Воскресенье, Июль 14, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жастардың республикалық форумы

Жастардың республикалық форумы

Жұбанов университетінде «Мен өз мамандығымның шебері болу арқылы мансабыма қол жеткіземін!» девизіндегі «Студент-түлек-маман» республикалық форумы басталды.

Республикалық форум Елбасының «Жастар жылы» аясында Қазақстан жастарына сапалы білім беру мен білікті маман дайындау, жастарды жұмыспен қамту және дуальді білім беру мәселелеріне арналды.

Аталмыш шараға  Қазақстанның 12 жоғары оқу орындарының өкілдері, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері, өндірістік кәсіпорындар, облыстық және қала әкімдігінің басшылары қатысты.

Форум қонақтары алдымен студенттерге арналған оқу орталықтарының жұмысымен танысып, Жұбанов университеті студенттерінің ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады.

Форумның ашылуында «Құрметті қонақтар, әріптестер, студенттер! Бүгінгі заманның ең көкейкесті тақырыптарының бірі де, бірегейі —  қазақ елінің сапалы мамандарын түлету болса, сол тақырыпты негіз етіп отырған отырған бүгінгі «Студент-түлек-маман» атты республикалық форумға қош келдіңіздер!», — деді Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков.

«Ел болашағы жастар болса, сол жастардың жақсы маман болуы дәл бүгінгі күні, қазақ елі үшін ауадай қажет құбылыс. Ал, сол жас маман өз елінің ұлтаны болар, қазағын сүйер қыз болып қалыптасса, тәуелсіз елдің көк байрағы мәңгілік желбірейтіні сөзсіз. Сол себепті де, біздің қарашаңырақтың кіре берісінде әл-Фарабидің мына бір сөзі  тегіннен тегін жазылып тұрған жоқ: «Тәрбиесіз берілген білім, ол –адамзаттың қас жауы». Демек, біз маман дайындаудан бұрын кісілік қасиетті бойына жинаған адам қалыптастыруымыз керек. Сол жақсы адамнан маман шығарсақ, университет миссиясының орындалғаны» деген университет басшысы жастарға мамандық таңдауда қателеспесе, сол жолда тынбай еңбек еткен адам биік белестерді бағындырып, ел құрметіне бөленетінін жеткізді.

Университет басшының айтуынша, қазіргі кезде Жұбанов университеті білім беру және өндірістік ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан.  Университеттің 40-қа жуық түлегі дуалды білім алған. Сондай-ақ, ынтымақтастық нәтижесінде университет студенттері 2 жыл бойы университеттегі мамандықтар бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебінде тәжірибеден өтеді. Қазір олар университет бітірген соң үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) бірден жұмыс істеуге дайын.

Жиында сөз алған Ақтөбе қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Сабыржан Сәдуақасов қазіргі кезде оқытудың дуальды жүйесі — техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі екенін айтып, серіктес оқу орнының жұмысына табыс тіледі.

Өз кезегінде Жұбанов университетінің техникалық факультетінің түлегі, «Energy Mart» ЖШС директоры Әмір Зине ұстаздарына алғысын жеткізіп, «Жұбанов университеті — Қазақстандағы сапалы маман даярлайтын университеттің бірі деп айтар едім. Себебі, студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруде университет базасында толық жағдай жасалған. Сондықтан, студенттерге айтарым сіздерде қазір білім алуға жақсы мүмкіндік бар», -деді.

Сонымен қатар жиында Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Үйрен-бөліс» жобасына қатысқан, университеттің «Химия» мамандығының 4-курс студенттері Ақнұр Биманова мен Марфуза Ағынова  өз тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетейік, форумда «Үйрен-бөліс» кабинетінің  ашылуы өтіп, пленарлық және секциялық мәжілістер, пікірталастар, университеттік турлар және ойын-сауық бағдарламасы  ұйымдастырылды.