Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті мен «ҚазТрансОйл» АҚ арасындағы алтын көпір

Жұбанов университеті мен «ҚазТрансОйл» АҚ арасындағы алтын көпір

Елбасы 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында жоғары оқу орындарында мамандарды даярлау сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Оқу орындарында білім беру сапасына қойылатын талаптар артып, түлектерді жұмысқа орналастыру университеттердің басты міндеті болуы керек деген болатын.

Осы орайда Жұбанов университетінде де кешенді іс-шаралар қолға алынды. Соның ең бастысы — студенттерді сұранысқа сай мамандықтар бойынша оқыту болып отыр. Бұл үшін өңірдегі және тұтастай республика аумағындағы іргелі кәсіпорындармен, сондай-ақ компаниялармен тиісті келісім-шарттар жасалған. Бүгінгі күні олардың алдыңғы тізбегінде  «ҚазТрансОйл» Акционерлік қоғамы алдыңғы орында тұр. Соған орай күндізгі бөлім студенттерінің ақылы кәсіби практикасын ұйымдастыру мен өткізу бойынша бірлескен және келісілген іс-әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында  «ҚазТрансОйл» АҚ мен Жұбанов университеті арасында ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қойылды.

Университеттің  Кәсіби даму мансап орталығының ұйымдастыруымен өткен жиынға техникалық факультетінің 100-ге жуық студенті мен «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Орал Идырысов бастаған компания өкілдері қатысты.

Басқосуда бәсекеге қабілетті мамандар дайындау үшін жастарға қандай мүмкіндіктер берілуі керек, жан-жақтылық, адами қасиет, біліктілікті арттыру, кәсіби тәжірибені тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Екіжақты кездесу барысында университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков қонақтарды жылы қарсы алып,   университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырды.

«Жұбанов университеті — облыста студенттерінің саны жағынан алғашқы орында тұрған жоғары оқу орындарының бірі. Университетте білім алушылар саны жыл сайын артып келеді, қазірде университетімізде 13 мыңнан астам студент, магистрант, докторант білім алады. Оның 1821-і биыл университетті  бітіріп шығады.  Университет аккредитациялау және рейтинг жүргізу жөніндегі тәуелсіз агенттіктің рейтингі бойынша 12-інші орыннан 7-інші орынға тұрақтады. 13 мамандық бойынша ең жоғарғы көрсеткіште бірінші орында тұрған болсақ, енді үздік үштікке  кірген білім беру бағдарламаларына 19 мамандық еніп отыр. Болашақта бұл жетістігімізді баянды етіп, халықаралық рейтингтерде де лайықты орындардан көріну үшін жұмыс жасайтын боламыз», — деді.    Сондай-ақ,   оқу орынының басшысы  Жұбанов университеті келесі жылы 85 жылдық мерейтойын тойлайтынын жеткізді.

«Облыстағы 230 өндіріс орындарымен, түрлі меншік формасындағы мекемелер және білім беру ұйымдарымен келісімшарттар жасалды. Өндіріс базасында 47 кафедра филиалы құрылды. Филиалдарда дуальдық оқыту элементтері енгізілген 30 білім бағдарламасының 27 пәні бойынша практикалық, зертханалық сабақтар өткізіледі. 29 практик-маман оқу процесіне тартылып отыр. Білім бағдарламалары жұмыс берушілердің қатысуымен жасақталады. Бұның бәрі – университет пен өндірістің кәсіби білікті мамандар дайындау ісіндегі ортақ мүддесін білдіреді. Болашақ мамандарды кәсіби шыңдау мақсатында жүргізіліп жатқан бұл шаралар еңбекке орналастырудың кепілі деп есептейміз», — деді ректор.

Бауыржан Аманкелдіұлы  өңірдің нарығына қажетті бәсекеге қабілетті жоғары кәсіби білікті мамандар даярлауда тәжірибе алмасу, өзекті мәселелердің шешімін қарастыру екендігін айта отырып, осы мақсатқа қол жеткізу үшін білім беру процесін өндіріспен байланыстырудың маңыздылығы зор екенін атап өтті.

Айта кетсек, Жұбанов университетінде ақылы негізде ұйымдастырылатын кәсіби практика жазғы кезеңде жүзеге асырылады. Студенттердің ақылы кәсіптік практикасын ұйымдастыру және өткізу бойынша жол картасы әзірленген. Қазіргі таңда  техникалық факультетінің «Көлiк, көлiк техникасы және технологиялары», «Мұнай-газ ісі», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығының 3-курс студенттерінің 20 студенті алғашқы ақылы практикадан өткелі отыр.

Басқосуда  «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Орал Идырысов: «Біз жоғары өндрістік межеге кәсіби біліктілігі жоғары мамандарға арқа сүйеген жағдайда ғана жете алатынымызды жақсы түсінеміз. Әрі мыңдаған адам қызмет жасайтын үлкен де, іргелі кәсіпорынға мақсаткер, өршіл, талабы биік, жауапкершілігі жоғары жастарды қабылдауға қашан да әзірміз»,- деді. Сөз соңында Орал Армияұлы университет басшылығының жылы қабылдауына ризашылық көңілін білдіріп, студенттерге ақжол тіледі.

Студенттер жұмыс берушілерге жас мамандарға қойылатын талаптар, жұмыс тәртібі, қайта даярлау, әлеуметтік кепілдік, жеке қасиеттер жөнінде сауалдарын жолдады. Өз кезегінде  Орал Идырысов  өндіріс орнында болашақ мамандардың құқықтары мен міндеттерін және де жұмысқа тұру барысында кездесетін қиындықтарды атап өтті. Сондай-ақ, ол өндірісте киіммен қамтамасыз ету, медициналық сақтандыру, тегін тамақ берілетіні жайлы да тілге тиек етті.

Кездесу барысында қос тарап басшылары екі жақ серіктестігін одан әрі дамыту мәселесін талқылап, компания басшысы  университеттің техникалық факультетінде «ҚазТрансОйл» АҚ мамандандырылған кеңсесін ашуды ұсынды.

Өткізілген басқосуда жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы алтын көпір ретінде  ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге  қол қойылды.