Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әлемдік деңгейдегі форум

Әлемдік деңгейдегі форум

Бүгін Жұбанов университетінде екі күнге созылған  «Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін білім сапасымен қамтамасыз ету менеджменті» халықаралық форумы басталды. Форум аясында Ресей, Белорусь, Польша, Түркия, Болгария, Қытай, Корей елдерінің өкілдері мен Қазақстанның 25 жоғары оқу орындарының өкілдері  Жұбанов университетіне жиналды.

Шараға  Ақтөбе  облыстық әкімшілігі, отандық және шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері, дипломатиялық ведомстволардың өкілдері, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен өндірістік компания өкілдері, қазіргі заманғы әлеуметтік технологиялар бойынша сарапшылар, республикалық және өңірлік деңгейдегі қоғамдық қызметті дамыту жөніндегі жетекші орталықтардың өкілдері қатысты.

Аталмыш форумның мақсаты —  Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін білім сапасымен қамтамасыз ету менеджменті, шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының тәжірибесін негіз ете отырып жоғары білім беру әлеуетін арттыру, тиімді серіктестік құру.

Форум қатысушылары мен қонақтары алдымен Жастар сарайындағы ұлттық киімдер көрмесін тамашалады.

Форумды облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау сөзімен ашты.

Халықаралық форумның жұмысы қатысушылардың пленарлық мәжілісімен басталды. Форум барысында шетелдік сарапшылар мен жоғары оқу орындарының басшылары игі жобаға оң пікірлерін білдіріп, баяндамалар  жасады. Дөңгелек үстелде қонақтар менеджментті ұйымдастыру мен әріптестік қарым-қатынастарды ұйымдастырудағы озық тәжірибелерімен бөлісті.

Университет ректоры Бауыржан Ердембеков: «Құрметті форумға қатысушылар, форум қонақтары, әріптестер! Қазақстанның батыс өңіріндегі агломерациялық орталыққа айналған, Ақтөбеге  қош келдіңіздер! Құтты мекен Ақтөбе — кешегі Асан қайғы мен Қобыланды батырдың, Әйтеке би мен Әбілқайыр ханның жұрты. Берісі қазаққа, әрісі әлемге танымал әйгілі Жұбановтардың туған жері — Ақтөбе қаласы биыл 150 жылдығын атап өтіп жатса, Жұбанов университеті келесі жылы 85 жылдық мерейтойын тойлағалы отыр.  Бүгінгі «Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін білім сапасымен қамтамасыз ету менеджменті» атты халықаралық форумы да осы қос мерейлі датаның аясында өтіп жатқанын ерекше атап көрсетеміз!», — деп, университеттегі атқарылып жатқан істерге тоқталды.

«Біз сапаға ұмтыламыз, яғни шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста болуымыз керек. Форумның шеңберінде «Польяк тілі мен мәдениеті» орталығы, «Халықаралық ынтымақтастық конференц-залы», студенттердің халықаралық академиялық ұтқырлығын кеңейту үшін «INVO» кеңсесін ашуды көздеп отырмыз.

Бұл форум Қазақ еліндегі жоғары оқу орындарының әлемдік аренаға шығуына, сол межеде болуына барынша септігін тигізетініне мен сенімдімін»,  — деді ректор.

Дөңгелек үстелде «Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің білім беру деканы, доцент Аида Сағынтаева «Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету жүйесі» туралы әңгімеледі. Ол баяндамасында білім беру бағдарламаларының қалай дамитынына және олардың құрылымын бөлісуге назар аударды. Ауқымды шараны ұйымдастырған Жұбанов университетінің басшылығына  алғысын білдірген Аида Қыстаубайқызы Назарбаев Университеті мен Жұбанов университеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Быдгощ қаласы Экономика университетінің дене шынықтыру және спорт институтының директоры Александр Скалий «Польша үлгісіндегі Еуропалық Одақтың жоғары оқу орындарында жоғары басшылық құзыреттілікке қойылатын заманауи талаптары» жайында баяндады.

А.Скалий ««Қазақ елі» орталығы екі оқу орнының жемісті қарым-қатынасының бұрынғыдан да жақсара түскенін, оның жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл орталық ғылым-білім саласында қазақ-поляк байланыстарын одан әрі ныйғайтып, Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен мәдениетін  Еуропада насихаттайтын орталық болды деп ойлаймын», — деді.

Жұбанов университетінің халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры, профессор Гүлжан Шоқым «Халықаралық серіктестік білім сапасын арттырудың маңызды  параметрлері» баяндамасында  университеттің халықаралық ынтымақтастықтағы жетістіктерінің негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.

«Қазіргі уақытта АҚШ, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің 125-ден астам университеттері мен білім беру ұйымдары АӨМУ-інің шетелдердегі әріптестері болып табылады.

Университет Эразмус+ бағдарламасы бойынша Еуропалық Одақ елдерімен академиялық қарым-қатынас орнату аясында жоғары білім беруді жетілдіруге, қолжетімділікті кеңейтуге және жоғары білім беруді интернационализациялауға, ЕО университеттерімен дамыту мен нығайтуға бағытталған 6 «Жоғары білім әлеуетін арттыру» жобасына қатысуға өтініш берді. Университеттің тану құралдарын қалыптастыру және дамыту арқылы Қатысушы елдердің жоғары білім сапасына оң әсерін беру үшін Гданьск университетімен, Торундағы Николай Коперник Университетімен, Йылдыз және Юсунджи Йыл университетімен бірлесіп қатысу үшін Халықаралық Кредиттік Мобилділік бағдарламасы бойынша 4  өтініш берілді.

Университеттің академиялық ортада беделін жоғарылату мақсатында университетте QS World University Rankings (әлем университеттері рейтингі) жүйесіне қосылу үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Рейтингті бағалаудың көрсеткіштерінің бірі халықаралық академиялық қоғамдастық өкілдерімен және университет туралы өз пікірлерін білдіретін жұмыс берушілердің сараптамалық шолуы арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, университет QS рейтингінің дерекқорын, біздің университет туралы пікірлерін зерттеу үшін академиялық сарапшылар туралы мыңға жуық мәліметтерді енгізді» — деді Гүлжан Тыныштықбайқызы. Сөз соңында орталық директоры ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі  шетелдік студенттерді университетке тарту екенін айтып,  соңғы үш жылда университетте оқитын шетел азаматтарының саны  80%-ға өскенін тілге тиек етті.

Форум соңында ректор Бауыржан Ердембеков Быдгощ қаласы Экономика университетінің дене шынықтыру және спорт институтының директоры Александр Скалийді, Стамбұл университеті Технокенті «Компьютерлік инженерия» өндірістік алаңының жетекшісі Атакан Куртты, Кастамону университетінің проректоры Али Рефат Озканды «Жұбанов медалімен» марапаттады.

Форум  панелдік сессиялармен жалғасты.

Айта кетейік, сараптамалық іріктеуден өткен баяндамалар «Қазақстанның жоғары мектебі» ақпараттық-талдамалық журналында, Аккредиттеу және рейтингінің тәуелсіз агенттігінің (NAAR) «Education» журналында және «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті  хабаршысы» журналдарында  мақалалар түрінде жарияланатын болады.