Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > «БҰҰ моделі» конференциясы

«БҰҰ моделі» конференциясы

«Үйрен-бөліс» жобасы аясында Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесіп қаладағы және облыстағы 30 мектептің қатысуымен Жұбанов университетінің шетел тілдері факультетінде ағылшын тіліндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Моделі конференциясы өтті. Конференция барысында «Интернет: құпиялылық және сөз бостандығы!» тақырыбы талқыланды.

Осы сессияның сарапшылары ретінде әлемдік сарапшы және Senior Expert Serviсе  әлемдік ұйым өкілі Хелга Фишер және Кениядан келген Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқытушысы Дэвид Мити болды.

Конференция бірнеше кезеңде өткізілді, соңында олар нәтижелерді қорытындылап, шешім қабылдады. Барлық қатысушыларға сертификаттар берілді. Олардың ішіндегі үздіктері түрлі номинациялар бойынша дипломдармен марапатталды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі — ғылыми конференция мен рольдік ойын синтезі болып табылады, оның барысында БҰҰ-ның бірнеше ресми тілдерінде студенттер мен жоғары сынып оқушылары осы ұйымның жұмысын жаңғыртып, дипломатиялық, көшбасшылық, шешендік және тілдік дағдыларды иеленеді және ымыраға келу қабілетін игереді.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы Моделі Клубы» алғаш рет Америка Құрама Штаттарында пайда болды. Американдық колледждердің студенттері АҚШ Сенатының жұмысын модельдеуге кірісті. БҰҰ-ның ескі моделі 1953 жылы Гарвардта өткізілді. Қазіргі уақытта ұқсас модельдер (негізінен БҰҰ модельдері) бүкіл әлем бойынша: Ұлыбритания мен Франциядан Қытайға және Мысырға таралды. Еуропадағы негізгі модельдердің бірі — Гаагадағы (TEIMUN) Еуропалық халықаралық моделі.