Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Халықаралық форум: білім берудің әлеуетін арттыру және тиімді серіктестік құру

Халықаралық форум: білім берудің әлеуетін арттыру және тиімді серіктестік құру

«Қазақстандағы жоғары білім жүйесінде сапалы білім беруді басқару». Кешеден бері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде осындай тақырыпта халықаралық форум өтіп жатыр.

Екі күнге созылатын шараның басты мақсаты — шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының тәжірибесі бойынша жоғары білім берудің әлеуетін арттыру, тиімді серіктестік құру.

Маңызды басқосуға еліміздің 25 жоғары оқу орнының өкілдері жиналды. Сондай-ақ, Ресей, Белоруссия, Польша, Түркия, Қытай, Корея, Германия, Ұлыбритания, Эстония, Болгария елдерінен 20-дан астам ғалымдар мен сарапшылар  қатысуда.

Басқосуда алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов форумның маңыздылығын айтып,  ғалымдар мен сарапшылар жұмысына сәттілік тіледі.

Халықаралық жиын қос мерейлі датаның аясында ұйымдастырылып отыр: оның бірі Ақтөбе қаласының  150 жылдық мерейтойы болса, енді бірі —  келесі жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 85 жылдық мерейтойын тойламақшы.

Жиында аталған университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков те сөз алып, оқу орнының тыныс-тірлігімен таныстырды.

Форум барысында әлемнің жетекші университеттерінің өкілдері менеджментті ұйымдастыруға, әріптестік қарым-қатынастар орнатуға және Қазақстандағы білім сапасын дамыту стратегиясын бірлесіп әзірлеуге қатысатын үздік тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, сарапшылар білім беру сапасын қамтамасыз ету үшін менеджмент дамуының жай-күйін бағалап, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде білім беру сапасын тұрақты дамыту үшін жағдай жасау бойынша ұсыныстар әзірледі.  Халықаралық форум аясында «Жасыл желекті Жұбанов» ағаш егу акциясы ұйымдастырылды. Шара барысында 30-ға жуық ағаш егілді.

Бұдан кейін Технопарк ғимаратында поляк тілі мен мәдениеті орталығы, халықаралық ынтымақтастық конференц-залы «INVO» кабинеттері ашылды.

Айта кету керек, 2019 жылы Кастамону университетінде (Түркия) «Qazaq eli» қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылған болатын.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

http://www.aktobegazeti.kz/?p=75271