Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің 50 түлегі трансұлттық компанияға жұмысқа шақырылды

Жұбанов университетінің 50 түлегі трансұлттық компанияға жұмысқа шақырылды

Бүгін Еуразиялық топ (ERG) өкілдері  Жұбанов университетінде дарынды жастарды сұранысқа ие мамандықтарға тарту мақсатында кездесу өткізді.  Кездесуге университеттің техникалық факультетінің 90-ға жуық студенті мен «Казхром» ТҰҚ» АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының басшылары қатысты.

Студенттермен кездесуде өндірістің білікті шеберлері мен ERG-дің HR мамандары сөз алды. Онда топ кәсіпорындарының өзге компаниялардан артықшылықтарына тоқталып, өндіріс ошақтарының алдағы жылдардағы даму бағыттарын тілге тиек етті. Шараға қатысқандар «ERG-дағы болашақ» бағдарламасымен таныстырып, кәсіпорын қызметкерлеріне ұсынылатын даму мүмкіндіктері мен компаниядағы жастар кеңестерінің белсендігін атап өтті.

«ERG-дағы болашақ» бағдарламасының артықшылығы ақылы тәжірибе, тәлімгердің тағайындалуы, жұмысқа орналасу, қызметте өрлеу жоспарын әзірлеу және кадрлар резерін енгізу.  Сондай-ақ, студенттерге Топ кәсіпорындарындағы сыртқы, ішкі ротация аясындағы қызметтік өрлеу, өсу мүмкіндіктері айтылды.

Бұдан бөлек, студенттерге сұранысқа ие мамандықтар туралы толық ақпарат берген «Казхром» ТҰҚ» АҚ перзиденті Арман Есенжолов «Бүгінде ERG алдына межелі міндеттер қойып отыр. Біз тек кәсіби білікті, дарынды ұжымға арқа сүйеген жағдайда ғана оған қол жеткіземіз. Біз өз қызметкерлерімізге кәміл сенімдіміз. Әрі біздің мыңдаған еңбек ұжымымызға мақсаткер, белсенді әрі жауапты жастарды қабылдауға қашан да даярмыз. Бүгінгі күні Жұбанов университетінің «Металлургия және тау-кен ісі», «Құрылыс», «Автокөлік және жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығының 50 студентін жұмысқа шақырып отырмыз»,— деді.

Кездесуде  Жұбанов университетінің түлегі, «Ақтөбе ферроқорытпа зауытының» директоры Жалғасбай Мұсабеков: «Еуразиялық топ тарихында тұңғыш рет осындай кездесулер бір мезгілде 23 жоғары оқу орнында өткізіледі. Мен «Қазхром» басшылығының Жұбанов университеті студенттерімен кездесу ұйымдастырғанын атап өткім келеді. Бүгінгі күні Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 4300 адам жұмыс істейді. Оның 800-і Жұбанов түлектері. Яғни, қызметкерлеріміздің шамамен 20%-ы сіздің университетті бітірушілер», — деді зауыт директоры.

Жалғасбай Берекетұлының айтуынша, зауытқа машина жасау және көлік мамандықтарының түлектері де жұмысқа орналаса алады. Ол сондай-ақ студенттерді нақты мансаптық өсуге бағыттап, болашақ мамандарға ағылшын тілін және жаңа технологияларды үйренуге шақырды.

Айта кетейік, Жалғасбай Берекетұлы 1997 жылы Жұбанов университетінің «Қара металдар металлургиясы» мамандығына оқуға түсіп, 2002 жылы «Инженер-металлург» біліктілігі бойынша үздік дипломмен бітірді. Еңбек жолын Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №2 балқыту цехында ферроқорытпа балқытушысы қызметінен бастады. Әрі қарай кәсіби шеберлігін шыңдай отырып ол өндіріс шебері, өндірістік-техникалық бөлімінде инженер-технолог, кейін бөлім бастығының  орынбасары болып істеді.  Одан кейін  «Казхром» ТҰК» АҚ техникалық даму департаменті бастығының орынбасары лауазымы қызметіне көтеріліп, абыройлы еңбегінің арқасында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры болып тағайындалды.

Кездесуде қызметкерлерге ұсынылатын әлеуметтік жеңілдіктер туралы да  ашық айтты. Өйткені,  бұл жұмысқа қабылдау барысындағы аса маңызды артықшылықтардың бірі. Олардың қатарында медициналық сақтандыру, тамақтандыру, жұмысқа алып келіп, кейін үйге жеткізу, жыл қорытындысында берілетін бонус, өндіріс мамандарының демалысына қосымша күндер қосып беру, санаторлық-курортты карталарды жеңілдетілген бағамен беру, ішкі және сыртқы тренингтер, Топтың тұрғын үй бағдарламасына қатысу мүмкіндігі бар.

Кездесу соңында компания басшылығы студенттердің барлық сұрақтарына жауап беріп, Топ кәсіпорындарында ашық есік күндері өтетіні және бизнес-кейстерді шешу байқауы ұйымдастырылатынын жеткізді.   Интеллектуалды сайыс жеңімпаздары мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ғылыми-техникалық конференцияға шақырту алмақ.

 

P.S.  Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында толық біріктірілген, әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі болып табылады. Төрт құрлықта орналасқан 15 елде Еуразиялық Топтың кәсіпорындары өз саласы бойынша ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. 2019 жылы Eurasian Resources Group Қазақстандағы бизнесінің 25 және Люксембургте орналасқан Басқарушы компанияның бас кеңсесінің 5 жылдығын атап өтпек. Қазақстандағы жоғары маркалы алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын Топ құрамында. сондай-ақ, мыс пен кобальт жеткізуші ірі компаниялар қатарында. ERG – Бүкіләлемдік экономикалық форум тұғырманамысында құрылған Аккумуляторлы батареялар секторына арналған жаһандық альянстың құрылтайшы-серіктесі.