Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының жұмыс кабинеті ашылды

Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының жұмыс кабинеті ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Н.Байғанин атындағы оқу ғимаратында Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының жұмыс кабинеті ашылды.

Болашақ филолог мамандарға сапалы білім мен кәсіби дағды қалыптастыру мақсатында ашылған кабинеттен «Жазушының жұмыс аймағы» және «Жазушының демалыс аймағы», кітап сөрелері таныстырылды. Сондай-ақ «Санмен өрнектелген әдебиет» аймағында қазақ әдебиеті классиктерінің 28 шығармасы «QR-код» бағдарламасы негізінде жинақталған. Шығармаларды аудио түрінде тыңдауға да мүмкіндік бар.

— Қазір ІТ технология тек техника мамандықтарына ғана емес, барлық салаларға қажет. Жаңа форматтағы жобалар, Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылардың шығармалары «QR-код» бағдарламасы арқылы студенттерімізге қолжетімді болмақ. Болашақта осы кабинеттен мықты-мықты ақындар шығады деген ойдамын, — деді аталған университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков шараның ашылу салтанатында.

Сондай-ақ бұл күні Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының жанынан құрылған студент-жастардың «Жас қаламгер» клубы да өз жұмысын бастады.

Шара барысында аталған клубтың жетекшісі, «Қазақ филологиясы» мамандығының 1-курс студенті Әсел Ғалымжанова  клубтың 5 мүшесіне куәлік табыстады.

— Осы кезге дейін Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының баспанасы болған жоқ. Университет басшылығына кабинет ашу туралы өтініш айтқан болатынбыз. Ұсынысымызды қабыл алды. Себебі университетте талантты, болашағынан зор үміт күттірер жастар бар. Алдағы уақытта бұл кабинетте белгілі ақын-жазушылармен кездесулер, лекциялар ұйымдастырылмақ. Поэзиялық, прозалық шығармалар талқыланып, жұмысымыз одан әрі жанданатын болады, — дейді Қазақстан Жазушылар Одағы Ақтөбе филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК

http://www.aktobegazeti.kz/?p=75209