Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әлемдік кеңістікке жол ашқан

Әлемдік кеңістікке жол ашқан

 Жұбанов университетіндегі халықаралық форумның екінші күнінде Елбасының «Жастар жылына» орай «Жасампаз елдің білімді жастары» тақырыбында  шетелден білім алып келген жастармен  кездесу өтті.

Жастар сарайындағы «Мәңгілік ел» залында өткен жиынға 150-ге жуық студент пен Түркия, Ресей, Польша, Белорусь, Қытай, Болгария, Корей елдерінің өкілдері қатысты.  Кездесуді университетінің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев алғысөзімен ашып, білім берудің сапасын арттыруға арналған форумның тарихи кезеңмен тұспа тұс келгенін сөз етті.  Сөз соңында университет проректоры  жастарға ғылым, білім жолында қанттары талмай қарыштай берулеріне тілектестігін білдіріп,  Жұбанов жастарын белсенді болуға шақырды.

Жастармен кездесуде Түркия Республикасы Кастамону университетінің проректоры, профессор  Али Рефат Озкан университет басшылығына халықаралық форумды ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. «Мұндай кездесулер жиі бола бермейді. Форум аясында университет жастарымен кездескеніме өте қуаныштымын. Қос университеттің бірлескен жобаларының сәтті жүзеге асуына тілектеспін», —  деді.

Жастармен кездесуде шетелдік сарапшылар білім беру жүйесі мен шетелдік жоғары оқу орындарындағы  мүмкіндіктермен бөлісті.

Кездесуде сөз алған экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті Ақзеріп Есенжолова: «2018-2019 оқу жылының І жартыжылдығында университеттің филология, шетел тілдері, экономика және құқық, техникалық факультеттерінің 5 студенті Конфуций институтының жарты жылдық білім беру гранттарын жеңіп алып, Үрімші қаласы, Синьцзян қаржы-экономикалық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болған болатын. Шетелдік оқу орнымен әріптестік орнатып, шетелде білім алуға қолдау көрсеткен Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына және Конфуций институтына алғысымыз шексіз», — деді.

Ақзеріп Есенжолова сөз соңында  Қытайдағы оқу жүйесіндегі ерекшеліктермен бөлісті.  «Ол жақтағы оқу жүйесінде дәрістер өте аз шамада, бар назар практикалық сабақтарға бөлінген. Практикалық сабақтарда ұдайы өткізілетін тақырыптық талқылаулар, әртүрлі топтық жұмыстар сабақ барысын алуан түрлі, әрі қызықты етеді, яғни студенттер өзіндік сыни пікірлерімен бөлісіп тақырыптың мағынасын өздері ашуға мүмкіндік алады. Сабақ барысында тақырыптан тыс әрбір студент күн сайын әлемдегі болып жатырған тың жаңалықтармен бөлісуі керек, бұл міндетті үй тапсырмасы болып табылады. Біздегі қалыптасқан оқу жүйесі секілді әрбір пән бойынша студенттер ағымдық және қорытынды емтихандар тапсырады. Халықаралық білім беру институтында шетелдік студенттердің бос уақытын тиімді, әрі пайдалы өткізу мақсатында сабақтан тыс мұражайлармен және қытай мәдениетімен танысуға арналған мәдениет сабақтары ұйымдастырылған. Соның ішінде біз дәстүрлі қытайлық әскери дайындық өнері ушу және қытай көркем жазуы сабақтарына қатыстық.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бізге шет елдік білім мен тәжірибе алмасуға ғана емес, бөгде елдің мәдениетімен, олардың тыныс-тіршілігімен етене таныс болуға, жақсы достар табуға, жаңа тілдік ортаға бейімделуге жол ашты» , — деді.

Сондай-ақ, кездесуде халықаралық білім беру бағдарламаларымен шет мемлекеттерден білім алып келген университет студенттері  шетелде оқу барысындағы өз тәжірибелерімен де бөлісті.

Айта кетейік, Жұбанов университеті Батыс Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Облыстың ірі білім беру, ғылыми және мәдени орталығы ретінде университеттің қалыптасуының өз тарихы бар.  Аталмыш оқу ордасының  93 білім беру бағдарламасына 13 мыңнан астам студент қабылданды, оның ішінде 1000-ға жуығы шетелдік азаматтар. Университетте халықаралық және ұлттық академиялық ұтқырлық бағдарламасы қарқынды дамып келеді. Жоғары  оқу орындарының оқу бағдарламаларын салыстыру негізінде, оқу жоспарларын біріздендіру арқасында Қытай, Ресей, Польша, Түркия, Литва, Латвия және Қырғызстанның жетекші жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлық жүзеге асырылуда. 2016-2017 оқу жылы 42 студентпен салыстырғанда, 2017-2018 оқу жылы 133 студент шетелдік жоғары оқу орындарында оқыды. Ұлттық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында 140 студент семестрлік білім алды.

Университетішілік 7 қосдипломдық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Университеттің қосдипломдық білім беру бағдарламалары  Экономика Университеті (Быдгощ қаласы), Спорт менеджмент (Польша),  Кастомону университеті (Түркия), Тоңмён университеті (Пусан қаласы) (Оңтүстік Корея), Қытай мұнай университеті, Petroleum Engineering (Қытай), Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті, Қазан федеральдық мемлекеттік университеті, Магнитагорск мемлекеттік техникалық университеті, Оңтүстік Орал мемлекеттік университеті (Челябі) сынды шет елдердің жетекші жоғары оқу орындарымен келісім шарт негізінде жүзеге асырылады.

Алдағы уақытта жеке еуропалық университеттермен оқу бағдарламалық шарттар жасалу  көзделіп отыр.