Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жастар форумы өз мәресіне жетті

Жастар форумы өз мәресіне жетті

Жұбанов университетінің  Студенттер сарайында Елбасының «Жастар жылы» аясында  ұйымдастырылған «Студент-Түлек-Маман» форумының жабылуы өтті.

Форум нәтижесінде жаңа достар, жаңа идеялар, жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Форумға қатысушылар өз білімдерімен қатар тың идеяларын белсенді түрде  ортаға салды, тәжірибе алмасты, пікірталасқа түсті, қызықты мәселелерді талқылады.

Ал, форумның жабылуында республикалық деңгейдегі шараға  қатысқан Қазақстанның жоғары оқу орындарының өкілдеріне университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков сертификаттар табыстады.

Жиында университеттің Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры, доцент Бибігүл Әбенова сөз сөйлеп, «Аталмыш шара аясында өткізілген «Үйрен-бөліс» жобасында 300-ге жуық жастар қатысып, студенттер зерттеу жобаларын дайындауда бір-бірімен идеялар мен инновацияларды жүзеге асырудағы тәжірибелерімен бөлісті. Форумда Жұбанов университеті студенттері жетістіктерінің көрмесі, пленарлық және секциялық мәжілістер, «Үйрен-бөліс» жобасы, пікірталастар, университеттік турлар және ойын-сауық бағдарламасы өтті. Сондай-ақ, форум қатысушылары үшін Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері шеберлік сабақтарын өткізді. Мұның барлығы Жұбанов университетінің жұмысының жемісі деп ойлаймын»,- деді. Сөз соңында университет проректоры жастардың жастық шақтарын бос өткізбей білім алып, сапалы маман  болуға шақырды.

Форумға жиналғандар университеттің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының шығармашылық  концертін тамашалады.

Концерттік шара Құрманғазының «Балбырауын»  күйімен ашылды. Одан әрі  жиналғандар өнертану ғылымдарының кандидаты Абдрашид Райымбергеновтің жетекшілігімен «Ақ желең» ұлт-аспаптар оркестрінің, «Хореография» мамандығы студенттерінен құралған  «Гүлнар» би ансамбілінің өнерлерімен қатар,  университет түлектері Светлана Айтбаева, Дулат және  Рита Айтжановтардың өнерін тамашалады.

Жастар жылына орай өткен аталмыш шара қорытындысында  форум Үндеуі жарияланды.