-рингтер, іскерлік және интеллектуалдық ойындар  сияқты қызықты ғылыми-көпшілік шаралар да бар.

Ғылым апталығының ашылуымен құттықтаған  университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков қатысушыларға сәттілік тілеп, әрбір студентке көмек көрсетілсе әр сала бойынша мықты кәсіпкерлер шығатынына сенім білдірді. Және ынталылардың тың идеясына жан-жақты демеу білдірілетіндігін жеткізді.

Көрмеге қатысқан «Биология» мамандығының 2-курс студенті Сандуғаш Шерджанова: – Біздер факультетте «Өсімдіктер әлемі» курсына қатысып, онда біз көптеген гүлдерді өсіреміз. Әйел адамдар үнемі асханада жүргендіктен хлорофитум гүлін ғылыми жетістіктер көрмесіне әкеліп отырмыз. Бұл гүл асханадағы электромагниттік толқындарды бойына сіңіреді және адамға өзінің оң әсерін тигізеді, – деді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде ғылыммен айналысатын жастардың саны артып келеді. Күні бүгінге дейін өңірдің іргелі жоғарғы оқу орнының көптеген студенті ғылыми-зерттеулерімен топжарды.

– Бір аптаға созылған студенттердің ғылым апталығының аясында 182 шара өткізілді. Сондай-ақ, айтулы шараның ашылуында басталған Ғылыми жетістіктер туралы көрмесінде 100-ге жуық жобалар қойылды. Осы апталық аясында  «Ғылым қайнары» байқауы ұйымдастырылды.  Шара аясында «Үздік факультет», «Үздік жас ғалым», «Үздік ғалым», «Үздік магистрант», «Үздік факультет»  номинациялары берілді. Біздің жоғарғы оқу орнының жас ғалымдары мен студенттері келесі бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруда. «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы қызметін цифрландыру және автоматтандыруға арналған «еARSU» мобильді қосымша мен «Еarsu бот» өндіріске енгізіді. Нәтижесінде қызмет көрсету процесі оңтайланып, бүгіннен бастап ойлайн анықтама беру қызметі іске қосылды. «Профессор-оқытушылар құрамының қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесі» жұмысын бастады. Бұл жоба папка толы қағазын арқалап, кабинет аралап балл жинаған оқытушы пробламасы мен парақ-парақты аударып, рейтинг парағын қолымен толтырған тексеруші мехнатын тарихтың қойнауына қалдырырды. Есептік жылда апробациядан сәтті өтіп, өндіріске қосылды. Сабақтас жоба ретінде жасақталып жатқан университет ғалымдарының еңбектері туралы көп функционалды ақпараттық «science.arsu.kz – басылымдар деректоры» да өндіріске енгізілді,деді университеттің Ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаментінің директоры Берікхан Иісбек.

Бүгінде университет жастары робототехника мен 3D-ның тылсымына үңіліп, жас өспірімдерге ұлттық құндылықтарымызды дәріптейін ойындар жасауға атсалысуда. Сондай-ақ, медициналық, техникалық, көркем мәтіндерді ағылшын тілінен қазақ тіліне және қазақ тілінен ағылшын тіліне аударуды мақсат еткен жастар «Translate and Watch (Аударма бюросы мен аударма студиясы)» жобасы бүгінде ағылшын тіліндегі фильмдерді қазақ тіліне аударып субтитр арқылы көрсетіп, қазақ тіліндегі фильмдерді ағылшын тіліне аударып, оларды танымал етуді қолға алуда.

Апталық аясында еліміздің әр өңіріндегі интеллектуалды жастарды анықтап, олардың ғылыммен айналысуына жол ашу мақсатында өткізілген «5В070800-Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша жоғары оқу орындары студенттері арасында XІ Республикалық студенттік пәндік олимпиадасына Алматы, Қызылорда, Шымкент, Орал, Қарағанды, Ақтау, Ақтөбе қалаларының ЖОО студенттері белсенді қатысты.

«Жастар, ғылым және инновация» атты студенттер, магистранттар мен PhD докторанттарға арналған XV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен басқосу жарасымды жалғасын тапты. Университет абыройын асырып, ғылыми әлеуетін арттыруға, іргелі, қолданбалы ғылымның дамуына зор үлес қосып жүрген жастар жетістіктерімен қатар жоспарларын айтып, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Және қолдау мен көмектері үшін университет басшылығы мен ұстаздарына алғыстарын білдіріп, биік белестерді бағындыру жолында күш жігерлерін аямайтындықтарын жеткізді.

24 ELEMENT студенттік клубының құрамында 137 студент, 7 жас маман бар. Клуб мүшелері Республикалық деңгейде ғылыми-зерттеу жұмыстар байқауларында, пәндік олимпиадаларда  үнемі жүлделі орындар иеленді. Сондай-ақ, халықаралық конференцияларда белсенділік танытып, өзге университет студенттерімен тәжірибе алмасып отырады. Осы орайда біз жас маман ретінде магистранттар мен студенттерге бағыт-бағдар беріп, бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлау мақсатында еңбек етудеміз, – деді сөз алған жас маман, «24 Element» ғылыми үйірмесінің жетекшісі, техника ғылымдарының магистрі Альбина Ерсайынова.

Шетел тілдері факультетінің  4-курс студенті Нұрсұлтан Асылов білім алушыларды ағылшын тілінде жобалар жасауға үйрететін «Project based learning (Жоба құру арқылы оқыту)» жайында баяндады. Ғылымға құштар студент жастың бұл жобасын шетелдіктер өте жоғары бағалап, Оттава университетінің (Канада) Languages cultures societies (Қоғамдағы тіл мәдениеті) мамандығы бойынша магистратураға жолдама берген болатын.

«Менің арманым» Start up жобасының республикалық байқауының финалисті,  ZHAS PROJECT Дүниежүзілік банктен 1 миллион теңге грант иегері (фотосалон «BEGEY»), К-PRO Профессиональды Қазақстан жобасынан оқу гранты, Халықаралық ғылыми жоба аясында «Үздік студенттік ғылыми жоба» дипломының иегері, экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті Гүлнұр Бегеева мен «Ақылды балабақша» Start up жобасы негізінде ашылған «Зерек» балаларды дамыту орталығының тәлімгері, педагогика факультетінің 4-курс студенті Сабина Тұржанова тәжірибелерімен бөлісіп, пікірлерін жеткізді. Жастар тарапынан айтылған тың ой, ұтымды ұсынысты университет басшысы назарға алып, алдағы уақытта ескеретінін жеткізді. Бір аптаға созылған апталықтың қортындысында «Ғылым қайнары – 2019» ғылыми жоба байқауы мен «Жыл үздігі» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

«Жыл үздігі» байқауы бойынша «Үздік факультет» пен «Үздік кафедра» номинация жеңімпазының ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті зертхана құрал-жабдықтары сатып алынып, «Үздік ғалым» мен «Үздік жас ғалым» иегерлеріне бір айлық жалақы, «Үздік магистрант» пен «Үздік студент» жеңімпазына стипендия тағайындалды. «Ғылым қайнары» ғылыми жоба байқауының үздіктеріне ғылыми-зерттеу жұмысын дамытуға қажетті түрлі мүмкіндіктер қарастырылмақ.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ

Баспасөз қызметі бөлімінің маманы

https://docviewer.yandex.ru/view/0/?*=NmralHJh%2FIySrReLgg2FlQi7jsl7InVybCI6InlhLWRpc2stcHVibGljOi8vT2NFZ2hLaUoycWFva2hGNVdPelNJWWxucHQ0UnF5VStWVVd4cW1hcElWY2xvUjBqSzBzZUNWS2kxbHpkdlc4V3EvSjZicG1SeU9Kb25UM1ZvWG5EYWc9PSIsInRpdGxlIjoiMTUoMTcyKS5wZGYiLCJ1aWQiOiIwIiwieXUiOiIzNjYxNjAwOTkxNTE2MjU1NjY4Iiwibm9pZnJhbWUiOmZhbHNlLCJ0cyI6MTU1NTQwNjY2NzMzM30%3D